Рухани жаңғыру

Берел қорғаны құпиясы

Шығыс өңірінің археологиялық ескерткіштерін зерттеу жұмыстарының тамыры тереңде жатыр. Ең алғаш болып зерттелген ескерткіш – Берел қорымы тарихи-мәдени мұраға өте бай.

Ол сонау 1865 жылы алғаш рет археолог-ғалым В.Радлов жүргізген зерттеулерден бастау алды. В.Радловтың зерттеулері «1865 жылғы Берел даласындағы, Бұқтырманың жоғарғы сағасынан алыс емес жердегі қазба жұмыстары» атты архео­логиялық зерттеудің жазбасында толық сипатталған. Бұқтырмада алтайлық феномен – тоң басқан қорған табылған. Бес метр тереңдікте жатқан қабірдің оңтүстік бөлігі ағашпен, солтүстігі қайыңның қалың қабығымен жабылған. Қайыңның қабығын алғанда, ғалым солтүстік бөлігінен аттардың (жылқының) сүйектерін көреді.
Барлығы 16 ат (жылқы) болды. Барлық аттардың бастары шығысқа қаратылып – 4 аттан, 4 қатар орналасқан. Алдыңғы қатардағы 8 аттың ауыздығы темірден жасалған және ағаш пен қабықтан ойылып, жұқа алтын фольгалармен қапталып, арнайы жасалған салпыншақтармен әсемделген.
Қорымның шығыс және батыс бөліктерінен ғалым төрт тақтайдан құралған қима тауып алған. Қима ішіне қарағайдан жасалған табыт орналасып, табыт қабықпен көмкерілген. Табыттың төрт бұрышында мыстан құйылған құстар орнатылған. Әр құстың бір қанаты көтеріліп, ал енді біреуі төмен қаратыла орнатылған. Ағаш төсеудің астынан тағы бір ат және жерленген адам мүрдесінің қалдықтары, адам сүйектерінің жанынан тағы да бірнеше мыстан және алтыннан жасалған пластиналар табылған.
Зерттеулерге қарағанда, бұл қорған ертеде тоналған. В.Радлов Берел қорғандарының жеті қорымын осылайша зерттеді. Осы бір ескерткіштен табылған тамаша жәдігерлер Ресей астанасы Мәскеу қаласының Мемлекеттік тарихи музейінің «Радловтың жеке коллекциясы» залында тұр.
1959-1963 жылдар аралығында Мемлекеттік Эрмитаж (Ленинград қаласы) С.Сорокиннің басқаруымен Оңтүстік-Алтай археологиялық экспедициясын ұйым­дастырды. Экспедиция Үлкен Берел қорғандарын толығымен зерттеп, Бұқтырманың жоғарғы тұсындағы: Күрті және Таутеке өзендерінің қосылысындағы қорғандарды ашты.
1935 жылы КСРО Ғылым академиясының «Материалдық мәдениет тарихи» инситутының С.Черников басқарған экцпедициясы құрылып, 1937-1938 жж. Шығыс Қазақстан облысында қалайы, мыс, алтын өндірген кен орындарын зерттеді. Зерттеу нәтижесінде ежелгі кен орындарының қола дәуіріне тән екені жөнінде пікір білдірді. Бұл ғылыми зерттеулер нәтижесінде ғалым кен өндірісі қола дәуірінен бастау алады деген тұжырым жасады. Көпжылдық ізденістерден кейін ғалымның «Восточный Казахстан в эпоху бронзы» атты еңбегі жарыққа шықты.
Ал Шүлбі су электр стансасы құрылысы басталардан бұрын 1980-1983 жылдар аралығында А.Максимова, кейіннен С.Ақынжанов жетекшілік еткен Шүлбі археологиялық экспедициясы жұмысын жалғастырды. Кең ауқымды археологиялық ізденістер кезінде тас, қола, темір, ортағасыр­лық көшпенділер ескерткіштері және петроглифтерді зерттеу ісі қамтылды. Экспедиция құрамында Ж.Таймағамбетов, З.Самашев, Ю.Трифонов, А.Ермолаева сынды археолог ғалымдар еңбек етті. Осы бір ғылыми зерттеу нәтижесінде кең көлемді еңбек жарыққа шықты. Бұл Патшалық Ресей мен КСРО кезінде зерттелген археологиялық ескерткіштер және жарық көрген монографиялардың бір ғана бөлігі.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері отыз жыл өтті. Осы уақыт аралығында Шығыс Қазақстан облысының археологиялық зерттеу жұмыстары өтте қарқынды даму үстінде.
1998 жылы белгілі археолог З.Замашевтың зерттеу жұмыстары, құпияға толы Берел қорымы ғылымға жаңа серпіліс әкелді. Олай деуіміздің себебі 13 жирен жылқының сол қалпында сақталып, бүгінгі күнге жетуі.
Жылқыларға пәнаралық зерттеу­лер жүргізіліп, 13 жылқының әр аймақтан келгендігі анықталды. Сондай-ақ жылқылардан түрлі жыртқыш бейнесіндегі аң стилінде жасалған жәдігерлер табылды.
Осы тылсым құпияға толы «Берел» ескерткіші аумағында 2008 жылы Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында республикалық тарихи-мәдени музей-қорығы ашылды.
Араға жылдар салып, ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай өткен «Алтай-Түркі халықтарының алтын бесігі» атты конференция аясында №11 оба орнына «Күн шыныдан салынған» ашық аспан аясында музей ашылды. Қазіргі таңда бұл музей алыс-жақын шетелдік қонақтардың көзайымына айналуда.
Шығысымыздың тағы бір бұрышында «Шілікті» атты элиталық қорым бар. Ол қорымнан тәуелсіздік тарихындағы үшінші «Алтын адам» табылды.
2018 жылы «Елеке сазы» патшалар жазығынан «Атын киімді сақ бекзадасы» табылды. «Елеке сазы» патшалар жазығынан Түркі даласында «Ежелгі Түркілердің Шивээт Улаан» ғұрыптық кешеніне ұқсас, еліміздегі бірегей «Елеке сазы түркі дәуірінің ғұрыптық» кешені ашылады.
Шығыс өңірі – бірнеше тарихи мәдениеттердің тоғысқан жері. Түркі дәуірінің ескерткіштері: Қазақ Алтайындағы Қарақаба қорымы, Аян-Түйетас қорымдары, Шыңғыс тау қорымы, жаңадан ашылған Көкен тау қорымы. Осы бір құт қонған Шығыс өңірінен табылған археологиялық мұраларымыз, еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтан шаһарындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі төріндегі экспозициялардың ажарын кіргізуде.
Шығыс Қазақстан археологиялық ескерткіштерін зерттеу барысында бірнеше кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды. Қазір де бірнеше докторлық диссертациялар жазылуда. Бұл өңірдің археологиялық ескерткіштері құпияға толы болғандықтан, әлі де ашылмаған қырлары көп. Алдағы уақытта да жарқын жаңалыққа толы зерттеулердің куәсі болатынымызға сенімдіміз.

Арман ҚҰРМАНҒАЛИЕВ,
ҚР Ұлттық музейі
археология және этнография
бөлімінің қызметкері

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button