Басты ақпарат

Бірлігі жарасқан тәуелсіз елім бар…

Бірлік пен этносаралық келісімнің жарқын мерекесіне орай Нұр-Сұлтан қаласында түрлі іс-шара ұйымдастырылып, Қазақстан халқының бірлігі күнін елордалықтар да ерекше көңіл күймен атап өтті.

[smartslider3 slider=2858]

Мерекелік іс-шараның басым бөлігі ашық алаңдарда өткізілді. Осылайша елорданың төрт алаңында да шығармашылық ұжымдар мен қала әртістерінің қатысуымен концерттік бағдарламалар өтті. Концерттер ЭКСПО алдындағы алаңда, Demalys Promenade және Студенттер саябағында, сондай-ақ Орталық саябақтың амфитеатрында ұйым­дастырылды.

«Студенттер саябағында ­Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Наз» мемлекеттік би ­театрының әртістері қонақтарға концерттік бағдарлама ұсынып, өз шығармашылығын паш етті. Осындай мүмкіндік тудырғаны үшін қала әкімдігіне алғысымызды білдіреміз. Концерт көпұлтты халқымыздың достығы мен бірлігін қолдау, Қазақстанда тұратын барлық этностардың өнері мен мәдениетін көрсету мақсатында өткізілді» деп атап өтті «Наз» мемлекеттік би театрының әртісі Сұлтан Болатбекұлы.

Мереке қонақтары концертке бүкіл отбасыларымен келді, тіпті өтіп бара жатқан жұрт та қосылып, тамашалады.

«Біз ЭКСПО-ға жақын маңайда тұрамыз, балалармен бірге серуен­деу үшін аулаға шыққанбыз. Бірақ қасымызда концерт өтіп жатқанын естіп, осында келейік деп шештік. Бүгінгі ауа райы да тамаша, бірлік күнін атап өтуге барынша мүмкіндік беріп тұр. Сонымен сыртқа шығып, қаланың өзге тұрғындарымен бірге әртістеріміздің шығармашылығын тамашалап, өзге ұлттардың мәдениетімен таныстық» деп өз әсерімен бөлісті елорда тұрғыны Роза Бодеева.

Астаналық Алена Карпованың көңіл күйі керемет. Мереке күні ол да қуанышын жасыра алмады.

«Қала тұрғындарына осындай көңілді концерт өткізгені үшін ұйымдастырушыларға айтар алғысым шексіз. Жұрт мерекелік көңіл күйде, бәрі мәз-мейрам. Концерт өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Әртістермен бірге би билеп, көңіл көтердік, ересектер үшін де, балалар үшін де қызықты болды. Барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтаймын! Аспанымыз әрдайым ашық, әр отбасында амандық болсын!» деді ол.

Сонымен қатар ЭКСПО маңындағы алаңда спорттық-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылды. Қала тұрғындары ұлттық спорт түрлері бойынша, нақтырақ айтқанда, асық ату, армрестлинг, арқан тарту және гір тасын көтеру бойынша жарыстарға қатысты. Үздіктерге сыйлықтар тапсырылды.

«Баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын! Осындай мереке күні халық оркестрінің концерті ұйымдастырылып, оның репертуарында түрлі елдердің композициясы, әлемдік музыканың жауһарлары шырқалды. Ұйымдастырушыларға көп-көп рақмет, тіпті ауа райы да мерекелік көңіл күй сыйлап тұр» деді қала тұрғыны Светлана Шинкарук.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button