Басты ақпаратҚала мен Сала

Елорда – туризмнің бел тамыры

Қазіргі таңда әлемдік экономикада туризмнің алар орны ерекше. Сондықтан туризм бюджеттің қамбасын қомпайтып, бүйірін томпайтар бірден-бір табыс көзі әрі өте күрделі сала. Бір жағынан елдердің ынтымақтастығын арттырып, мәдени өміріне де елеулі өзгерістер әкеледі. Туризмді жетілдіру халықтың қажеттіліктерін ғана қанағаттандырып қоймай, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдағы маңызды мәселелерді шешуге пайдасын тигізіп, дамушы елдер санатына жеткізетіне қанықпыз.

Мәселен, туризмді дамытып отыр­ған елдердің табатын табыс көзі экспорттың барлық мөлше­рінің 10-35-ке дейінгі пайызын құрайды екен. Бұл дегеніміз өте жоғары көрсеткіш, әрі ен байлықтың арнасы емес пе?
Осы жағдайды жете түсінген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи мұражай қорығында өткен «Ұлытау 2019» халықаралық туристік форумында Қазақстанға турист тарту қажеттігіне аса мән бере келіп: «Біз салалық мемлекеттік бағдарламаны қабылдадық. Оны толық жүзеге асыру туризм үлесін ЖІӨ-дегі 8 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Келушілердің саны 9 миллионға дейін, ал ішкі туристердің саны 8 миллионға дейін өсуі тиіс. Осы салада жұмыс істейтін адамдардың санын 650 мыңға жеткізу керек» деп мәлімдеме жасаған болатын. Сөз арасында туризмнің маңыздылығын тілге тиек ете келіп: « Көптеген шетелдік туристерді бес жұлдызды қонақ үйлер, курорттар сияқты әмбебап дүниелер жалықтыр­ды. Оларды әртүрлі халықтардың мәдениетін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін зерттеу, барған елдің тарихымен танысу қызықтырады. Сондықтан әлемде өзіндік ерекшелігі бар жерлерге баруға, тарихи фестивальдарға және көне әрі қайта қалпына келтірілген маңызды оқиғаларға қатысуға деген сұраныс артып отыр. Біз осындай үрдістерді пайдалануымыз қажет. Қазақстанның әлемге ұсынатын бірегей орындары бар» деп екпін түсіре айтқанынан да құлағдармыз.
Мемлекет басшысының мәлімдеуінен кейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А. Көлгінов елордада туризмді дамыту жөнінде кеңес өткізді. Алқалы жиында туризм саласындағы жұмысты жандандыру және бірқатар ірі іс-шаралар мен фестивальдер өткізуді жоспарлау қажеттілігіне баса назар аударылды. «Президент «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумында елімізге жылына 9 миллион турист келетін мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруды тапсырды. Біз қазір Туризм университетін ашу мәселесін қарастырудамыз. Сонда біз ішкі нарықты кәсіби кадрлармен қамтамасыз ете аламыз» деген қала басшысы Нұр-Сұлтан шаһары Еуразия астанасы ретінде орналасуы тиіс, әрі туристер көп болған сайын, іс-шараларды көп өткізу қажеттігіне тоқталды.
Елордада туризм тек маусымдық емес, жыл бой үздіксіз жалғаспақ. Өйткені қолдағы бар ақпаратқа сүйенсек, астанамызға жылына 1 миллион 300 мың адам келеді екен. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы конгрестер мен конференциялардың халықаралық ассоциациясының (ICCA) мүшесі. Сол себепті де қауымдастық мүшелеріне ақпарат алмасуға мүмкіндік беріп, ірі деңгейдегі іс-шараларды өткізуді қамтамасыз етумен қатар іскерлік (MICE) туризмді өткізу үшін табысты алаң деп танылғанын ескерген жөн. Сондықтан қазірден бастап бас қалада халықаралық авиарейстердің санын арттыру, ірі халықаралық фестивальдер мен жарыстар өткізуді жоспарлау, қаланы туристер үшін тартымды және жайлы ету кезек күттірмейтін міндеттердің бірі болмақ.
Негізінен ерке Есілдің бойында сән құрған кербез астананы іскерлік туризм орталығына айналдыру мәселесі бұдан бұрын да сан мәрте көтеріліп, үлкен-үлкен мінберлерден аз айтылған жоқ. Тек соған аса мән бермедік пе, шабан аттың жүрісіндей ісіміз өнбей қойғаны рас. Дегенмен де ауызды қу шөппен суртуге де болмас. Қол қусырып қарап отыр­ған жәйіміз жоқ. Қолдан келгенше атқарылып жатқан кешенді шаралардың қарасы да біршама баршылық екенін айта кеткен жөн. «Сабақты ине сәтімен» болып сөз орайы келгенде баяндай кетейін.
Алдыңғы жылы, яғни 2017 жылдың соңында отандық және шетелдік тәжірибелі мамандардың табандылығы мен жауапкершілігінің арқасында «Астана қаласында туристік саланы дамытудың жол картасы» кешенді бағдарламасының тұсаукесері өтті. Жол картасында белгіленген жобаға сәйкес, алдағы уақытта Астанадағы туристік саланы – іскерлік, қалалық демалыс түрлері және медициналық туризм бағыттарында дамытуға басымдық берілетін болған. Бас қаламызға туристерді барынша көп тарту мақсатында ғарыш музейі, ботаникалық бақ, жабық гүлзарлар, аквапарк­тер және басқа бұқаралық мәдени демалыс орындары іске қосылып, нәтижесінде 2020 жылы елордаға келетін туристердің жалпы санын екі миллион адамға жеткізу, оның ішінде бір миллионнан астам шетелдік туристерді тарту көзделген.
Қонақжай қазақ елі үшін астанамызда ұялмай көрсетіп, таңдай қақтыратын жерлерден еш кемде емеспіз. Әлемде теңдесі жоқ
ЭКСПО-2017 көрмесін абыроймен өткізгеннен кейін босап қалған павильондар туризм саласын дамытуға барынша ықпал ететін мол мұраның бірі екендігі еш дау тудырмасы анық. Аталмыш көрменің бірегей нысаны – «Нұр Әлем» музей-павильонын сарапшылар Париждегі Эйфель мұнарасы, Лондондағы Хрусталь сарайы сияқты ғимараттармен иық тіресе алатын әлемдік мұра үлгілерінің қатарынан орын алады деген пікірлері көңілге қонады.
Иә, астананың іскерлік туризмді дамытуға қажетті әлеуеті зор. Осы орайда тек бір көкейкесті мәселені ескеруіміз қажет секілді. Егер төрткүл дүниеден турист тартар болсақ бар түйін бағаға келіп тірелетіні анық. Сондықтан еліміздегі әуе компаниялары, қонақ үйлер, такси қызмет көрсету бағасын тым шарықтатып жібермеуіне қатаң бақсылау жасалса нұр үстіне нұр. Ал әзірге елорда туризм орталығына айналатынына сенім мол.

Бейбіт ОСПАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button