Басты ақпаратҚала мен Сала

Елорда – орта бизнес ордасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуы барысында шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілетілігін арттыру мәселесіне баса мән бере отырып, осы орайда шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің бірыңғай кешенді бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Бүгінгі таңда Астанада 200 мыңнан аса кесіпкерлік нысандары жұмыс істейді. Бизнес саласында 460 мың адам жұмыспен қамтылып отыр. Бұл жұмысқа қабілетті астаналықтардың 71 пайызын құрайды.

Елордадағы шағын және орта бизнес, салалық қауымдас­тықтар, құқық қорғау және қадағалау органдары, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысқан жиында кәсіпкерлікті дамытудың мәселелері талқыланды.

– Астанада 200 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Бизнес 460 мың адамды жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді, бұл елорданың экономикалық белсенді халқының 71%-ын құрайды. Біз кәсіпкерлерге жүйелі қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін бірқатар шаралар қабылдадық: АЭА және Индустриялық парк аумағында преференциялар, түрлі бағдарламалар бойынша гранттар мен кредиттер беріледі, Astana Invest инвесторларына арналған фронт-офис жұмыс істейді, инженерлік желілерді жүргізуге, қажетті инфрақұрылымды құруға көмек көрсетіледі. Бірақ, мұнымен тоқтап қалмаймыз. Алдағы уақытта «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп қосымша қолдау шараларын жасайтын боламыз, оның ішінде бюрократиялық кідірістер мен кедергілерді жоюды жалғастырамыз, – деді Астана әкімі Жеңіс Қасымбек.

Елордада кәсіпкерлермен кездесулер тұрақты негізде өткізіліп келеді. Қалалық Кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиевтің айтуынша, қазіргі уақытта Палата әкім орынбасарының, басқарма өкілдерінің қатысуымен облыс­тық кеңестердің 15 отырысын өткізді.

– Өткен жылы 15 мың кәсіпкердің құқықтық мүдделері қорғалды. Мәселен, қала басшысының 2022 жылдың тамыз айында өткен бизнес өкілдерімен соңғы кездесуінен бастап көтерілген 23 мәселенің 15-і шешілді, 6-ы ішінара шешілді, 2-і бойынша жұмыс жүргізілуде. Осылайша, «Астана-Технополис» АЭА қызметінің басым түрлерін кеңейтуге, ТжКБ мәселелері бойынша әкімдік жанынан Үйлестіру кеңесін құруға, «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» бағдарламасы шеңберінде гранттық қаражатты бөлу, сауда саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жер учаскелерін бөлу мәселелері жүзеге асырылып жатыр, – деді директор.

Палата және басқа да тиісті органдар бизнеске жан-жақты көмек көрсетуге тырысады, алайда бұл салада олқылықтар әлі де байқалуда.

Инженерлік желілер жаңартылуы керек

Инженерлік желілер мәселесі – қала билігінің назарындағы ауқымды тақырып. Бизнес желілерді құруда, бірақ оларды тарата алмайды. Өңірлік кеңес әкімдік үшін арнайы анықтама дайындап, осы жағдайға өз көзқарасын білдірді.

– Инженерлік желілер проблемасымен біз 2020 жылдан бері бетпе-бет кездесіп, осы бағытта жұмыс істеп келеміз, бұл мәселені шешу барысында министрліктер мен басқармалардың өкілдерімен үнемі кездесіп отырамыз. Бұл шаруаның бекітілген ережесі болмағандықтан, біздің міндетіміз –желілерді беру ережелерін әзірлеу. Осыған орай жұмыс тобын құруды, қалалық мәслихатта инженерлік желілерді беру рәсімінің тетігін қарастыруды және бекітуді ұсынамыз, – деді «Едем» ЖШС басшысы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшесі Ирина Манжанова.

Қала басшысы бұл мәселені есепке ала отырып, әкімдік алдағы екі жыл ішінде барлық инженерлік желілерді балансқа алуды жоспарлап отырғанын атап өтті.

Астанада 200 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Бизнес 460 мың адамды жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді, бұл елорданың экономикалық белсенді халқының 71%-ын құрайды

– Бұл – шынымен де өзекті мәселе. Осы ретте сіз жұмыс барысында тек жеке құрылыс салушыларда ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік бюджет есебінен нысандар салатын мердігерлерде де мәселелер туындайтынын дұрыс атап өттіңіз. Қаңтар айында біз бұл процесті жандандырдық. Шын мәнінде, балансқа алынбаған инженерлік желілердің көптігі бүкіл қалада байқалады және олар өткен жылы ғана емес, осыдан бес-алты жыл бұрын салынған. Оларды жөндеу қажет. Неліктен жағдай осылай болды? «Астана-Теплотранзит», «Астана су арнасы», АЭК сияқты коммуналдық кәсіпорындардың, өкінішке қарай, оларды қабылдауға қаржылық мүмкіндігі жоқ, өйткені осы объектілерге салық ауыртпалығы бірден салынуда, оған қоса оларды күтіп ұстау және жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Шындығында, тұрғындарды жылу, су және т.б. күнделікті тұрмысқа қажетті заттармен дәл осы кәсіпорындар қамтамасыз етеді. Осы жылдың қаңтар айынан бастап біз инженерлік желілердің басым бөлігін балансқа алу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл – өте ауқымды мәселе. Сіздің ұсынысыңызды қолдаймын және оны мәслихатқа депутаттардың қарауына ұсынуға дайынмын, – деді Астана әкімі.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап тұрғын үйді жобалау үшін техникалық шарттар беруге бірқатар шектеулер мен тыйымдар қабылданған.

– Қала қарқынды дамып келеді, ал инженерлік желілердің құрылысы одан әрі жүргізілуде. Бүгінде елордада шамамен 7 млн шаршы метр тұрғын үй салынып жатыр, 15 млн шаршы метр тұрғын үйді жобалауға рұқсат берілді, бұл құрылыстың қазіргі қарқынын төмендетпеу үшін жеткілікті, – деді қала басшысы.

Ақылы автотұрақтар тиімді ме?

Qaz Property басқарушы және сервистік компаниялар қауымдастығының төрағасы Қайрат Көкеновтің айтуынша, бизнес-қоғамдастық «Астананың автотұрақ кеңістігі» мемлекеттік-жекеменшік серіктестігінің жобасына қатысты тұжырымдамалық пікірлерін қала басшылығымен бірлесіп шешуді көздеп отыр.

– Ақылы тұрақ кеңістігі кез келген әлемдік тәжірибеде, әсіресе қаланың орталық бөлігінде, қалалық трафик мәселелерін шешудің негізгі элементтерінің бірі болып табылады. Осы себепті қалаға ақылы автотұрақтар қажет және қалада ақылы автотұрақтар болуы керек. Сіз мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының бірқатар талаптарын – инвестициялар көлемін, мемлекет пен жеке инвестор пайдасының үлесін және тұрақ орындарын қайта қарау қажет деп дұрыс пікір білдірдіңіз. Өкінішке қарай, автотұрақтар әлеуметтік нысандарға тым жақын орналасқан фактілер кездесуде. Бұл жоба әлі де пысықталу үстінде, біз барлық қала тұрғындарының мүдделерін ескере отырып, жаңа ұсыныстарды күтеміз, – деді Жеңіс Қасымбек.

Әлеуметтік  тұрғын үйлер көбейеді

Кәсіпкерлердің әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арқылы жер беруге тыйым салуы назардан тыс қалмады. Бұған дейін ӘКК инвестициялық және инновациялық жобаларды іске асыру үшін конкурстан тыс негізде жер учаскелерін бөлген болатын. Алайда іс жүзінде көппәтерлі тұрғын үйлер, мейрамханалар, автокөлік жуу орындарын салу үшін жер учаскелерін сату фактілері анықталды. Олардың айтуынша, көптеген нысандарда тұрғын үйлердің қабырғалары тұрғызылып, жобалық сметалардың дайын болғанына қарамастан, бұл жерлерде құрылыс жұмыстары тоқтатылды.

– Өткен жылдан бастап тұрғын үй объектілерін салу үшін ӘКК тетіктері арқылы жер беруге тыйым салынды. Қазір шамамен 159 га жер мемлекетке қайтарылуы керек. Бұл осыған дейін тұрғын үй құрылысын жүргізу туралы шешім қабылданған учаскелер болып табылады. Әзірше құрылыс жұмыстары әлі басталмаған нысандарда құрылыс тоқтатылды. Жоғарғы Сот жұмысының қорытындысы бойынша оларға қатысты одан әрі шешім қабылданатын болады. Осы ретте тағы да қайталап айтамын: келешекте ӘКК тетіктері арқылы жер учаскелері халықтың әлеуметтік осал топтарынан тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін «Елорда Даму» немесе «Елорда құрылыс компаниясы» салатын әлеуметтік тұрғын үй құрылысына ғана бөлінетін болады, – деді елорда әкімі.

Елорда басшысының айтуынша, қазіргі таңда елордада 48 мыңға жуық отбасы тұрғын үйге кезекте тұр.

Отандық өндірушілерге қолдау қажет

Жалпыға бірдей оқыту жобасы аясында көпшілікке өз өнімдерін ұсынатын кәсіпкерлер де бизнесін дамыту барысында біршама қиындықтарды бастан өткеруде. Мектеп формасын тігу компаниясының өкілі Инесса Төлегеннің айтуынша, оқушылардың саны және әр балаға бөлінген қаражат туралы ақпарат өндірушілерге жаңа оқу жылы қарсаңында ғана келіп түседі. Әлбетте, бұл кәсіпкерлердің жұмысын қиындатады.

– Біз 10 жылдан астам уақыт бойы сертификатталған мектеп формасын тігумен айналысып келеміз. Өздеріңіз білетіндей, Астанада 2019 жылдан бастап аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды, халықтың әлеуметтік осал топтарын мектеп формасымен қамтамасыз етуге бағытталған жалпыға бірдей оқыту бағдарламасы жүргізілуде. Бұл бағдарлама бойынша біздің тәжірибеміз жеткілікті. Бұл ретте баршаға ыңғайлы болу үшін электрондық карточка жүйесі әзірленді, жобаны цифрландыру жүргізілді. Алайда 2022 жылы білім беру саласының өкілдері үкіметтің №64 Қаулысына бірқатар түзетулер енгізілді. Менің ойымша, бағдарламаның бастапқы мақсаты отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету болатын. Сондықтан, бізге Білім басқармасының қолдауы өте қажет. Бұл бағдарламаға қанша оқушы қатысатынын, әр балаға қандай сома бөлінетінін біз алдын ала біліп отыруымыз керек. Өткен жылы осы сандар тамыз айында ғана хабарланды, ал мектеп формасын тігуге қыруар уақыт қажет. Егер биыл да осындай жағдай қайталанса, жоспарды орындау қиын болады деп ойлаймын, – деді компания өкілі.

100 мың оқушы орны салынады

Астана әкімі елордада оқу орындарын салу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

– Қалада мектеп оқушыларының саны жыл сайын тез өсуде. Биыл мектеп табалдырығын 25 мың бала алғаш рет аттағалы тұр, 9 мыңға жуық түлек 11-сыныпты бітіреді. Осылайша, жыл сайын қалада кемінде 10 мектеп салу қажеттілігі туындап отыр. Бүгінде, өкінішке қарай, елордада 8 үш ауысымды, 18 тығыздалған мектеп бар. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында біз биыл 24 жайлы мектептің 15-ін салуды бастаймыз. Қалған құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады. Сонымен қатар, биыл 11 мектептің құрылысын аяқтаймыз, оның 10-ы жаңа оқу жылы басталғанға дейін тапсырылады, – деді Жеңіс Қасымбек.

2025 жылға дейін елордада 100 мыңға жуық жаңа оқушы орны пайда болады. Демек, осы салада жүрген кәсіпкерлер үшін атқарылар шаруа шаш-етектен.

Жекеменшік емханалар саны артады

Кәсіпкерлердің айтуынша, қалада тұрғындар санының жыл санап өсуіне байланысты жекеменшік емханаларға қажеттілік азаймай отыр.

– Мен жақында жекеменшік емханалар салумен айналысуға ниет білдірген бірқатар ірі инвесторлармен кездестім. Бұл мәселе талқылану үстінде, қалада жекеменшік емханаларға қажеттілік бар. Сондай-ақ елордада қалыпты 60-70 мыңның орнына 110 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсететін емханалар бар. Сондықтан мұндай бастамаларды, әрине, біз қолдаймыз. Құрылыс жоспарларына сүйене отырып, инвесторлар үшін учаскелерді әділ бөлеміз. Мысалы, мемлекеттік емханаларды біз «Өндіріс», «Железнодорожный», «Кирпичный» тұрғын алаптарында салуды жоспарлап отырмыз. Себебі жеке бизнес өкілдері бұл жерлерде кәсіп ашуға құлықсыз. Мемлекеттік емханаларды жекешелендіру мәселесі де бірнеше рет көтерілді. Бұл бір жақты шешіле қоятын мәселе емес, өйткені көпшілік жекеменшік емханаларда қаралғысы келмейді. Біз әрбір емхана бойынша жеке-жеке жұмыс істеп, барлық тараптарды қанағаттандыратындай шешімге келеміз деп ойлаймын, – деді қала басшысы.

Сапалы интернет – заман талабы

Елордалық кәсіпкерлер интернет сапасы туралы мәселені де көтерді. «Астананың тұрақты даму орталығы» ЖШС директорының орынбасары Виталий Пустовойтенконың айтуынша, бұл мәселе бү­гінде бизнестің жұмысын ғана емес, қала тұрғындарының өмірін де қиындатып отыр.

– Елордалық бизнеске цифр­ландыру белсенді енгізілуде, қызмет көрсету барысында электрондық посттерминалдар пайдаланылады, жеткізудің онлайн-тапсырысының түрлі жүйелері енгізілді. Дегенмен, бизнес пен халық интернеттің сапасы нашар болғандықтан, байланыстың үнемі үзіліп кететінін айтып шағымдануда. Бұл қаладағы құрылыстың тығыздығына немесе халық санының артуына байланысты ма, жоқ па, осы жағы белгісіз, – деді В.Пустовойтенко.

Телекоммуникация комитетінің төрағасы Ержан Мейрамов қалада, негізінен, қаланың жаңа салынып жатқан аудандары мен тұрғын аудандарында «ақ дақтар» барын, сондай-ақ шын мәнінде интернеттің қаладағы құрылыс қарқынына ілесе алмайтын сәттері де болатынын атап өтті.

Туризм де экономиканың бір бағыты

Елордалық туризм қауымдас­тығының өкілі Татьяна ­Верницкая Астанада туризмді дамытудың маңыздылығын баса айтты. Мәселен, мұражайлар аумағында көрмелерден басқа қоғамдық тамақтану орындары, дәмханалар мен кофеханалар, арнайы әдебиеттері бар кітап дүкендері қажеттігін айтты.

– Астана – еліміздегі қалалық мұражайы жоқ жалғыз қала екенін атап өткім келеді. Менің ойымша, қаламызға мұндай мұражай өте қажет. Қалада өткізілетін іс-шаралар туралы ақпараттың жетіспеушілігі туралы да үнсіз қала алмаймын. Туроператорлар, қонақ үй қыз­меткерлері бұл туралы тым кеш біліп жатады. Мұның бәрі қалада туризмнің дамуына кедергі келтіреді, – деді ол.

Туризм қауымдастығының өкілі сондай-ақ қалада туризмді дамыту бойынша өз ұсыныстарын жеткізді.

Кездесу барысында жергілікті атқарушы органдармен жұмыс Өңірлік кәсіпкерлер палаталарының салалық комитеттерімен өзара тығыз қарым-қатынас арқылы құрылғаны атап өтілді. Алдағы уақытта мұндай кездесулер «Атамекен» ҰКП алаңында тұрақты түрде өткізілетін болады. 

Карина КУШАНОВА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button