Әлеумет

Екі проблемаға – бір шешім

Соңғы жылдары Жапония, АҚШ, Ұлыбритания, Австралия және Канадада қарттар үйін балалар үйімен біріктіру жобасы жиі қолға алынуда. Өйткені аталмыш тәжірибенің пайдалы тұстары бірден байқалып жатыр.

Мәселен, Лондондағы «Apples & Honey» балалар үйін 26 жыл бойы басқарып келген Джуди Ич-Хороуич былтырдан бері бүлдіршіндерді «Nightingale Hammerson» мекемесіндегі қарттармен қосты. Осылайша ол Біріккен Корольдік аумағындағы тас­танды балалар мен қарияларға арналған тұңғыш аралас ұйымды құрды. Жаңа идея­ның ұтымды жақтары туралы Джуди былай дейді:
– Қарттар үйіндегі кісілердің көбісі – жұ­байынан айырылған, немере-шө­берелері жоқ немесе бар болса да оларды өте сирек көретін адамдар. Балалармен бірге өмір сүре бастағаннан-ақ олар жалғыздықтарын ұмытып, көңілдері сергіді. Бір жағынан қарағанда, ата-әжелер мен кішкентайлардың бір жерде болуы кәдімгі үйдің атмосферасын еске түсіреді. Ол екі толқынға да психологиялық тұрғыда жағымды әсер сыйлайды. Бүлдіршіндер де өздеріне ата-әже тапты. Әдетте, ересектердің мейіріміне мұқтаж болып жүретін балаларға бұл жерде өздері елес­теткен қамқорлықтың екі есе көп мөл­шерін береді.

Жалпы, балалар мен қарттар үйін бі­ріктіру дәстүрі 1976 жылы Токиода бас­талыпты. Шимада Масахару есімді азамат «Kotoen» балалар үйін қарттарға арналған орталықпен қосқан соң, бұл концепцияның артықшылықтарына өзге де ұйымдардың көздері жетіп, нәтижесінде 1998 жылға қарай елде соған ұқсас 16 мекеме ашылған. Ондағы балалар мен қариялар күнделікті уақыттарын бірге өткізіп қана қоймай, Балалар күні, Танабата, Сэцубун және Хина Мацури сияқты дәстүрлі мейрамдарды да бірге тойлаған. Жапон ғалымдары жүргізген 2013 жылғы зерттеу­де жаңағыдай мекемелердегі қариялар арасында қарапайым «Қарттар үйіндегі» тұрғындармен салыстырғанда жоғары қан қысымы, ақыл-естің шатасуы және өлім көрсеткішінің әлдеқайда төмен екені анықталған.

Аталмыш тәжіри­бенің біздің елде де таралуына уақыт ке­рек шығар. Дегенмен айына бір­неше күн тұрақты түр­де бөбектер мен қарияларды кездес­тіріп отыру дәл ондай қиын мәселе емес. Өкінішке қарай, Аста­на қаласының Білім басқармасынан сұрағанымызда, бұған ұқсас бірде-бір іс-шараның қарттар үйінде де, балалар үйінде де жоқ екенін естідік. Батыстағы құбылыстың бір-екі жылда бізге де келетін әдеті емес пе, үмітіміз – сол.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button