SportБасты ақпарат

МАЙЯ МАНЕЗАНЫҢ МӘРТЕБЕСІ

Альбиондағы аламанда әл-әзірше елімізді алтыншы орында ұстап тұрған үш алтынның соңғысын зілтемірші Майя Манеза салды қоржынымызға. Лондон Олимпиадасының ауыр атлетикадан әйелдер арасындағы 63 келі салмақтағы сайысында айқын фавориттер аз болған жоқ.

Ауыр атлетикадан өткен жылғы әлем біріншілігінің бас жүлдегері ресейлік Светлана Царукаева мен Еуропа чемпионы болгарлық Милка Маневаны айтпағанда, түрік зілтеміршісі Сибель Симсек, канадалық ауыр атлет Кристин Джирард және мексикалық спортшы Луис Мерседес Акоста Волдестер алтыннан шын үмітті еді.

Дегенмен, ауыр атлетикадан Альбионның алтын алқасы үшін күрес қос сайыста да (жұлқа көтеру, серпе көтеру) 2011 Париждегі әлем біріншілігінің чемпионы мен сол жолы екінші орын алған Царукаева мен Манеза арасында болды десек, артық айтқандық емес. Ол жолы, төрешілер Майяның серпе көтерудегі рекордтық 147 келісін есептемей тастағандықтан да Светлана чемпиондықты олжалаған еді.

Бұл жолы Майяның асығы алшысынан түсті: ол қоссайыс қорытындысы бойынша 245 келі салмақты көтеріп, алтынды алып қана қоймай, Олимпиада рекордын да жаңартты. Күміс медаль 237 келіні бағындырған Светлана Царукаеваға бұйырды. 236 келі зілтемірді көтеріп үшінші орынды олжалаған Канада ауыр атлеті Кристин Жерар қоладан алқа тағынды.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button