Жаңалықтар

ЕЛДІҢ БІРЛІГІНІҢ ТАҒЫ ДА БІР ДӘЛЕЛІ

ERA_2241

Кеше Ақордада Президент Нұрсұлтан Назарбаев елімізде өткен президент сайлауының қорытындысына байланысты отандық және шетелдік ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді.

Әлбетте, журналистер кезектен тыс өткен президент сайлауы туралы Елбасының пікірін білуге құмартты. Н.Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының ұсынысымен басталған осы сайлау тағы бір мәрте қазақстандықтардың бірлігін дәлелдеп бергенін атап өтті.
– Таң атысымен халық бала-шағасымен бірге дауыс беру үшін кезекте тұрды. Сайлау күні тура мереке сияқты өтті. Бұл – елде жүргізіліп отырған саясатты халықтың қол­дайтынының, ел бірлігінің дәлелі. Бізге бөліну емес, бірігу қажет екенін жұртшылық түсінді. Қазақ ежелден-ақ бірігу үшін күресіп келеді. Біздің ұдайы ұстанатын саясатымыз да – тұрақтылықты сақтай отырып, болашаққа қадам басу. Сайлаудан кейін де ішкі-сыртқы саясатымыз өзгермейді. Себебі, халықтың өзі осы жолды қолдап отыр, – деді Президент.
Қалың көпшілік сайлаудан кейін үлкен өзгерістер болатындай күтіп жүр. Әсіресе, теңге құнсызданады деген қауесет тарағалы қашан. Елбасы бұл мәселеге де нүкте қойды.
– Теңге девальвацияға ұшы­рай­тындай ешқандай да алғы­шарт­тарды көріп тұрған жоқпын. Бұған дейін Ресей рубліне қатысты теңге бағамында да біршама құбылулар болғаны рас. Себебі, көрші елмен тауар айналымы, сауда-саттық жағынан болсын, тығыз байланыстамыз. Сондықтан, рубльдің әсер етпеуі мүмкін емес. Ал қазір теңге тұрақты. Бүгінде теңгені еркін айналымға жіберу мәселесімен айналысып жатырмыз. Бұл – күрделі мәселе. Ол үшін еліміздің қаржылық жүйесі дамуы керек. Халықаралық валюта қорымен бірлесіп атқаратын жұмыстар да баршылық. Бұған кемі бес жылдай уақыт керек. Сондықтан, халықтың теңгеге қатысты алаңдамауына болады, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы сайлаудан кейін ешқандай да күрт өзгерістер болмайтынын айтты. «Егер елдің жағдайына қатысты қандай да бір күрделі өзгерістер енгізілетін болса, ол туралы алдымен өзім айтатынымды ескерткім келеді. Сондықтан, көңілдегі күдікті сейілтіп, әдеттегідей жұмысымызды жүргізе беруіміз керек» деді ол.
Мемлекет басшысы елімізде қолға алынған әлеуметтік бағдар­лама­лар­дың, ел экономикасын дамытуға бағытталған кешенді жұмыстардың бәрі жалғасын табатынын жеткізді.
«ЭКСПО» халықаралық көрмесі туралы сауал тастаған журналистке жауап ретінде Елбасы осынау маңызды шараға байланысты жұмыстардың барлығы кесте бойынша жүргізіліп жатқанын, оның бәрі тікелей өзінің қадағалауында екенін айтты.
Бұйыртса, 2016 жылдың күзінде «ЭКСПО-2017» көрмесінің бар­лық нысандарының құрылысы аяқталмақшы.

* * *

Кеше Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде елордалық сайлау­шы­лардың «Жеңімпаздар форумы» атты шарасы өтті. Бұл шара барысында 8 мың астаналықтар Нұрсұлтан Назарбаевқа қошемет білдірді.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button