Басты ақпаратҚала тіршілігі

ЕЛОРДА ЕШКІМГЕ ДЕС БЕРЕР ЕМЕС

Жыл сайын Қазақстан Республикасы Президентінің әкімшілігі Астана, Алматы қалаларының және облыстардың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері бойынша рейтинг өткізеді.

Ол жыл қорытындысында ресми статистикалық мәліметтерге сүйене отырып жасалады. Оның нәтижелері әр өңірдің әлеуетін нақты көрсетіп, даму барысының осал тұстарын айқындауға мүмкіндік береді.

2011 жылы өткізілген рейтинг қорытындысы бойынша даму деңгейі жөнінен Астана қаласы бірінші орынға шығып, қатарынан екінші мәрте «дамуы жоғары деңгейдегі қала мәртебесін» иеленді.

Одан кейінгі орындарда Атырау облысы, Алматы қаласы мен Маңғыстау облысы тұр. Әсіресе, негізгі әлеуметтік даму көрсеткіштерінің деңгейін саралағанда, елордада тұрмыс кешіп, білім алу, әлеуметтік қорғалу мұратына жетуге қолайлы жағдайлар жасалғаны байқалады.

Сонымен қатар, экономикалық даму бағытында да Астана үздік көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Атап айтқанда, жан басына шаққандағы тұрғындардың баспанамен, көлікпен қамтамасыз етілуі, салық түсімдері т.б. көрсеткіштері жоғары.

Сонымен, өткен жолы қала әкімдігінің орнықты даму бағытындағы басым міндеттер мен мақсаттарды байыпты таңдап, жүйелікпен жүзеге асыра білуі Астананың абыройын асқақтатып, беделін жоғарылата түсті.

Яғни, 2011 жылы елорданың жалпы өңірлік өнімінің көлемі, алдыңғы жылмен салыстырғанда, 11,9. % -ға өсіп, 2 трлн 298 млрд теңгені құраған. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 121,4 %-ға артып, 1647 млрд теңгеге жеткен.

Орта және шағын кәсіпкерлік субьектілері 887 млрд теңгенің өнімін өндіріп, қызмет түрлерін көрсеткен, бұл 2010 жылғы көрсеткіштен 4,3%-ға өскенін білдіреді. Сондай-ақ, негізгі капиталға инвестиция салып, құрылыс нысандарына қаржы жұмсау көрсеткіштері де едәуір артқаны байқалады.

Осынау өсу тенденциясы биыл да сақталып отыр. Мәселен, тұрғын үйлер салып, пайдалануға беру көрсеткішінен Астана республикада бірінші орынды иеленіп тұр. Сонымен қатар, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, тұрғындарды жұмыспен қамту, бөлшек сауданың айналымын арттыру т.б. саласында да елорда ешкімге дес берер емес.

Айнұр ҚАРАМЕНДИЕВА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button