Білім

Білім ұяларында – бейнебақылау

Астана қаласы орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржан Қайырбаева адами капиталдың сапасын арттыруда білім беру жүйесінің орнын атады.

– Астана қаласында 326078 оқушыны қамтитын 653 ұйым жұмыс істейді. Оның 242-сі – мемлекеттік, 411-і – жекеменшік білім ордасы. Білім беру жүйесінің инфра­құрылымын дамыту үш ауысымды және бала саны шамадан тыс мектептердің санын азайтуға бағытталуда. Бүгінде оқушы саны шамадан тыс 18 мектеп және үш ауысымды 8 мектеп бар, – деді М.Қайырбаева.

Үш ауысымды және бала саны шамадан тыс мектептердің санын азайту мақсатында 22750 орынға арналған 11 мектеп салынуда. Оның 2-еуі 1 қыркү­йекте пайдалануға берілсе, қалғаны оқу жылының ішінде есігін ашады. 2021 жылы екі ауысымға 31412 орынға арналған 15 мектеп іске қосылды. Оның 4-еуі мемлекеттік мектеп болса, 7-еуі жеке инвестиция есебінен және 4-еуі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде бой көтерді.

– 2026 жылға дейін «Жайлы мектеп» жобасын іске асыру бойынша үш тетік қарастырылды. Олар: бюджеттік инвестиция, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында және дайын ғимаратты сатып алу рәсімі бойынша жүргізіледі. Бюджеттік инвестиция аясында екі ауысымда 90 мың орындық оқушыны қамтитын 24 мектептің құрылысы көзделген. Құрылыс, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасымен бірлесіп, қадамдық қолжетімділік қағидасы бойынша жаңа мектеп салуға 102 жер телімі қаралды, – деді құзырлы ведомство өкілі.

Жаңа мектептерді салып қана қоймай, қолданыстағы білім ордаларының материалдық-техникалық базасын жаңарту – маңызды іс. Биыл 37 білім беру ұйымына (15 мектеп, 21 балабақша, 1 колледж) күрделі және ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілді. Білім сапасын арттыруда пәндік кабинеттерді заманауи талапқа сәйкестендіру керек-ақ. Осы бағытта қала мектептеріне жаңа модификациядағы 51 пәндік кабинет (химия, физика, биология) сатып алынды.

– Мектептерде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылы қосымша бейнебақылау мен турникет сатып алынды. Бүгінде барлық білім ұйымдары 100 пайыз бейнебақы­лаумен қамтамасыз етілді және Ішкі істер департаментінің жедел басқару орталығына қосылды. Мемлекет басшысының «Оқуға құштар мектеп» жобасын іске асыру аясында білім беру ұйымының кітапхана қоры көркем әдебиетпен толықты. Кітап­ханалардың ин­терьерін қайта жобалау бойынша жұмыс жалғасуда. 36 (37,5 пайыз) мектепте кітапхана қайта жаңартылып, оқырмандарға арналған коворкинг аймағы ашылды. Бүгінде барлық мектеп 100 пайыз оқулықпен қамтамасыз етілді, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Интеллектуалды ұлт қалыптастыруда қосымша білім беру орталықтарына сұраныс жоғары. Жауапты басшы осы бағыттағы жұмыстарды баяндады.

– Қалада 11 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді, олар тек білім алушылардың 76,8 пайызын ғана қамтиды. Оқушыны қосымша біліммен қамтуды ұлғайту мақсатында осы жылы қадамдық қолжетімділік қағидаты бойынша 4500-ден астам баланы қамтитын 5 қосымша білім беру ұйымы өз жұмысын бастады.

Қыркүйек айында «Теміржолшылар» кентінде 1 мыңнан аса баланы қамтитын әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының және «Көктал» тұрғын үй алабында 600 баланы қамтитын М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайының филиалы ашылды.

Оқушыларды шығармашыл, дарынды жеке тұлға ретінде жетілдіру мақсатында Шахмат федерациясымен бірлесіп, қаланың барлық мектебінде шахмат үйірмесі ашылды, – деді ол.

Елордалық 20 мектептің базасында ресурс­тық орталық пен инклюзияны қолдау кабинетінің жұмысы ұйымдастырылып, жүйеленді.

Білім беру ұйымдарында 20000-нан астам педагог жұмыс істейді. Болжамды дерек бо­йынша 2026 жылға дейін педагогтарға қажеттілік 7120 адамды құрайды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button