Мәдениет

«Чаривни Джэрэла» қос ұлттың арасын жалғап жүр

«Оберег» украин қауымдастығының жастар қанаты «Чаривни Джэрэла» – отансүйгіштікке үндеп, славян халқының салт-дәстүрін кейінгі буынға үйретуге айрықша атсалысып жүрген маңдайалды жастар ұйымы.

Жастар қанатының мүшелері тарихи отаны – Украинамен тығыз қарым-қатынаста. Жыл сайын Одессада өтетін «Все мы дети твои, Украина» балалар және жасөспірімдер фестиваліне, қазақ-украин бизнес форумына қатысып тұрады. Киевте өткен VI Дүниежүзілік украин форумында, екі ел арасындағы жас журналистер форумында жастар саясатына қатысты талқылауларға үн қосты.
Жетекшісі Анастасия Тимощенко-Боровик: «Жалпы, біздер жастар мәселесіне белсенді араласамыз. Мысалы, біздің жастар қанатының мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген отырысында «Конституциялық реформаның ұзақмерзімді міндеттерін жүзеге асыру – жастар қызметінің басым бағыты» деген тақырыпта баяндама оқыды. Бұдан бөлек, жастар ұлтаралық татулыққа, елордаға, жемқорлыққа қарсы күреске арналған түрлі деректі фильмдер мен бейнероликтерге жиі түседі» дейді.
«Чаривни Джэрэла» жастар қанаты Ассамблея ұйымдастыратын көптеген байқауларда жүлдегерлер қатарынан жиі көрінеді. Мысалы, төл мәдениет пен салт-дәстүрге арналған үздік бейнетаныстырылым байқауында соңғы бірнеше жыл қатарына 1, 2-орын алып келді. Ал жастар қанатының мүшесі Екатерина Захарчук биыл «Мисс Ассамблея» сайысында 3-орын алып, «Көрер­мен көзайымы» сыйлығына ие болды.
Үлкенге ізет-құрмет көрсету жағынан украин достарымыз жарап тұр. Жастар Астана қаласындағы қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік орталыққа, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйіне барып халдерін сұрап тұрады. Жеңіс күніне орай ардагерлер, тыл еңбеккерлері үшін ұйымдас­тырылған қайырымдылық шараларының қай-қайсысынан да қалыс қалған емес.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы ел ішіндегі барлық қайырымдылық шараларын Ассамблея аясында өткізуді ұсынған болатын. Біз осы бастамаға өз үлесімізді қосып келеміз. Атап айтсақ, «Чаривни Джэрэла» жастары «Караван милосердия» «Ризашылық» шараларына атсалысты. Одан бөлек, SOS балалар қалашығына барып, балалармен көңілді шаралар өткізіп тұрамыз, – дейді Анастасия Юрьевна.
Анастасияның өзі балаларға қолданбалы-сәндік өнерінен тегін шеберлік сабағын өткізеді. Сонымен қатар, тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасы балаларын табиғатқа, қаладағы музей, көрме орталықтарына экскурсияға жиі алып шығады. Бұл ретте жастар қанатының ұйымдастыруымен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалалар Украинаның Судак қаласындағы халықаралық «Артек», «Молодая гвардия» лагерьлерінде әрі денсаулықтарын түзеп, әрі демалып қайтқанын да айтпай кетуге болмайды.
«Чаривни Джэрэла» жастар қанаты ұлтаралық және конфес­сия­аралық татулық пен келісімді ұдайы насихаттап жүреді. Мектеп оқушыларымен, студенттермен кездесу барысында қазақ халқы мен украин халқы арасындағы тарихи байланыс тамырлары туралы тағылымдық дәрістер оқиды. Жыл сайын Халықтар достығы фестивалінде, Украин ұлтының ұлы перзенті, кобзарь Тарас Шевченко атындағы оқуларда өнер көрсетеді; Петр Яцик атындағы украин тілі білімінен халықаралық байқау­ға, «25 Слов» интеллектуалдық ойынына, «Соняшник» украинтану сайыстарына қатысып, бірнеше мәрте дипломдармен марапатталды.
Тек украин халқының емес, қазақ халқының мемлекет тарихы мен мәдениетін танытуға да атсалысады. Харьков қаласындағы «Бірлік» қазақ қоғамымен біріге отырып, екі ұлттың арасындағы мәдени байланыстарды, достық қарым-қатынасты дамытатын шараларды жиі ұйымдастырады.

Әділбек ЖАПАҚ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button