Басты ақпарат

Біз қандай жетістіктерге қол жеткіздік?

Сонау еліміздің тағдыры шешілген 90-жыл қазақстандықтардың жадынан өшпейді. Өйткені елдің болашақтағы тағдыры шешілетін сәтте аса маңызды шешім қабылданды. Ол шешімді Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады. Тәуелсіз Қазақстанның болашаққа секіріс жасау үшін қол жеткізген жетістіктері өте көп. Біз, қазақстандықтар, қандай жетістіктерге қол жеткіздік? Соған келейік.

Тұңғыш болу – ­үлкен міндет

Біріншіден, жаңа мемлекет құрылды. Қазақстанның мемлекеттілігі кешегі қираған КСРО империясының орнында тұрғызылды. Ең алдымен, нарық экономикасының тетіктері қалыптасты. Тұрақты экономикалық өсім қамтамасыз етілді. Шекарамызды шегендедік.
Қазақстан Орталық Азиядағы өңірлік көшбасшы, сыртқы сая­саттағы үдерістердің беделді және толыққанды мүшесі ретінде мойындалды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдаған «Қазақстан-2030» Стратегиясы мерзімінен бұрын орындалды. Бұл Стратегия еліміздің әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруді қамтамасыз етті. Еліміз екі жаһандық экономикалық дағдарыстан аман өтіп, өзінің бақуаттылығын дәлелдеді.
Тәуелсіздіктің таңы атқан күннен бастап бейберекеттікке, қайыршылыққа, қоғамның жікке бөлінуіне, азаматтық соғысқа, этносаралық және дінаралық қақтығыстарға, қылмыстың жайылуына, «бандиттік» және «олигархиялық» капитализмге, елді халықаралық жанжалдарға тартуға, «түрлі түсті» төңкеріс­тер сценарийі бойынша қоғамдық-саяси сілкіністерге, мемлекетті шетелдік несие берушілерге тәуелділікке, экономикалық құлдырауға, ұзаққа созылған жаһандық дағдарыстардың әсерінен болатын тоқырау мен құлдырау­ға жол берілген жоқ.
Сарыарқаның төрінен қазақ халқының жаңа елордасы бой көтерді. Астана еліміздің барлық өңірлерін дамытатын якорьға айналды. Гүлденген Астана өзге өңірлерді өркендетуге жол ашты. Жаңа елордамен қатар біртұтас ұлт – Қазақстан халқын қалыптас­тыру жүзеге асырылды. Астана күллі қазақстандықтарды бірлікке, ынтымаққа, дамуға бастайтын ұлттық идеяға ұлас­ты. Осылайша жаңа елорда мен егемен елдің келешегі ешқашан бөлінбейтін біртұтас ұғымға айналды.
Елдің экономикалық табыс­тары және халықтардың тең құқықтары қағидаттарымен бекітілген ұлттық бірлік қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, ел азаматтарының әл-ауқатын арттыру үдерісі жылдам жүргізілді. Орта тап пен ұлттық кәсіпкерлік қалыптасты. Ең бастысы, әлеуметтік тұрақтылық, этносаралық және конфессияаралық келісім салтанат құрды. Бұл – барша қазақстандықтардың ең үлкен бақыты.
Екіншіден, тәуелсіздік жылдарында қазақстандық дамудың өзгеге ұқсамайтын моделі құралды. Стратегиялық жоспарлардың негізінде (мемлекетті құру және дамыту Стратегиясы (1992), «Қазақстан-2030» Стратегиясы (1997), «Қазақстан-2050» (2012) еліміздің орнақты дамуы мен өсімі қамтамасыз етілді. Тарих үшін қас-қағым сәт болып саналатын мерзімде Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына қосылды.
Тәуелсіздікті алған күндерден бастап Елбасының жанына ілесіп, әртүрлі қызметтер атқарған мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков: «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасының жанында жүрдім. Жан-дүниесін сездім, сыртқа білінбейтін ішкі тебіреністерінің бәріне куә болдым. Тәуелсіздігімізді алған күннен бастап-ақ Нұрсұлтан Назарбаев азат мемлекетті түбегейлі орнықтыру жолына көшті. Ол үшін бізге қажетті нәрсе тыныштық еді. Бәріміз білетіндей, тәуелсіздіктің алтын тұғыры етіп елімізді мекендеген халықтардың ынтымақ, бірлігін алды. Бұл туралы қазақта мақал-мәтел жетіп жатыр. Менің ойымша, бізде ынтымақ, бірлік болмаса, бақ-береке де болмас еді. Бүгінгідей жағдайға жете алмас едік. Тәуелсіздік орнағалы бері Елбасымыздың жасағанына, айтқанының шындыққа айналғанына бұрынғы халқымыз шығарған таңғажайып ертегілер жете алмай қалды! Адам айтса нанғысыз!» деп еске алады.
Мырзатай Жолдасбеков Елбасының тәуелсіздіктің таңы атқаннан-ақ Қазақстанның өз даму жолын іздегенін айтады. «Тыным таппай, шарқ ұрып әлемді аралады. Шынтуайтына келсек, «Елім үшін!» деп бұ кісінің жарты өмірі аспанда өтіп келеді. Өзі барған мемлекеттің бұрынғысын да, бүгінгісін де түгел зерттейді. Дүние жүзіндегі дамыған елдердің бәрінде болды. Азия елдеріне көбірек барды. Соның ішінде Қытай мен Малайзияға жиі ат басын бұрды. Кезінде артта қалған малайлардың қалайша алдыңғы қатарлы мемлекетке айналғанын зерттеді. Малай елінің басшысымен өте жақсы қарым-қатынас жасап, малайлардың даму жолын тереңірек білуге ұмтылды. Бірақ басқа бір ұлттың өткен жолы бізге келмеуі мүмкін ғой. Менталитет, тарих, дәстүр, жол басқа деген сияқты. Бірақ Нұрекең: «Қайтсек те өз даму жолымызды табамыз» деген ал­дына мақсат қойды. Көп ұзамай «Қазақстан жолын» тапты. Шынтуайтына келсек, ешкім мін таға алмайтын, күмәнданбайтын, бұралаңы жоқ, қиындығы көп, келешегі зор осы даңғыл жолды таңдадық. «Назарбаев моделінің» дұрыстығын, даралығын, өміршеңдігін қазір бүкіл әлем мойындап отыр» дейді ол.

Енді не істеуіміз ­керек?

Мұндай сауал әрбір қазақстандықты ойландыратыны сөзсіз. Ең бастысы, Нұрсұлтан Назарбаев ел басқарған осынау 30 жылда Қазақстанның қол жеткізген табыстарын бүкіл әлем мойындады. Елбасы билікті сеніп тапсырғаннан кейін таңдап алынған даму бағдарынан айнымауымыз қажет. Ол үшін жаһандық сын-қатерлерге дер кезінде үн қатамыз десек, «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырып, мемлекет билігінің институттарын нығайта беруге тиіспіз.
Бұл орайда, Қазақстанды же­тілдіріп, елімізді әлемдегі қуатты, заманауи елге айналдыру ең басты мақсат болып қалады. Елбасы елді қалай дамытудың барлық бағдарларын анықтап берді. Мәселен, «Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» бес институционалды реформасы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын алайық. Бұл жоспарлар елімізді одан әрі мемлекет ретінде дамытуға, сондай-ақ Қазақстанның Үшінші модернизациясы бағытынан таймауға үндейді.
Екіншіден, мемлекеттің дамуына жаңа қарқын беретін кез келді. Яғни тек қана табиғи ресурстардың есебінен емес, технологиялық секіріс есебінен дамуға ұмтылуымыз керек. Қуат­ты ұлттық экономиканы өркендету ең басты міндет бол­мақ. Қазақстанның ұлттық мүд­десін әлемдік трансформация және жаһандық сілкіністер (ЕАЭҚ, ДСҰ, ЭЫДҰ, «Жаңа Жібек жолы» жобасы) кезеңінде қорғау аса маңызды. Сонымен қатар, «Қазақстан-2050» Стратегиясын мүлтіксіз жүзеге асыруды қамтамасыз ету арқылы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы стандарттарына сәйкес, әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына сенімділікпен кіреміз. Ол үшін экономикалық даму бағдарымыз мұнай және шикізаттық дағдарыстардан, ғаламдық нарықтардың тұрақсыздығынан, тоқыраудан және жаһандық экономикалық орталықтардың өсімінің әлсіреуінен тысқары, бөлек бағытта қамтамасыз ету міндеті қойылады.
Ең бастысы, еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктерін «тонауға» және елді артқа сүйрейтін саясатқа жол бермеуіміз керек. Екіншіден, Орталық Азиядағы бізге ықпалы бар әлеуметтік сілкіністер мен ұлтты бөлшектеу сияқты саясаттан аулақ болғанымыз жөн. Сайып келгенде, барша қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі мен оның сапасын төмендетуге, сондай-ақ адам капиталын әлсіретуге бас­тайтын барлық қауіп-қатерлерден сақ болуға тиіспіз.
Елбасының қазақстандық мем­лекеттіліктің саяси, эко­но­ми­калық және әлеуметтік негізін қалау­дағы сүбелі үлесін жас ұрпақ әлі толық зерттеп, зерделеп, санасына сіңіретін күн алда. Ұлт көшбасшысының саяси аренадағы ең басты ерекшелігі – үнемі алға жүріп, елді дамудың жаңа кезеңіне жеткізу. Яғни бүгінгі Қазақстанның басты бағдары осы болып қала береді.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button