Басты ақпаратЭкономика

БЕЙБІТ ӨМІР – ӨСІМ КЕПІЛІ

Кеше үш күнге созылған VII Астана экономикалық форумының аясында өткен дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференцияға ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, баяндама жасады. «Соңғы түйенің жүгі ауыр» демекші, үш күндік жиынның Елбасы қатысқан негізгі басқосуына Болгарияның 1997-2002 жылдардағы басшысы, Ғаламдық диалог және ынтымақтастық орталығының (CGDC) президенті Петр Стоянов жетекшілік жасады. Конференцияның басында ол елордада өтіп жатқан форумның ғаламдық проблемаларды шешу жолында оң ықпал танытатынына сенімді екенін айтты.

«Алдымен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымды білдіргім келеді. Ол осы шараның өтуіне қолдау көрсетіп, дүние жүзіндегі адамзат тағдырына бей-жай қарамайтынын дәлелдеді. Осы жеті жыл ішінде форумға әлемнің көптеген елдерінен 40 мыңға жуық адам қатысты. Олардың бәрі бірдей ортақ мекеніміз болып табылатын жер шарындағы жаһандық мәселелердің шешілуіне бір адамдай атсалысты. Экономикалық және саяси шиеленістер туралы пікірлер алмасып, қиындықтарға қарсы тұра білді. Дегенмен, басымыз қанша рет қосылса да, әлі де жауабы жұмбақ күйінде қалып отырған мәселелердің бары анық. Солардың бірі – экономикалық дағдарыс. Ол бүгінгі күні күллі адамзаттың бас ауруына айналған. Соңғы кездері тұрмыс жағдайы қарқынды түрде дамыған елдердің өзінен кері кетушілікті байқауға болады. Шикізат өндірісі бәсеңдеп, жұмыссыздық белең алды. Осының бәрі экономика саласын дұрыс реттемеудің әсерінен болып отыр.

Соның кесірінен түрлі елдерде әлеуметтік қақтығыстар орын алып, тұрақтылыққа зиян келтіруде. Сондықтан, әр мемлекет жеке-дара емес, басқалармен де санасу арқылы экономикалық реттеулерді жүзеге асыру керек» деген Петр Стоянов Нұрсұлтан Назарбаевтың Санкт-Петербург қаласында өткен «Үлкен жиырмалық» саммитінде «G-Global» жобасын ұсынғанын, қазіргі уақытта оның дұрыс бағыт екенін алға тартты. Бұдан бөлек, Болгарияның экс-президенті форумның әлемдік деңгейдегі диалог өткізіп тұрудың таптырмас алаңына айналғанына қуанатынын білдірді.

Бұдан кейін мінбеге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көтеріліп, форумның негізгі мақсаты мен Қазақстанның даму бағытына байланысты әңгіме қозғап және Қазақстанның жаһандық проблемаларға көз жұма қарамайтыны туралы баяндады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы форумның өңірлік пікірталас алаңынан халықаралық экономикалық деңгейдегі айтулы оқиғаға айналғанын атап өтті.

«Форумның ұсыныстары мен идеялары Қазақстанның 2013 жылғы қыркүйекте өткен «Үлкен жиырмалық» саммитіне қатысуы кезінде айтылды. 4 миллионнан астам пайдаланушы қатысатын «G-GLOBAL» жаһандық диалогы жөніндегі виртуалды алаң табысты жұмыс істеуде. Бүгінгі форум ауқымы кеңдігімен ерекшеленеді, ол 150 елден келген 10 мың қатысушының басын қосты. БҰҰ қолдауымен Астана форумы аясында Дағдарысқа қарсы Екінші дүниежүзілік конференция өтті» деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы тағы бір сөзінде жаһандық ең ауыр қаржы-экономикалық дағдарысты жаңа ғана басынан өткерген әлем тағы да қайта құлдырауға ұшырауы мүмкін екенін айтты.

Мемлекет басшысы әлемнің кейбір елдерінде болып жатқан саяси қақтығыстарға оң қабақ танытпайтынын айта келе, «Қазақстан әсіресе жетекші державалардың жаһандық ядролық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі диалогының тоқтап қалу ықтималдығына алаңдаулы. Ол ядролық қауіпті азайту бағытындағы соңғы он жылдағы жетістіктерді жоққа шығаруы мүмкін. Бізді Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Украинадағы қақтығысты шешудегі дәрменсіздігі алаңдатпай қоймайды. Мұның бір себебі – 2010 жылғы Астана саммитінен кейін де ЕҚЫҰ-ын реформалау жөніндегі әңгімеге ұйымның басшылығы көрсетіп отырған саяси немқұрайлылық» деді.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті бүгінде кейбір елдер өткен ғасырлардан мұраға қалған, дау-жанжалды шешуде күш қолдану әдістерін теріс көрмейтініне алаңдаушылық білдірді.

«Бұл басқалар үшін де қауіпті құбылыс болып табылады, мемлекетаралық дауларды шешу мәселесінде әділетсіздік формаларына жол бергендерді байқап жүрміз. Қазақстан санкциялық саясатты қолданудың іс жүзінде жаһандық ауқымда еркін сауда және нарық қағидаттарын жоққа шығаратынына алаңдаушылық білдіреді. Мұндай тәжірибе халықаралық қарым-қатынастарда ешқашан ұтымды болмағанын айта кетейін. Ол жаһандық экономикалық өсімді анық шектейді, жаһандық әділетті энергетикалық жүйені қалыптастыруға кедергілер туғызады» деген Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік құрылымның жақсаруына деген үміттерге қарамастан, ХХІ ғасырдың басы қауіптер мен жаңа сын-қатерлерге толы болып шыққанына жіті назар аударды.

«Қазіргі уақытта алты жыл бұрын басталған қаржы дағдарысы жойылып біткен жоқ. Керісінше, жылдар өткен сайын ауқымы ұлғайып, зияны артып келеді. Ал адамзат әлемдік дамудың мүлде жаңа жобасын күтуде. Осы туралы мен 2009 жылы-ақ «Дағдарыстың кілті» және «Бесінші жол» деген мақалаларымда ашық айтқан едім. Бұл соңынан жаңа әлем пайда болуы тиіс, әлемдік өсудің ескі үлгісінің дағдарысы екенін уақыттың өзі-ақ көрсетіп отыр. Біз соның қарсаңында тұрмыз» деді Елбасы.

Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбае­в бұл форум әлемдегі инклюзивтік өсуді дамыту мен оған жағдай жасау турасындағы халықаралық пікірталасқа өз үлесін қосатынына сенім білдіретінін жеткізді. Сонымен қатар, экономикалық форумның барлық қатысушыларына жемісті жұмыс тіледі.

Қазақстан Президентінен кейін Малайзия мемлекетінің премьер-министрі Наджип Абдул Разак форум қатысушыларына арнап сөз сөйлеп, «Соңғы 30 жылдың ішінде жаһандану қарқыны барынша үдей түскені белгілі. Жұмыссыздық деңгейі төмендеп, кедейшілікпен күрес шаралары күшейтіле түсті. Мұнымен қатар, жаһандық экономика бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орната білді. Бірақ жаһандық деңгейдегі қауіп-қатерлердің алдын орап, оларға қарсы күрес жүргізуіміз қажет. Экономиканың негізгі тетіктері бірлесе отырып, әлемге ортақ нарықтың шамадан тыс былыққа батуына жол бермеуі тиіс. Яғни, болуы мүмкін жағымсыз жағдайлардың алдын алуымыз керек. Бұл ретте жаһандық экономиканың Азия тәжірибесінен мол үлгі алуына мүмкіндігі бар екенін баса айтқым келеді» деді. Оның айтуынша, жаһанданудың теріс ықпалы мол болды. Сол себепті, экономикалық мәселелерді шұғыл арада бірлесе отырып шешу керек.

Алқалы жиын барысында БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун форумға қатысушыларға арнап бейнежолдау арқылы сөз арнады. Ол өз сөзінде «Әлемдік экономика алты жыл бұрынғы жылғы қаржылық дағдарыстан кейін ақырындап қалпына келуде. БҰҰ-ның экономикалық болжамына сенсек, бәрі жақсы. Дегенмен, әлі күнге дейін көптеген күрделі мәселелер бар. Әсіресе, жастар арасындағы жұмыссыздық бәрімізді алаңдатады. Осы ретте, мен үкіметтерді тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін жұмыс орындарын құруға бағытталған іс-шараларды қабылдауға шақырамын» деп бүгінгі таңда БҰҰ өзара байланыс­ты негізгі үш басымдықты айқындап отырғанын жеткізді.

«Біріншісі – кедейлікпен күрес және өмірді сақтап қалу мақсатын жүзеге асыру болса, екіншісі – 2015 жылдан кейінгі дамудың жаһандық күн тәртібін қалыптастыру. Ал, үшінші басымдық климаттық өзгеріс саласында келісім қабылдауға бағытталған. 23 қыркүйекте Нью-Йорк қаласында климат мәселелеріне арналған саммит өткізуді жоспарлап отырмыз» деді БҰҰ Бас хатшысы.

Бұдан бөлек, жалпы отырыс барысында әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс ауанындағы өзекті қауіп-қатерлерге қарсы тұру тетіктеріне қатысты өз көзқарастарын БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің президенті Мартин Сайдик және Нобель сыйлығының лауреаты Мухаммад Юнус ортаға салды.

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button