Саясат

Елді елең еткізген

Соңғы күндері әлем жұрты елеңдескен елеулі оқиғалардың бірі Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың 31 мамырда тоғыз жылдық үзілістен кейін КХДР-ға ресми сапармен барғаны болды. Сарапшылар сонымен бірге оның Ким Чен Ын билік басына келгелі бері қабылдаған ресейлік бірінші мемлекет қайраткері екенін де айтып жатыр. Ал көрші ел сыртқы байланыс ведомствосы басшының Солтүстік Корея мен АҚШ саммиті қарсаңында Пхеньянға неге барғанын, мұндағы келіссөздің нендей тақырыпқа арналғанын болжау қиын емес.  

МАЛАЙЗИЯ САРАПТАМАҒА СЕНГЕН ЖОҚ

Малайзия көлік министрі Энтони Лок өз елінің «Боинг» жолаушылар ұшағының апатына бай­ла­ныс­ты Ресейге таңылып отырған айыптауды дәлелсіз деп мәлімдеді.

Бұдан бұрын халық­аралық тергеушілер тобы тергеу арасындағы кей тұжырымдарға сүйене келіп, аталмыш лайнер­ді Ресейдің Курскі­дегі 53-інші зенит-раке­талық бригадасына қарасты «Бук» кешені атып тү­сір­ген деген пікір білдірген болатын. Бірақ Ресей қорғаныс министр­лі­гін­дегілер сол бойда мұ­ның шындыққа жанаспайтынын айтты. Мәскеу сондай-ақ тергеудің Ресей жағы келтіріп отырған уәж бен куәлардың айт­қандарын қаперге алып отыр­мағанын сынады.
Оқиға 2014 жылдың шілдесінде болды. Амс­тердамнан Куала-Лумпурға қарай MH370 рейсі бойынша ұшып бара жатқан Boeing 777-200 әуе кемесі Донецк облысы үстінде атып түсірілді. Сол сәтте ұшақтың бортында 298 адам бар еді. «Алмаз-Антей» әуе шабуылына қарсы жүйе­сін жасаушы кәсіпорынның сарапшылары оның украин әскерлері атқан зеңбіректің оғынан құлағанын білдірді.

«ӨЛДІ ДЕГЕН БАТЫРЫҢ ӨГІЗ МІНІП КЕЛЕДІ»

Украинада қызмет ететін ресейлік журналист Аркадий Бабченконың «атып өлтірілгені» жалған ақпар болып шықты.

Мұның алдында үйінде отырған журналисті пәтеріне басып кірген бейтаныс біреулердің ту сыртынан келіп атқаны, оның жедел жәрдем көлігімен ауруханаға апарыла жатқан жолда жан тәсілім еткені хабарланған еді. Бірақ артынша ұлттық полиция мәлімдегендей, «өлді деген батырың» тірі болып шықты.
Бабченконың өзі Украина қауіпсіздік қыз­метінде өткен баспасөз мәслихатында болған жайды айтып берді. Сөйтсе, операция­ны осы орган жүргізген екен. Ол мұны журналистке жасалғалы жатқан қастандықтың алдын алып, оны орындаушыны іс үстінде қолға түсіру үшін ұйымдастырыпты.
Алайда украин қауіпсіздік қызметінің бұл бопсалау әрекетін әлемнің көптеген жетекші ақпарат құралдары, соның ішінде АҚШ пен Британияның телеарналары мен ба­сылымдары қатты сы­нады.

МЕКСИКА ҚОРҒАНҒА АҚЫ ТӨЛЕМЕЙДІ

Мексика президенті Энрике Пенья Ньето АҚШ-тың екі ел шекарасында тұрғызып жатқан қабыр­ға-қорғанның құрылысы үшін бір тиын да төлемейтінін айтты.

Мұны ол өзінің Twitter әлеуметтік желісінде жазды. «Президент Дональд Трамп. Жоқ. Мексика қабырға үшін ешқашан ештеңе төлемейді. Қазір де, кейін де. Құрметпен, Мексика (біз бәріміз)» делінген хабарламада.
Әңгіме АҚШ президенті Дональд Трамп­тың 29 мамыр күні өзі жиі пайдаланатын же­ліде Мексика билігінің Штаттарға жасырын жолмен өтуге талпынушылар тасқынын тоқ­татуға көмектеспейті­ніне наразылық та­­ны­­туынан туып отыр. Ол өз жазбасында Мексиканы шекарадағы қорған құрылысына ақша беруге мәжбүр ететінін баяндаған еді.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button