Басты ақпаратМәдениет

Кенжеғалидың өнер кеңістігі

Әйгілі әнші, өнертану профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кенжеғали Мыржықбайдың өнер көгінде қалықтағанына қырық жылдан асты. Өрелі өнерпаздың елорда мәдениеті мен өнерінің қалыптасу мен өрлеуіне қосқан үлесі мол. Астана әлі Ақмола қаласы аталғанда ерке Есіл жағасына гастрольдік сапармен келіп, болашақ астанаға біржола келуге шақырту алды. Сол шақыруды құп алып, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония, Қазақ ұлттық өнер университеті сынды елорданың іргелі оқу және өнер ордаларының аяққа нық тұрып, елге танылуына талмай еңбек етті.

Қазір Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің тізгінін ұстап, жастардың тұғырлы тұлғалармен кездесіп, өнеге, тәлім-тәрбие алуына дәнекер болып отыр. Жұрт үнемі қарапайым, аңқылдаған, жарқылдаған, сергек қалпында көретін әнші бұл күнде жетпіс жастың жотасына шығып отыр.

Кенжеғали Мыржықбай Н.А.Римский-­Корсаков атындағы Ленинград консерваториясын бітіргеннен кейін өнер жолын Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрынан бастады. Сыдық Мұхамеджановтың «Ақан сері-Ақтоқты» операсында Ақанның партиясын орындап, дебют жасады. Одан кейін осы туындының либреттосын жазған классик қаламгер Ғабит Мүсіреповтің қолқалауымен «Қыз Жібекте» Төлегеннің партиясын шырқады. Жалпы осы театрда 1981-1996 жылдары жетекші солист болды. Осы уақыт аралығында орыс, қазақ, Еуропаның 30-дан астам операсында басты партияларды орындап, театрдың бүкіл репертуарына енді.

1996 жылдың мамыр айында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Светлана Жалмағамбетованың шақыруымен осы өңірге гастрольдік сапармен келді. Атбасар, Есіл, Қорғалжын аудандарында, облыс орталығында бірнеше концерт берді. Дәл сол уақытта Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін құру туралы Елбасы Жарлығы шықты. Әнші қайта құрылған оқу орнының басшысы Амангелді Құсайыновты құттықтап шығайын деген ниетімен университетке бас сұқты. Сол кезде риза болған ректор: «Кенжеғали, міне, мәртебелі университетке айналып жатырмыз. Болашақ астанаға келсеңші. Біздің музыка факультетінің деңгейін көтеруіміз керек. Сенің атағың және тәжірибең бар. Сен маған керексің. Жағдайыңды жасаймын: төрт бөлмелі үй беремін» деді. Мұны күтпеген әнші шабыттанып: «Пәлі, онда опера театрының біраз әншілерін ала келсем бола ма?» деп сұрады. Амангелді Құсайынұлы бұған келісіп, шұғыл түрде кадр бөлімінің басшысы Жанна Әбдірахмановаға Мәдениет министрі Талғат Мамашевқа жолданатын опера және балет театрынан университетке ауысу туралы хат дайындатты.

«Алматыдан-Ақмолаға» атты жеке концертін бергеннен кейін «Казахстанская правда» газеті бірінші бетіне суретін басып, «Болашақ астананың өнер қарлығашы Ақмолада концерт берді» деп жазып жіберді. Шынымен солай еді, себебі өнер адамдарынан алғашқы болып әлі астана бола қоймаған Ақмолаға қоныс аударған Кенжеғали Тұрсынбекұлы болды. Сол уақытта Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының соңғы курсында, «опера режиссурасы» мамандығында оқып жатқан. Ақмолада дипломдық жұмыс етіп алған Загир Исмаиловтың «Құдаша» музыкалық комедиясын қойды. Бұл қойылым сол кездегі Ақмола үшін үлкен жаңалық еді. Спектакльге Ербол Сарин, Нұрай Танабаев, Гүлмира Сарина сынды бүгінгі белгілі әншілер қатысты.

1997 жылы мемлекет және қоғам қайраткері Жәнібек Кәрібжанов Ақмола облысының әкімі болып тағайындалды. Ол әншіге «облыстық филармония жасақта» деп қолқа салды. Сол арқылы астананы қазақыландыру, жергілікті музыканттарды тарту міндеті қойылды. Кенжеғали Мыржықбай филармонияның директоры, көркемдік жетекшісі ретінде тиісті ұйымдастыру жұмыстарын қолға алды. Павлодардан дирижерлікке Мырзағали Айдаболов шақырылды. Құрамы 60 адамнан тұратын ұлт аспаптар оркестрі құрылды. Ал филармонияның салтанатты ашылуы 1998 жылы «Жастар» сарайында өтті. Бұл – қазіргі Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония.

Дәл сол жылы астанада Музыка академиясы ашылды. Кенжеғали Тұрсынбекұлын оқу орнының ректоры Айман Мұсақожаева қызметке шақырды. Еуразия университетінде ұстаздық тәжірибені жинақтаған әнші «Ән салу-хор» факультеті «Жеке ән салу» кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалды. Осылайша оқу орнының уығын қадасып, шаңырағын көтерісті. Мұнда 2007 жылға дейін шәкірт даярлап, өнертану профессоры атанды.

Көрнекті композитор,  КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Еркеғали Рахмадиев – Кенжеғали Мыржықбайдың талантын ерте бастан тап басып таныған тұлғаның бірі. Композитор Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваторияның ректоры кезінде музыкалық мектептер мен училищелердің, консерваторияның дарынды түлектерін Мәскеу мен Ленинградқа оқуға жіберетін. Кенжеғали Тұрсынбекұлы оның жолдамасымен Ленинградтың Н.Римский-Корсаков атындағы консерваторияға оқуға барып, осы оқу орнын бітірді. Осылайша өзі айтатындай, Абай топырағында туып, Пушкин елінде білім алды.

Кенжеғали Тұрсынбекұлының жеке шығармашылығында ұлы Абайдың ән мұрасы ерек орын алады. Хакімнің әндері мен оның өлеңдеріне жазылған туындылардың бірден-бір насихатшысы – өзі. Шыңғыстаудан Маңғыстауға дейін, яғни еліміздің шығысынан батысына дейін барып, Абайдың әндерін әуелете шырқады. Концерттік бағдарламаларымен шетелдерді де аралап, бас ақынымыздың музыкалық мұрасын танытты.

«Өзгеге көңілім тоярсың» атты күйтабақ та шығарды. Абайдың 175 жылдығына орай өткізген «Жүрегім, нені сезесің?» концерті былтыр Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықты иеленді. Кенжеғалидың өнер кеңістігі шексіз.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button