Қала мен Сала

БОЛАТБЕКТІҢ БАҚШАСЫ ЖАЙҚАЛЫП ТҰР

ERA_8467

Жасарып жатқан жас қаламызда, баршаның бейілін бұратын бас қаламызда жылыжайлар жиыны жылдан-жылға жиілеп жатыр. Жылыжайлар санының артуы алыс-жақын шетелдерден жеміс-жидек, көкөніс өнімдерін тұтынып тұратын бас қаладағы бұқара үшін пайдасы зор. Жақында шаһар шетінде, шығыс беткейінде орналасқан осындай жылыжайлардың бірінде болып, қияр өсірудің қызығы мен қызанақ баптаудың қиын тірлігімен жете танысқан едік.

Жылыжай салу, ол жерде өсірілген өнімдерді халыққа тарату қыруар жұмысты талап етері сөзсіз. Жеке кәсіпкер Болатбек Жолановтың бір жыл бұрын жер сатып алып, биылғы жаз жартылай құрылыс жұмыстарын жүргізген 2,7 гектар жерінде 8 бірдей жылыжайы жұмыс істеп тұр. Күніне қияр мен қызанақты қоса есептегенде 350-420 килограмм өнім беретін жұмыс орнында 34 адам қызмет етеді.

Жылыжайдан жиналған өнімдер ешқандай алыпсатар мен делдалдарсыз базарға тікелей жеткізіледі. Кәсіпкер сөзіне сенер болсақ, сұраныс мол. Себебі, бұл жерде өсірілген өнімдер автоматтандырылған қондырғысыз, ешқандай химиялық қоспасыз, тек күннің қуатымен, қара топырақтың құнарымен мерзімінде пісіп жетіледі. Шаһардың шалғай шетіндегі жылыжайда израильдік тамшылатып суару технологиясы қолданылады. 5200 шаршы метр аумақтағы өсімдіктерді суару үшін 5 күнде 10 тонна су жұмсалады екен.

Бұл істі Болатбек Жоланұлы осыдан он жыл бұрын ойға алған Флорида штатының Орландо қаласында іссапармен жүргенде жылыжайда бақша баптаудың қыр-сырымен танысады. Алғашқыда аязы ақырған, қысы қытымыр, жазы жайсыздау Арқаның төсіне жылыжай салу өзінің де, жақындарының да сенімсіздігін тудырады. Бұл жерге шалғай жерден тонналап топырақ тасу, көкеністі мелдектете суару бастапқыда ауырға соққанымен, ерінбей еңбек етуінің еш еместігін, қарекетінің халыққа қажеттігін ұғып, өз қаражатына құрылыс жұмыстарын жүргізіп, талмай талаптанады. Бүгінде сол табан ақы, маңдай терінің жемісін жеп жатқан жайы бар.

«Мұнда негізінен Голландиядан әкелінген қызанақтың «Мая» атты ерекше түрі өсірілуде. Қызанақтың ерекше түрі бір маусымда, яғни, үш айда 2 метрге дейін өсіп, әр түптен 10-12 килограмм өнім береді. Келесі маусымда орнына басқа көшет отырғызылады. Үздіксіз өнім алу науқанын ойластырып жатырмыз. Келесі жылдың тамызына дейін осындай он шақты жылыжай саламыз. Алдағы уақытта тағы басқа да жылыжайларды іске қосып, лимон, құлпынай секілді жеміс-жидектерді өсіру ойымызда бар. Қызанақ пен қияр өсірілетін жылыжайлар санын артырып, Астана халқын жыл он екі ай бойы жеміс-жидекпен, көкөніспен қамтамасыз етіп отырғымыз келеді» дейді Болатбек.

Оның айтуына қарағанда, жылыжай өнімдері қара халықтың қалтасы көтеретіндей орташа бағамен базарға шығарылады. Ал түскен пайда бөлігі жылыжайда жұмыс істейтін жұмысшыларға үлесті түрде бөлінеді. Болашақта барынша бейілді жұмыс істеу үшін мемлекет тарапынан көмек көрсетілсе, ойластырған шаруаларының алға басатынына бек сенімді екенін де жасырмады.

Біздің қала тұрғындары үшін мұндай бастаманың ауадай қажеттігін айттық. Осы күнге дейінгі атқарылған жұмыстар келешекте белгілеген мол мақсаттардың бір бөлігі ғана. Күз мезгілінде алыс-жақыннан алыпсатарлар арқылы жеткізілетін жеміс-жидек пен көкөніс бағасы көптің көкейінде жүрген түйткілді мәселе. Біздің айтпағымыз, «алыс­тан арбалағанша, жақыннан дорбаланың» жосығымен өз өңіріміздің құнарлы топырағында қаулап өсіп-өнген өнімді тұтынсақ, саннан да, сападан да ұтылмас едік.

Қуат ҚИЫҚБАЙ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button