Басты ақпарат

Кәсіп ашу – масылдықтан арылу кілті

Елорда әкімдігінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын талқылауға арналған қала активінің отырысы өтті. Жиынды ашып, жүргізіп отырған Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Жолдаудан туындап отырған маңызды міндеттерді жүзеге асыру бағыттарына тоқталды.

КӘСІПКЕРЛЕРГЕ АШЫЛҒАН ЗОР МҮМКІНДІК

Қала әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыты етіп алған сабақтастық ұғымының мәнін тағы бір мәрте көрсеткенін, бұл Жолдау Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саясатының заңды жалғасы екенін атап өтті.
– Қазақстан Президенті негізгі басымдықты әлеуметтік саясатқа, кәсіпкерлікті дамытуға және ха­лық­тың әл-ауқатын көтеруге ба­ғытталған маңызды мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға арнады. Жолдауда елімізбен қатар қаламыздың тұрақты дамуы, экономикалық өсімі, халықтың денсаулығы мен білімінің сапасы, руханияты мен мәдениетінің дамуы қамтылған. Елорда болған соң бізге жүктелер міндет те, артылар сенім де айрықша. Ең басты міндет – ел болып біріге еңбек етіп, қарқынды дамуды күшейте беру. Жолдаудың мәні де, мақсаты да осында деп білемін, – деді А.Көлгінов.
Президенттің ел экономикасын дамыту туралы бірқатар тапсырмаларына тоқталған қала әкімі Нұр-­Сұлтан қаласы қазақстандық экономиканың локомотиві болып отырғанын атап өтті. Елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінің тұрақты өсуі байқалып отырғанын айтып, соның негізгі көрсеткіштеріне тоқталды.
– Мемлекет басшысы «жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді» деп атап өтті. Алғашқы үш жылда микро және шағын бизнес субъектілері салықтан босатылатынын есепке алсақ, сондай-ақ кәсіпкерлерді, олардың қатарындағы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды үш жылдық мерзім бойы тексеруге тыйым салынатынын ескерсек, бизнесті бастауға және кеңейтуге жақсы мүмкіндіктер бар. Кәсібін ашамын деген азаматтарға осы Жолдау зор мүмкіндік ашады. Себебі, мемлекет бизнеске қолдау көрсетіп, Ұлттық қордан 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлетін болды. 3 жылға дейін салықтан босату туралы айтылды. Бұл – масылдықтан арылудың кілті әрі кәсіпкерліктің дамуына барынша жасалған жағдай. Жұмыс істеймін дейтін азаматтарға қолдау көрсетеміз. Жаңадан ашылған «Жанұя» орталығы аз қамтылған отбасыларды, мұқтаж азаматтарды оқытуға, тренингтерді өткізуге және жұмыспен қамтуға мүмкіндіктер береді. Бұған қоса, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының базасында немесе «Даму» сияқты басқа да бизнесті қолдау орталықтары арқылы қолдау көрсетеміз. Нұр-Сұлтан қаласында 124 мыңнан астам орта және шағын бизнес өкілдері қызмет етеді. Бұл көрсеткішті мемлекеттің қолдауы арқылы одан әрі арттыруымыз қажет, – деді Алтай Көлгінов.

АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕКТІ КІМДЕР АЛУ КЕРЕК?

Елордада 6820 отбасыға атаулы әлеуметтік төлем тағайындалды. Тиісті төлем 5801 отбасыға, соның ішінде 3274 көпбалалы отбасыға төленді. Бұған жалпы алғанда 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Сондай-ақ, «Жаппай оқыту» қорынан мектеп формасын сатып алуға әрқайсысы 30 мың теңгені құрайтын 11 мыңнан астам сертификат берілді. Осыны атап өткен қала басшысы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға мониторинг жүргізу бойынша жергілікті комиссия құрылғанын айтты.
– Мониторинг қорытындысы бо­йынша табыстарын жасырғаны үшін 339 отбасыға төлем тоқтатылды. 968 отбасыға төлем мөлшері қайта қаралды. Жалпы алғанда 1314 отбасының өтініштері қабылданбады. Себебі олар оның шарттарына сәйкес келген жоқ. Атаулы әлеуметтік көмек мұқтаж азаматтар қатарына жататын отбасыларға төленеді. Мүліктерін жасыратын, әдейі ажырасатындарға емес. Біз адамдарды жұмыспен қамту үшін барлық жағдайларды жасап жатырмыз. Атаулы әлеуметтік көмек алатындар кейіннен жұмысқа тұрулары керек. Бұл көмекті алудың бір шарты осы. Осы істе барынша жәрдемдесеміз, – деді
А.Көлгінов.

ОҢТАЙЛАНДЫРУ НЕ БЕРЕДІ?

Қала әкімі Жолдаудағы квазимемлекеттік сектордың қайтарымын арттыру, соның ішінде мемлекеттік компаниялардың санын қысқарту туралы Мемлекет басшысының тапсырмасы елордада қалай жүретініне және қалаға не беретініне тоқталды.
– Квазимемлекеттік секторды оңтайландыру аясында «Astana» ӘКК» АҚ желісі бойынша кәсіпорындар саны 24-тен 14-ке немесе 42 пайыз­ға қысқарады. Осы арқылы жылына 2 млрд теңгеге дейін үнемдейміз. Яғни басқа кәсіп­орындардың жұмысын қайталап орындайтын бір ғана «Астанаэнергосервис» акционерлік қоғамын жойғанда 1 млрд теңге үнемделеді. Бұл қаржы қыс маусымына керек техниканы сатып алуға бағытталады. Себебі елорда қысының қандай қатал екенін білесіздер. Қазіргі қолда бар техникамен танысқанымызда, олардың ескіргеніне көз жеткіздік. Сондықтан ішкі резервті, квазимемлекеттік сектордан үнемделген қаржыны пайдалы істерге бағыттаймыз, – деді қала басшысы.

ҚОЛЖЕТІМДІ БАСПАНА ҚҰРЫЛЫСЫ ҮШ ЕСЕГЕ АРТАДЫ

Алтай Көлгінов Президенттің тұрғын үй кезегінде тұрған аз қам­тылған және көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту тапсырмасы елордада қалай жүретінін тарқатып өтті. Оның айтуынша, келесі жылы бас қалада қолжетімді баспана құрылысы үш есеге артады.
– Елорда үшін жалға бері­летін баспана кезегі мен «Ба­қытты отбасы» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен тұрғын үй қарызын алу кезегінде тұрғандарды есепке алудың ұлттық бірыңғай жүйесін енгізудің маңызы зор болып отыр. Бұл жүйе ашықтыққа негізделеді. Жыл сайын кезекте тұрған адамдардың саны өсіп жатыр. Мысалы, жаздың басында 46 мыңдай болса, күз басталғанда 47,5 мыңға жетті. Бұл мәселені шешу үшін келесі жылы қолжетімді баспана құрылысы үш есеге артады. Қазір тиісті дайындық жұмыстары басталды, – деді қала әкімі.
Әкімдік қолжетімді баспана құрылысын жеке инвестициялар есебінен арттыруды көздеп отыр­ғанын айтқан А.Көлгінов бюджет қаржысына ғана сүйенбейтіндерін жеткізді.
– Күні кеше ғана қалада екінші үй құрылысы комбинаты іске қосылды. Онда цифрлық технология­лар мен модульді құрылыстың заманауи әдістері қолданылады. Бұл комбинат қолжетімді баспана құрылысына өзіндік үлесін қосады, – деді қала басшысы.
Оның айтуынша, осы жылы қала бюджетінде 1500 тұрғын үй сертификатын беруге 1,5 млрд теңге қарастырылған. 500 сертификат жұмыс істейтін азаматтарға, 1000 сертификат көпбалалы, толық емес және мүгедек бала тәрбиелеп отыр­ған отбасыларға арналады. Бұл көмек Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жеңілдікпен несиелеу аясында беріледі.

ЖАҢА НЫСАНДАР БОЙ КӨТЕРЕДІ

Елордада ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін екі бейімдеу орталығының құрылысы бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Сонымен қатар тұрғын алаптарда төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады. А.Көлгінов осы маңызды жұмыстың мән-жайын да тарқатты.

– Президент ерекше қажеттіліктері бар адамдарға тең жағдайлар жасау міндеттерін белгілеп, балаларға арналған шағын және орта бейімдеу орталықтарын кеңейтіп, оларды жақын жерден ашу туралы тапсырма берді. Бұл мақсаттарға Үкіметке үш жылдың ішінде 58 миллиардтан кем емес мөлшерде қаржы бөлу тапсырылды.
Қазіргі кезде біз орталық мемлекеттік органдармен бірге екі бейімдеу орталығының құрылысы бойынша жұмыстарды қолға алдық. Оның біріншісі жеке инвестиция­лар есебінен, екіншісі бюджет қаржысына салынады. Олардың территориясы анықталып, тиісті жер телімдері берілді.
Бұқаралық спортқа жағдай жасау үшін қала орталығынан шалғай орналасқан тұрғын алаптарда төрт дене шынық­тыру-сауықтыру кешен­дері құрылысын жоспарлап қойдық. Бұған қоса, тұрғын алаптарда спорт алаңдарын салу жұмысы жалғасады, – деді Алтай Көлгінов бұл туралы.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button