Мәдениет

ЕЛБАСЫ ҚОРЫНЫҢ ИГI ІСТЕРІ

2000 жылдың желтоқсан айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры құрылған болатын. Әу бастан-ақ мемлекеттілік пен қазақстандық патриотизмді насихаттап, мәдениетті дамыту арқылы қоғам өмірінің руханиятын нығайтуды, ғылыми ізденістер мен жастардың жақсы бастамаларын қолдауды көздеген ұйым жолынан жаңылмай, нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры – жас ғалымдар мен ғылыми ұжымдардың маңызды зерттеу жұмыстарын қолдайтын, мәдениет пен өнер саласындағы талантты жастарды анықтап, шығармашылық әлеуетін дамытатын  ұйымдардың бірі әрі бірегейі. Маңызды әлеуметтік жобалары арқылы талай жастың қанатын қатайтып, белін буғаны да жасырын емес. Елбасы қорының студенттік стипендия­сы арқасында жас ізденушілер оқуын ақсатпай, академиялық үлгерімін үздік ұстауды айнымас әдетке айналдырып жүргені де белгілі.

Бірақ, Тұңғыш Президент қорының қызметі жалғыз студенттік шәкіртақы тағайындаумен шектелген емес, ұйым «Жас ғалымдар кеңесі», «Шығармашыл жастар кеңесі», «Әлеуметтік жобалар» сияқты бірнеше басым бағыттар бойынша жұмыс істейді.

«Жас ғалымдар кеңесі» дегенде, білім мен ғылымға ұмтылған жастардың кәсіби алаңы елестейді. Физика, математика, химия, философия, экономика, филология сынды сала мамандарынан тұратын кеңес құрамына небары 17 адам кіреді. Осы он жеті адам бүкіл Қазақстанның жас ғалымдарын бір арнаға тоғыстырып, идеяларын ортаға салып, ғылыми ойдың іске асуына септігін тигізетін республикалық деңгейдегі конференциялар, түрлі байқаулар, инновациялық көрме мен ғалымдардың шеберлік сағаттарын өткізеді, шетелде өндірістік тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді» дейді  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры Сағындық Нұраханов.

Осы аталғанның ішінде дәстүрлі түрде өткізілетін аса маңызды шаралар бар. Соның бірі – жаратылыстану, техникалық және гуманитарлық бағыттағы студент жұмыстарын саралайтын «Болашақ ғалымдары» атты конкурс.

Кеңес мүшелерінің айтуынша, жоғары оқу орындарында тәлім алатын студенттердің кәсіби машықтарын дамытатын бұл байқауға қызығушылық танытатындар қатары аз емес. Мәселен, биыл аталмыш конкурсқа Астана, Алматы қалаларынан бөлек, Арқалық, Қарағанды, Павлодар, Тараз, Талдықорған, Түркістан, Орал, Шымкент жоғары оқу орындарындағы бакалавриат пен магистратурада оқитын 194 студент қатысып, 153 ғылыми жоба таныстырылыпты. Олардың 29-ы топтық, ал қалғандары жеке жұмыстар болды.

Нәтижесінде, 146 жұмыс ғылыми журналдарда басылып, Лондон, Париж, Рим, Мюнхен, Дели, Токио, Бейжің, Куала-Лумпурда өткен халықаралық ғылыми конференцияларда қызу талқыланды. Ал, конкурс қатысушыларының 17%-ы еліміздің инновациялық патенттерінің серіктес авторлары болғаны тіпті қуантады. 11 жұмыс университеттегі оқыту жүйесіне енгізілсе, 18 ғылыми еңбек өндірістік және сервистік кәсіпорындарда кеңейтілген апробациядан өтті.

Сондай-ақ, Тұңғыш Президент қорының қолдауымен жас ғалымдарға ғылыми мақсаттағы сапарға шығуға мүмкіндік беретін гранттар тағайындалады екен. Бұл орайда жыл сайын ұйымдастырылатын ең ауқымды шара  Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры сыйақысы берілетін жиын болып саналады.

«Бұл сыйақы жас ғалымдардың зерттеу жұмыстарының тиімділігін көрсетіп, ғылыми жобаға деген қолдауды білдіреді. Сондай-ақ, мәдениет саласындағы нәтижелі еңбекті бағалау болып табылады. Республикалық байқауға соны ғылыми зерттеулер мен өнертабыстар, көптің көңілінен шыға білген шығармашылық жобалар мен бағдарламалар ұсынылады. Биыл осы байқауға қатысуға 100 адам өтінім берді. Байқау комиссиясының шешімімен 17 жеңімпаз анықталған болатын» дейді Елбасы қорының атқарушы директоры Сағындық Нұраханов.

Мәдениет пен өнер саласындағы талантты жастарды анықтап, шығармашылық деңгейін арттыру мақсатында да атқарылатын  жұмыстар көп. Бұл қызметті тиімді ұйымдастыру үшін Шығармашыл жастар кеңесі құрылған.

Қазан айында өнер жолында орнын тапқан мәдениет қайраткерлері мен таныла қоймаған жас өнерпаздардың басын біріктіріп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін халықаралық «ЖасSTAR» фестивалі ұйымдастырылды. 2009 жылдан бері өткізіліп жүрген фестивальге бес мыңға жуық адам қатысқан. Ал, биылғы қатысушылар саны мыңнан асты.

Сондай-ақ, осы жылы өткен ІІІ халықаралық «Қазақстан баян-фест» фестивалі де атауға тұрарлық ауқымды шаралардың бірі. Себебі, фестиваль барысында Қазақстанның, Ресей мен Украинаның атақты музыканттары шеберлік сабағын өткізіп, жас баяншыларға білгендерін үйретіп, өнерлерін көрсетті. Музыкалық аспаптардың жаңа модельдері таныстырылды.

Шығармашыл жастар кеңесі мүшелерінің сөзіне қарағанда, мәдениет және өнер саласындағы жаңашыл идеялар, креативті бағдарламалар мен айрықша жобалар бәйгеге салынады да, жеңімпаздар шығармашылық жос­парын жүзеге асыруға көмектесетін грантқа ие болады екен.

Жоғарыда айтып өткен ғылым, мәдениет мәселелерімен қатар, Тұңғыш Президент қоры әлеуметтік жобаларды да үнемі бірге алып жүреді. Олардың ішіне қарттарға, әлеуметтік жағдайы төмен, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы отбасынан шыққан балаларға көмек көрсету, мүгедектерді әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларын орындауға атсалысу, ұлттар арасындағы татулықты нығайтуға арналған жобаларды жүзеге асыру жатады.

Сонымен бірге, Қазақстан Рес­публикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының қорына қарайтын Дүниежүзілік әлемдік экономика және саясат институты бар. 2003 жылы ашылған институт қызметі қазіргі замандағы өзекті мәселелерді және мемлекетаралық қарым-қатынас жүйесін зерттеумен айналысады. «Әлемдік экономика, геосаясат, қауіпіздікті, дүниежүзілік алаңдағы  Қазақстан жағдайын талдап, таразылауға зор көңіл бөлінеді.

Мысалы, екі ай бұрын «Назарбаев орталығында» «Қазақстандағы әлеуметтік өзгерістер динамикасы: 1991-2014 жылдар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Дискуссия барысында спикерлер арасында «Қазақтар урбанизациясының ерекшеліктері», «Оралмандардың әлеуметтік интеграция мәселелері», «Қазақ диаспорасы» сынды тақырыптар бойынша қызу пікірталас өрбіді.

Ал, 12-13 қарашада «Еуразиялық көліктік интеграция (ЕКИ-2014): «Энергетика шеңберінен тыс – жаңа әлем үшін жаңа серіктестік: геосаяси мәселелер, бизнес пен болашақ мүмкіндіктері» атты конференция өткен болатын» деді Сағындық Таупықұлы.

 

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button