Әлеумет

Басқару ісін баяндап берді

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен елордада «Bilimmen bolis» атты жобаның басталғанын өткен нөмірле­ріміздің бірінде жазған едік. Соның аясында жа­қында елімізге белгілі қоғам қайраткері, Аста­надағы Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың басқарушы комитеті төрағасы Әлихан Байменов дәріс оқыды.

«Мемлекетті басқару мен футболдың ұқсас жағы бар. Әлемдегі миллиардтаған адам өзі футбол ойнамаса да, үйінде отырып алып футболшыларды сынайды. «Ана жерде пас беруі керек еді, мынаны қорғаныстан гөрі шабуылға қоймай ма?!» деп. Мемлекетті басқару ісі туралы да көп кісі осылай пікір айта алады. Яғни екеуі де – қоғамда үлкен толқу тудыратын нәрселер» деп сөзін бастаған спикер мемлекеттік басқаруға қатысты пайым-парасатын ортаға салды.
– Біз әл-Фарабиді танығанмен, оның еңбектерін онша оқымай­мыз. Осыдан он жеті жылдай бұрын Испанияның Қазақстан­дағы сол кездегі елшісі менен «Сіздер әл-Фарабидің суре­тін теңгелеріңіздің бетіне шығар­дыңыздар. Әл-Фараби атындағы университеттеріңіз бар. Ал қанша қазақ соның еңбегін оқыды?» деп сұрады. Оның бұлай сұ­рауының мәні, Батыста әл-Фарабидің еңбегін көп адам біледі. Жалпы, мемле­кеттік басқаруды, саясаттануды, әлеу­меттануды оқығысы келетін адам әл-Фарабидің еңбектерімен танысуы тиіс. Ол қайырымды басшының бойында болуы керек он екі қасиет жайлы жан-жақты жазған. Бұдан бөлек, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінде» де мемлекетті басқару ісіндегі маңызды тұлғалардың міндеттері туралы өте терең талданады, – деген Ә.Байменов бұдан соң неліктен кейінгі уақыттары елімізде мемлекеттік басқару туралы зерттеулердің толастап қалғанын сөз қылды.
– Бұл мәселеде біздің ұзақ жылдар бойы кеңес үкіметінің қол астында болуымыз қатты әсер етті. Кеңес үкіметі қорғанысқа қатысы жоқ салалардың түгелге жуы­ғында әлемдік үдерістен оқшауланып қалды. Сол шақта ең беделді саналатын оқу орындарының бірі Мәскеудегі автомобиль-жол институтының өзінде докторлық жұмыстарын қорғап жатқандардың ғы­лыми жаңалықтарын «Мерседес», «Тойота» сияқты компаниялар 20-30 жыл бұрын ашып қойған. Бірақ сонда да оларға комиссия мүшелері «Ей, сен бұрын біреудің жасап кеткен нәрсесін несіне айтып тұрсың?» деп сөйлемейді. Өйткені шетелмен қарым-қатынас орнатпағандықтан, өздеріне де ол таныс емес. Мұндай проблема мемлекеттік басқару саласында да болды. «Мемлекетті басқару ісінің мамандарын дайындау – ғылымның емес, партияның ісі» деп түсінген Орталық комитеттегілер менедж­мент сияқты мамандықтардың ашылуына, бұл бағыттағы ғылыми зерттеулердің жазылуына қатты қарсылық білдірді, – деп баяндап берді.
Жиын барысында Ә.Байменов Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Швейцария елдерінің мемлекеттік басқару тәжірибелеріне де тоқталды. «АҚШ-тың екінші президенті туралы «Джон Адамс» атты телесе­риал көрдім. Отандық телевизия пайдасыз сериалдардың орнына осындай дүниелерді көрсетсе, халықтың қазіргі қажеттілігін өтер еді» деген ұсынысын да айтты. Бұдан кейін спикер Қазақстандағы мемлекеттік басқарудың бүгінгі жай-күйі мен проблемаларын сипаттады. Оның айтуынша, елімізде кадрларды іріктеу бойынша әділдікке әлі де баса назар аудару қажет.
Еске сала кетсек, мұндай дәріс­терді тың­­­дағысы келген кез келген кісі шараға тегін қаты­са алады. Ал қандай да себеппен келе алмай қалғандар үшін лекцияның бейненұсқасы YouTube желісіне жүк­те­леді.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button