Басты ақпарат

ДЕЛЬФИЙ ОЙЫНДАРЫ ТӘМАМДАЛДЫ

Өткен аптада елордамызда VII Дельфий ойындары мәреге жетті. Оған дүниежүзінің 16 мемлекетінен келген 800-ге жуық өнерлі жастар қатысты. Барлығы 19 аталым бойынша бақ сынасқан бәсекелестер өздерінің алғырлығы мен тапқырлығын ортаға салды.

Бұл ойынның қатысушысы атанбас бұрын олардың басым бөлігі түрлі деңгейдегі байқаулардың жеңімпаздары болып үлгерген. «Биыл біз сапаға үлкен мән беріп жатырмыз. Бұл қатысушылардың тым көптігін көрсетпесе керек. Додаға ең таңдаулылар, ең кәсібилер жиналды» – дейді Дельфий ойындары штабының үйлестірушісі Еркебұлан Мұқанов.

Дельфий-2012 байқауының өзіндік ерекшеліктері бар. Мұндағы жас ерекшеліктер әр аталымда әрқалай. Негізінен алып қарастырсақ, 10 мен 25 жас аралығын қамтитын аталмыш ойын қатысушылары буыны бекімеген жас дарындар, өрелі өрендер. Италия, Түркия, Австрия, Белорусь, Қырғызстан, Украина, Румыния, Молдовадан келген талантты жастар әлемдік маңызы зор думан шеңберінде сайысқа түсті.
Биылғы ойынның бір ерекшелігі, қазақ дельфий комитеті «Поэзия» аталымын қосты. «Сахнадағы цирк» номинациясы талапты жастардың қара үзіп келе жатқанын байқатты. «Халық биі» деген аталымға 15-тен аса ұжым қатысып, өнерін паш етті. Бас жүлдені қазақтың «Шашу» тобы қанжығасына байлады.
«Бұл ойындар ең мықты жастар легін бір арнада тоғыстырды. Әр қатысушы шығармашылық деп аталатын сұлулықтың бір бөлшегіне айналды. Бірнеше күн бойы олар мейірім нұры тілінде тілдесті. Осы ойындардың арқасында әрбірі өсті, көрерменге шуақ төкті» – деді Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Әлия Ғалымова мерекенің жабылу салтанатында.

Шынар ӘБІЛДА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button