Таным

БАЯН БАТЫР ЖӘНЕ ОНЫҢ ТАРИХИ ДӘУІРІ

Изображение 005

Дәл осы тақырыпта 11маусым күні ҚР Мемлекет тарихы институтының, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті.

Тереңнен тамыр алған тарихымызды өзімізге де, өзгелерге де таныту үшін қазақ тарихында өшпес орны бар Баян батырдың тұлғасына қатысты тың деректер алмасу және Отан тарихы ғылымының ілгері дамуы мақсатында өткен іс-шараға келген қонақтардың қарасы аз болмады.

Тарихтың қойнауын ақтарсақ, қай-қайсысымыздың да жетінші-сегізінші аталарымыз батыр болып шығады. Себебі, ХVІІІ ғасыр – батырлық дәуірлеген заман, Ш.Уәлиханов айтпақшы, қазақтардың «рыцарлық кезеңі» болған заман, қазаққа ғана тән билер институты қалыптасқан заман. Атақты шығыстанушы, этнограф В.Радлов өз күнделігінде: «Егер ХVІІІ ғасырдағы зұлматты жылдарды қазақтан басқа ұлттың басына берсе, ол халық жойылып тынар еді» деп жазған екен.
Бұл дөңгелек үстелде тек қана Баян батыр емес, оның айналасындағы Қанжығалы Бөгенбай, Ер Жәнібек, Бәсентиін Малайсары, Жанатай секілді батырлар мен Қанай шешен, Бұқар, Тәтіқара, Үмбетейдей жыраулар туралы, кіл мықтыны тани білген, қасына жинай білген хан Абылайдың көрегендігі сөз болды. Солтүстік Қазақстан облысынан арнайы келген Зейнолла Олжабаев ақсақал Батыр Баянның руына байланысты қызықты дерек айтты. Орта жүздің алты арысының бірі Уақтың шын есімі Жанар болған екен. Жеті айлық боп туып, тымаққа салынғандықтан, Уақ аталып кетті деседі. Ал, Булаево қаласының атауы да қазақтың «Былай» сөзінен шыққанын біреу білсе, біреу білмейді.

Батыр Баян туралы бізге белгілі туындылардың бірі – М.Жұмабаевтың поэмасы, енді бірі – поэма желісімен түсірілген С.Тәуекеловтың көркем фильмі. Ш.Уәлихановтың мақалаларында да Баян батырдың ержүректігін, ақылдылығын Абылай ханның жоғары бағалағаны туралы деректер келтірілген. Баянның батырлығын жастар арасында насихаттау үшін бұл –теңізге тамған тамшымен тең. Осы орайда ғалымдар патриоттық сезім деген сөзді жалаң түрде емес, іспен дәлелдейік деп, Баянның ержүректілігі, батырлығы жайында мультфильм түсіру, Батыр Баянға арнап, мүшәйра ұйымдастыру, романдар жазу, ұлттық мұражайдан батырға бұрыш арнау сынды бірқатар ұсыныстар айтты.

Батырларымызды ұлықтау жолында атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Азаттық жолында қаза болған, қазақтың бағына біткен батыр ұландары жайлы «Тарихшылардың ұлттық конгресі кітапханасы» сериясымен бірнеше тарихи кітаптардың шығатынын Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Бәтташұлы хабарлады. Бұған қоса, Баян батыр қорының президенті Мақсұт Нәрікбаев биылғы шілде айында Павлодар қаласында Батыр Баян ескерткішінің тұсаукесері өтетінін, бүгінгі дөңгелек үстел сол жерде жалғасын табатынын айтты. Ескерткіш авторы – Едіге Рахмадиев.

Айжан Қасымова,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button