Денсаулық

МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Медицина қызметкерлерінің мерекесіне орай Астанадағы №1 қалалық ауруханада мерекелік іс-шара болып өтті.

Мерекелік жиынға Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айгүл Сегізбаева, Астана қаласының мәслихат депутаты Қаршыға Құлмұханов, Астана қаласының Ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Сыздықов және басқалар қатысты.

Жиынды ашқан басқарма басшысы Айгүл Кимқызы ақ желеңді абзал жандарды төл мерекесімен құттықтай келе, оларға Астана қаласы әкімінің «Құрмет грамоталарын» тапсырды. Бұл марапаттауға Астана қаласының медицина қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Бахытжан Тәжібай мен №2 қалалық емханасының рентгенолог-дәрігері Ерлан Есіркеп ие болды. Бұдан өзге, медицина саласындағы жетістіктері үшін ҚР Премьер-министрінің алғысхаты №1 қалалық емхана нейрохирургилық бөлімінің басқарушысы Ерлан Қалиевке табысталды. Ал Астана қаласының әкімінің алғысхатын 7 дәрігер еншіледі. Сондай-ақ, әріптестері арасында біліктілігімен көзге түскен ақхалаттылар «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» және «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгілерімен марапатталды.

Жыл сайын елордада «Ең үздік маман» байқауы өткізілетіні белгілі. Биыл бұл сайысқа 9 дәрігер мен 5 медбике қатысыпты. Астана қаласының жедел медициналық жәрдем қызметінің дәрігері Асқар Каушураев бәрінен озық шығып, бірінші орынды иеленді. Ал екінші орын Жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі Ләззат Аяшеваға бұйырса, үшінші орынды №2 қалалық балалар ауруханасы қабылдау-диагностикалық бөлімінің дәрігері Амур Жанпейсов алды. Ал №1 қалалық ауруханасы шұғыл хирургиялық бөлімшесінің мейірбикесі Индира Әбішева «Ең үздік медбике» байқауының үздігі болып танылды. Екінші орынды Республикалық санитарлық авиация орталығының фельдшері Марат Рақымжанов алса, үшінші орынды Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының медбикесі Гүлсім Балтабаева еншіледі.

Салтанатты рәсімнен кейін №1 қалалық ауруханасы бас дәрігерінің хирургиялық ісі жөніндегі орынбасары Ғалия Абежанова елорда медицинасының жетістігіне тоқтала келе, хирургия саласындағы табы­­с-тар көп екенін атап өтті. Мысалы, осында 2 бауыр, 3 бүйрек трансплантациясы жасалған. Келесі аптада үшінші рет бауыр ауыстыру операциясы жасалады деп жоспарланып отыр. «Елорда дәрігерлері заманауи медициналық аппараттардың тілін меңгеріп, шет мемлекеттерде тәжірибеден өтуінің өзі – үлкен жетістік» дейді Ғалия Абежанова.

Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты.

Бота ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button