#Жаңа Қазақстан

Ел мүддесі бәрінен жоғары

«Төбеңде «күшті қолдауың» болмаса, бизнеске келе алмайсың, келсең де, оны гүлдендіріп, дамытып кетуің үшін міндетті түрде жең ұшынан жалғасуың аса қажет. Олай болмаған жағдайда кәсіпкерлігіңнің құны көк тиынға татымайды» деп еді көпті көрген көнекөз ағамыз. Ал ірі бизнес туралы сөз мүлдем басқа…

[smartslider3 slider=2297]

Жақында Қазақстан ­Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ірі бизнес өкілдерімен кездесті. Кең отырып кеңескен ашық әңгіме кезінде Мемлекет басшысы олигархтарды елдің әлеуметтік-экономикалық моделін қалыптастыуға белсене атсалысуға шақырды. Екінші сөзбен айтқанда, «өздеріңе керек кезде халықтан «алдыңыздар», енді халыққа беріңіздер» деді.

Халықаралық сарапшылардың сөзіне сүйене отырып, ол Қазақстанның тең жарты байлығы 162 адамның қолына шоғырланғанын да жеткізді. Сонда адамдарда мынадай заңды сұрақ туындайды: «Неге жерінің асты мен үсті табиғи қазба байлыққа сықап тұрған мемлекеттің байлығын тек ат төбеліндей 162 адам иеленіп отыр?». Кішкене қаттырақ қисындасақ, «Біз не тоқалдан туғанбыз ба? Солардан қай жеріміз кем?».

Философ Гегель мен жазушы Бабельді айыра алмайтын пысықайлар арнаулы білімі жоқ болса да ірі бизнесті ұршықша иіріп, шаруаларын дөңгелетіп отыр. Ал оқыған-тоқығаны мол арнаулы білімдері бар сауатты жандар орта жолда қалып қойған. Оны айтасыз, Қазақстанда халықтың тең жартысы 50 мың теңгеден жоғары еңбекақы алмайтын көрінеді. Бұл ақшаға бір ай бойы тарықпай өмір сүру мүмкін бе?

Шетелде «ақылды болсаң, неге бай емессің?» дейтін көрінеді. Сонда бұл адамдардың, шынында да, ақылы тасып бара жатыр ма?

«Бұл – ақылы тасығандық емес, жең ұшынан жалғасу. Қажет кезінде орасан мол мемлекет байлығын басып қалып, ебін тауып, екі асағандар. Немесе «көкелері» мен «тәтелері» жоғарыда отырғандар» дейді қоғам қайраткері Бейбіт Сұлтанмұратов.

Жүз алпыстан аса қазақстандықтың байлығы «мемлекет бюджетінен ебін тауып жымқыр­ған қаржы емес» деп ешкім де тап басып айта алмайды. Ірі компаниялар салық төлеуден неше түрлі айла-шарғы жасап, бар мүмкіндіктерін пайдаланып жалтаратыны туралы Мемлекет басшысы білмей отырған жоқ. «Бармақ басып, бал асап отырғандар алпауыттар тиісті салық төлеуден қашатын болса, басқаларға не жорық» демеске лаж жоқ. Президент Үкіметке осы мәселеде қатқылдау болуды тапсырды. «Бұл жағдаймен түпкілікті айналысыңыз, қазынаның бүйірі толатын болсын» деген мағынада ескертті. «Олай болмаған жағдайда, маған ешкім де кейін реніш айтпайтын болсын. Өз обалдарың өздеріңе» деді.

Мемлекет басшысының ойынша, қазіргі ел басына қиыншылық туып тұрған кезеңде ірі бизнес өкілдері елге қол ұшын созып қана қоймай, экономиканың өркендеуіне, мемлекеттің аяғынан тік тұруына қомақты қаржы да қосуы аса қажет.

Қазір көпшілігі лауазымдық қызметтерге «не алсам, болашақ жеке бизнесімді дамытуға қандай мүмкіндіктері мен жағдайы бар» деген пиғылда әйтеуір бір үстіртін ойларымен келеді. Содан келіп мемлекет қазынасы мен қалталарының қамын шатастырып алатын сәттер жиі кездесіп жатады. Алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктерге жол берілмеуі керек. Қатаң тосқауыл қоюды тап бүгіннен бастаған жөн екеніне арнайы тоқталды Президент

Сонымен қатар бизнестен тек қана кеңес беріп, қол алысып, қатысу мүмкіндігі талап етілмейді. Үлкен іске өз дүниеңдей бел шешіп, белсене кірісу керек. Бұған дейін болған шетелдік инвесторлар сияқты ұсыныс айтып, нұсқау берудің заманы өтіп кеткен. Үкімет жанына отандық кәсіпкерлер кеңесі құрылып, Үкімет пен бизнестің арасында «алтын көпір» салынсын. Мәселені жүрдім-бардым шешуді доғару қажет деді ол.

«Бүгінгі сөз болып отырған реформа «тартып алуды және қайта бөлуді» көздемейтінін тағы да қайталап айтамын. Бұл ақымақтық және жауапсыздық болар еді. Міндет – сіздерді, ұлттық буржуазияны еліміздің әлеуметтік-экономикалық моделін трансформациялау үдерісіне белсене атсалысуға тарту. Өндіріске инвестиция салу, сапалы жұмыс орындарын ашу және экспорттық әлеуетті арттыру бағытындағы игі істерге жауап ретінде мемлекет жеке меншікті қорғау бойынша кепілдікті арттыруға, тұрақтылық пен мемлекеттік реттеудің болжамдылығын қамтамасыз етуге, бәсекелестікті әкімшілік ресурстардың араласуынан, жемқорлық пен фаворитизмнен қорғауға дайын» деді Президент.

Екінші сөзбен айтқанда, жасырын, құйтырқы әрекеттерге жол бермейтін, Үкіметке де, халыққа да тиімді пайда келтіретіндей ашық саясат жүргізуді ұсынған Қасым-Жомарт Кемелұлы, шынын айтқанда, әркімге де мүмкіндік беріп отыр. Осы оңтайлы сәт пен беріліп отырған ерік-тізгінді енді кәсіпкерлер өз бизнесін дамыта отырып, отандық экономиканың өркендеуіне де атсалысуға арнауы міндетті.

Қаржыны сыртқа шығаруға да айқын қарсылық айтылды. Қалтаң қалың болса, бірінші, Қазақстан экономикасын жарылқап ал, инвестицияны кеңейт, басқаларға үлгі бол. Бұл туралы кеңесте Президент былай деді:

«Егер сіздер болашақтарыңыз­ды Қазақстанмен байланыс­тыратын болсаңыздар, онда қаражаттарыңызды өз елімізге салыңыздар. Бұл – сіздердің Қазақстан алдындағы әлеуметтік және саяси жауапкершіліктеріңіз. «Мұнда табыс табамыз, ал басқа жерде жұмсаймыз» деген қағидатқа жол берілмейді. Сондықтан жұмыс екі бағытта жүргізіледі: капиталды елге қайтарғаны үшін ынталандыру және қаражаттың офшорларға кетуіне жол бермейтін тосқауыл қою».

Қазір көпшілігі лауазымдық қызметтерге «не алсам, болашақ жеке бизнесімді дамытуға қандай мүмкіндіктері мен жағдайы бар» деген пиғылда әйтеуір бір үстіртін ойларымен келеді. Содан келіп мемлекет қазынасы мен қалталарының қамын шатастырып алатын сәттер жиі кездесіп жатады. Алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктерге жол берілмеуі керек. Қатаң тосқауыл қоюды тап бүгіннен бастаған жөн екеніне арнайы тоқталды Президент.

Екінші мәселе – елдегі шағын және орта бизнесті дамыту жайы. Кез келген елдің экономикасында осы сала елеулі рөл атқарады. Кәсіпкерлік белсенділік жоғарылаған сайын жалпы өнім деңгейі де жоғары. Кәсіпорын құра отырып, жекеменшік бизнес белгілі бір идеямен нарыққа шығады, оны іске асыру өңірдің, демек, елдің де жалпы өнімінің өсімін қамтамасыз етеді. Бизнес идеясы табысты болған сайын оның өнімділігі мен табыстылығы да жоғары. Тиісінше, өңірлік экономиканың өсуіне кәсіп­орынның қосар үлесі де көп. Екінші маңызды жағдай – бюджетке түсетін салық түсімдерінің өсуі.

Бірақ осы бағытта белгілі бір қолбайлаулар да бар екені байқалады. Бизнес өкілдерінің жұмысына кедергі келтіретіндер де жоқ емес. Былтыр прокуратура органдары кәсіпкерлердің 2,5 мыңнан астам шағымын қараған. Бәрі де қылмыстық қудалау органдарындағы лауазымды тұлғаларының іс-әрекеттерімен және шешімдерімен келіспеу туралы шағымдар. Оның 1 мыңнан астамы қанағаттандырылды. Кәсіпкерлер, негізінен, полиция қызметкерлеріне, экономикалық тергеу қызметіне, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке, ұлттық қауіпсіздік қызметкерлеріне шағымданған.

Елдегі экономикалық модель келесідей болды: мемлекет бизнестің дамуына мүмкіндік береді, ал олар жұмыс орындары құрып, пайда әкелуі тиіс еді. Бірақ нәтиже жоқ. Президент ұлттық табыс құрылымындағы бизнес пайдасының үлесі 61,5 пайыз болса, салықтың үлесі – 7,3 пайыз, ал халықтың табысы соның тек үштен бірін – 31 пайызды құрағанын айтты.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы өз тапсырмасымен «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорының құрылғандығын айтты. Бұл – халық қоры. Сондықтан оған ірі бизнес өкілдері, қалталы азаматтар барынша атсалысуы қажет-ақ.

 

 

 

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button