Сұхбат

ЭКОТАКСИЛЕР КӨБЕЙЕДІ

253484-ATN_0794

Былтырдан бері Астанада экологиялық жағынан ғана емес, қауіпсіздік тұрғысынан да тиімді таксилер жүре бастағаны белгілі. Астанада осындай көліктердің саны тағы көбеймек. Бұл туралы «Экотакси» орталығының басқарушы директоры Әділхан ЖАҚЫПБЕКОВ айтып берді.

– Астанада алғаш «Экотакси» қызметі іске қосылғанда, оңтүстік кореялық «SsangYong Kyron» маркалы 100 көлік жолға шыққаны белгілі. Бүгінде таксопарктің қарамағында экологиялық отынмен жүретін қан­ша көлік бар?

– Қазіргі таңда жолаушылар тасымалдайтын 170 көлік бар. 2017 жылға қарай олардың саны 500-ге жуықтайды деп болжануда.

– Бұл «ЭКСПО – 2017» халық­ара­лық көрмесіне байланысты болар?

– Әрине. Әлемдік деңгейдегі осынау ірі шара аясында Астана миллиондаған қонақты қарсы алғалы отыр. Мұндай жауапты сәтте бас шаһар қай жағынан да талапқа сай болуы керек. Жалпы Астанада экотакси жобасының дүниеге келуінің өзі «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне қала инфрақұрылымын даярлаудағы алғашқы қадамдардың бірі болды. Көрменің тақырыбы болашақ энергиясы екені белгілі. Осыған сәйкес, «жасыл» жолға көшудің бірден-бір жолы да экотаксилер деуге болады.

– Бүгінде экотаксиге астаналық жолаушылардың сұранысы қандай?

– Бұл таксилерде ең бірінші адамның қауіпсіздігіне кепілдік беріледі. Сон­дықтан сұраныс жаман емес. Экотакси» қызметі іске қосылған күннен бүгінге дейінгі мерзімде 70 мыңнан аса тапсырыс келіп түсті. Күніне желіге 130 көлік шығады. Соның 85-і – күндіз, қалғаны түнде жұмыс істейді. Әр экипаж бір ауысымда жолай алып кететін жолаушыларды есептемегенде орта есеппен 15 тапсырыс орындайды.

– Ал, экотаксимен жолаушыларды тасымалдаудың құны қандай?

– Таксидің құнын таксометр есептеп шығарады. Бұл – жүрген жолыңыздың қашықтығына байланысты. Негізгі тариф, яғни 5 км дейін – 750 теңге. Егер ба­ратын жеріңіз осы қашықтықтан асып кетсе, әр километріне 120 теңге төлейсіз. Жолай дүкенге немесе дәріханаға, басқа да орындарға кіріп-шығуға болады. Таксидің 10 минут күткені тегін. Одан асып кетсе, әр минутына 28 теңге төлеуге тура келеді. Аэропорттан алып келу – 2700 теңге. Осы айдан бастап бензин бағасы қымбаттағаны белгілі. Соған байланысты көптеген таксопарктер такси құнын қымбаттатуды көздеп отыр. Ал біздің таксилер газбен жүретіндіктен баға сол қалпында саұталады.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button