Ел тынысы

Елде көкжөтел өршіп тұр

Өткен айда 400-ге жуық жағдай тіркелсе, қазір оның саны 550-ге жетті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Ауырғандардың басым бөлігі – балалар. Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің айтуынша, көбіне дертке вакцина алмағандар шалдығады.
Аида Акматова – Астана қаласының тұрғыны. Қазір 4 жасар баласымен ауруханада жатыр. 1 ай бұрын баласының жөтелі асқынып, оны тұмауратып жүр деп ойлаған. Тіпті өз бетінше емдеуге тырысқан. Алайда дәрігерге барғанда ғана баласының көкжөтелге шалдыққанын біліпті.
«Жөтелі минут сайын болды. Жедел жәрдем шақырттым, сөйтіп, бізді осында әкелді. Дәрігер диагнозымыз көкжөтел деп берді. Баланы босанғаннан кейін көшіп-қонып жүрдім. Сондықтан вакцина алуға мүмкіншілігім болған жоқ. Солай жүріп, осы жасқа жетіп қалды. Вакцина алмағанның зардабын көріп жатырмыз. Сондықтан вакцина аламыз, бұйыртса», – дейді ол.
Балалардың алғашқы вакцинациясы 2 айында басталады. Кейін 3, 4 және 18 айларында алуы тиіс. Ал ревакцинация бала 6 жасқа толғанда жүргізіледі. Әр бүлдіршін тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген емханада екпені тегін алуға мүмкіндігі бар.
«Ауырғандардың 90%-і – уақытында екпе алмағандар. Өйткені көкжөтел ауа тамшы жолдармен беріледі. Өте жоғары жұқпалы ауру. Бұл вакцинамен басқарылатын инфекциялардың қатарынан орын алады. Мұның бірден-бір жолы, тек вакцинамен емделеді. Көкжөтелді тұмаумен шатастыратындар жоқ емес. Онымен ауырғандардың жөтелі бірнеше айға созылуы мүмкін. Дерт асқынса, өкпе қабынып, мидың гипоксиясына әкелуі ықтимал», – дейді ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Жасұлан Алпысбаев.
Ал медицина ғылымдарының докторы, профессор Ләззат Ералиева көптеген ата-ана мұндай жұқпалы ауруларға немқұрайлы қарайтынын айтады. Олардың көпшілігі бала ауырып тұрып, иммунитеті қалыпсатады деп ойлайды екен.
«Бірақ олар қателеседі. Көкжөтел тыныс алуға кедергі келтіреді. Миға оттегі жетіспейді. Сәйкесінше өлімге әкелуі мүмкін. Сондықтан баланың денсаулығы үшін дәрігерлер екпе алуға шақырады. 2022 жылы елімізде көкжөтел ауруының 3 жағдайы тіркелсе, былтыр 393 бала осы дертке шалдыққан. Биыл оның саны 550-ге жетті. Денсаулық сақтау министрлігі: «соңғы екі жылда көкжөтел жұқтырғандар 120 есеге артты», – деп отыр», – дейді ол.
Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button