Ел тынысы

Елордада сот отырысына қатысатын аудармашылардың мәселесі қаралды. 

Елордада сот отырысына қатысатын аудармашылардың мәселесі қаралды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Астанада қалалық соттың ұйымдастыруымен «Сот төрелігін мемлекеттік тілде жүзеге асыру мәселелері» атты дөңгелек үстел өтті.

Шараға судьялар, адвокаттар, Мәжіліс депутаттары мен тіл мамандары қатысты.

«Қазақ тілінде өткен сот отырысында қатысушы тараптар орыс тіліне аударуды сұрағанда мәселе аудармашыларға келіп тірелетіні анық. Аудармашыға мемлекет тарапынан төленетін қаржы Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 1992 жылғы қаулысына негізделген. Оған 32 жыл бойы өзгеріс енгізілмеген. Төленетін қаржы сомасы қазіргі нарық талабына сай емес. Нақты айтсақ, аудармашының сотқа 1 сағатқа қатысу құны 329 тенге, яғни бір іс бойынша шамаман 2000-4000 теңге шамасында төленеді», – деді Астана қаласының соттарында мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту және дамыту жұмыстарын үйлестіру комиссиясының төрағасы, судья Айсұлу Сламбекова.

Маманның мәлімдеуінше, Министрлер кабинетінің 1992 жылғы қаулысына өзгеріс енгізу бір күндік жұмыс емес. Сондықтан елорда соты мәселенің шешу жолын басқаша қарастырған.

«Сот қызметкерлерінің ішінен филология бойынша жоғарғы білімі бар мамандар іріктеп алынып, олар даярлық курсынан өтті. Арнайы сертификаты бар мамандар, қажет жағдайда сот істеріне аудармашы ретінде тартылады. Бұған қатысты қалалық сот төрағасының арнайы өкімі бар», – дейді ол.

Айта кетсек, Астанада әрбір төртінші қылмыстық іс қазақ тілінде қаралады.

Елордада қылмыстық істерді мемлекеттік тілде жүргізудің алгоритмі қалай жұмыс істейді? Былтыр қанша қылмыстық іс қазақ тілінде жүргізілді? Осы және өзге де сұрақтарға Астана қаласының соттарында мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту және дамыту жұмыстарын үйлестіру комиссиясының төрағасы, судья Айсұлу Сламбекова жауап берді.
«Қазір мемлекеттік тілде іс жүргізу жұмыстары бірнеше бағытта жүргізіліп жатыр. Ол қылмыстық, құқықбұзушылық, азаматтық және әкімшілік. 2022 жылғы 14 желтоқсанда елордада қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарайтын аудандық соттарға мемлекеттік тілді қолдану жөнінде алгоритм жолданды. Алгоритм бойынша судья орыс тілінде түскен істі айыпталушының ұлты қазақ болса, ана тілінде іс жүргізу құқығын түсіндіріп, келіскен жағдайда қазақ тіліне өтуі қажет», – деді Айсұлу Сламбекова елордада өткен жиында.

Оның айтуынша, көп жағдайда, айыпталушы екі тілді де түсінгенімен, сотта ана тілінде жауап беруді сұрайды. Сондықтан іс бойынша тергеу материалдарын қазақ тіліне аударудың қажеттілігі жоқ.

Одан әрі судья өткен жылғы статистика мен тергеушілердің іс жүргізу тіліне тоқталды.

«Қылмыстық істер бойынша 2023 жылы қазақ тілінде түскен және орыс тілінен қазақ тіліне ауыстырылған істердің орташа көрсеткіші 26 % немесе әрбір 4-ші қылмыстық іс қазақ тілінде қаралған. Оған тікелей ықпал етіп жатқан соттардың тіл мәселесіне қатысты жеке қаулы шығарылуы. Жасыратыны жоқ, тергеушілердің дені ұлты қазақ бола тұра, ана тілін жетік білмегендіктен, өзіне ыңғайлы болу үшін күдіктіден істі орысша жүргізу туралы арыз жаздырып алады. Ал, сотта судья жауап ала бастаған кезде, айыпты орыс тілінде жауап бере алмай қиналады. Сондықтан, судья ең бірінші осы мәселені шешіп алуы тиіс», – дейді ол.
Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button