Жаңалықтар

Биыл 20 мыңға жуық мемлекеттік қызметші қайта даярланады

мем

Астанада ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрі Талғат Донақовтың төрағалығымен бірінші жарты жылдықтың қорытындыларына арналған кеңейтілген алқа мәжілісі өтті.

Алқа мәжілісінде алдымен Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев жариялаған Ұлт жоспа­рындағы бірінші институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі жұмыс қорытындылары пысықталды.
Елбасының кәсіби мемлекеттік аппарат құруға байланысты жүктеген тапсырмаларына сәйкес, биылғы жылдың басынан бастап мемлекеттік қызмет саласы қайта жаңарып, жаңа заң қабылданғаны белгілі. Бұл өзгерістер экономикалық реформаларды сапалы іске асырып қана қоймай, сыбайлас жемқорлықпен күрес шараларын күшейтуге де ықпал етуде.
Атап айтқанда, биыл елімізде мемлекеттік қызметтің конкурстық іріктеуге негізделген мансаптық моделі енгізілген болатын. Тек қана мемлекеттік қызметшілердің арасында өткізілетін ішкі конкурстар институты енгізілгелі бері лауазымдарға тағайындалған қызметшілердің саны өткен жылмен салыстырғанда 16,4 %-ға өскен. Ал, мемлекеттік қызметшілердің түрлі мекемелер арасында алмасуы екі есеге төмендеген.
Мемлекеттік  қызмет істері  вице-министрі Нұрлан Ыбырайымның айтуынша, министрлік пен аумақтық департаменттер мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша жұмыстар атқарып келеді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде бұл жұмыстың тиімділігі артты. Мәселен, мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімдерін бұзу 4 есеге төмендеген.
Сонымен қатар министрліктің ба­қы­лау уәкілеттілігін жүзеге асыру шеңберінде Мемлекеттік қызмет заңнамасын сақтау саласында 351 тексеріс жүргізіліп, 345 заң бұзушылық анықталған. Тексеру нәтижелерінде 114 азаматтың құқы қорғалған.
Бұған қоса, мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қалпына келтіру бойынша шаралар қабылданған. Мәселен, мемлекеттік мекемелерге заңға кереғар қа­был­данған шешімдердің күшін жою үшін 138 ұсыныс енгізілсе, 39 бұйрықтың күші жойылған.
Тәртіптік жазаға тартылған қызмет­ші­лердің де саны азайып отыр. Былтыр ал­ғаш­қы жартыжылдықта 163 қызметші тәртіптік жазаға тартылса, биыл Әдеп кодексінің нормаларын бұзған қыз­мет­шілердің саны – 115.
Жиында мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттыру тәжірибесіне де көп көңіл бөлінгені айтылды. Мәселен, жыл басынан бері 8000-нан астам адам қайта даярлау мен біліктілігін арттыру курстарынан өткен. Жалпы, биыл 20 мыңға жуық қызметшіні оқыту көзделуде.
Мемлекет басшысының Ұлт жос­па­рындағы 100 нақты қадамның ал­ғашқы бөлімі мемлекеттік аппараты кәсібилендіру қажеттігіне назар аудартады.  Ендеше, осы қадамды орындау мақсатында атқарылған құқықтық стандартқа негізделген мемлекеттік қызмет, кәсіби мемлекеттік аппарат құруды көздейді.

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button