ӘлеуметБасты ақпарат

Еңбек құқы тапталғандар – талапсыз

Жақында Қазақстанның Еңбек кодексі әлемдегі ең осал еңбек шарттарының ондығына кірді. Халықаралық кәсіподақ конфедерациясы арнайы сараптама жасап, біздегі қызметкерлердің құқы қаншалықты қорғалады деген сұраққа осылайша жауап берді.

Еңбек шарты  осал он ел

Рейтингті тізген ұйым 142 мемлекетті есепке алған. Қазақстанмен бірге Алжир, Бангладеш, Камбоджа, Колумбия, Египет, Гватемала, Филиппин, Сауд Арабиясы және Түркия көш бастап тұр.
«Қазақстанда жұмысшылар құқығының қорғалуы өте төмен деңгейде. Бұл ел кәсіподақ туралы заңды әлі халықаралық стандартқа сай етіп жасамады» делінген зерттеу жұмысында. Сондай-ақ, сарапшылар басты үш себепті атап көрсеткен. Олар – кәсіп­одақ басшыларын тұтқындау, мемлекеттік репрессия және дискриминация. Жұмысшылардың құқын құрғақ статис­тикамен өлшеуге келмейді. Сондықтан жұмыссыздық деңгейі бойынша 4,6 пайызбен республикада көш бастап тұрған елордада еңбек етіп жатқан азаматтардың әл-ау­қатын білуге асықтық.
Бұл мегаполиске еліміздің әр өңірінен мыңдаған адам нәпақасын табу үшін ағылып келеді. Соңғы жылы осы мақсатта Астанаға 80 мыңнан астам азамат қоныс аударған екен. Олар көбіне жұмыс талғамайды, кез келген іске білек сыбана кірісіп кетеді. Тиын-тебеннің басын құраймын деп жүріп, жұмысшы ретінде өз құқығының сақталуына да мән бермейді.
Еліміздің Еңбек кодексінің 68-бабында жазылғандай жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан, ал күніне 8 сағаттан аспауға тиіс. Ал қызметкер 8 сағаттан артық жұмыс істесе, белгіленген еңбекақының кем дегенде 1,25 пайызы төленуі міндетті.

Құқын білмеген — құлықсыз

Еңбек келісімшартының сақталуын былай қойғанда, оны жасамайтын жұмыс берушілер дәл осы елордада жетіп артылады. Мәселен, сау­да-ойын-сауық орындарында сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істейтін сатушылардың біразында еңбек шарты жоқ болып шықты. Демек олар зейнетақы қорына ешқандай төлем аудармайды, салық жүйе­сіне де қатыспайды. Жұмыс уақытында зардап шеккен болса, ешқандай өтемақыға үміттенбейді. Бұл жалдамалы жұмысшыларға қосымша жүктеме жұмыс сағаты бір айда 12 сағаттан көп болмауы керек деген заң да жүрмейді. Заңсыз жұмыс істеп жатқан сатушыларды әңгімеге тартқанымыз­да «Кейде еңбек шартының болмауы екі тарапқа да тиімді. Бюджетке аударылуы тиіс міндетті төлемдер қалтаға келіп түседі» деп бастап, бізден есімдерінің жасырын қалуын өтінді. Себебі заңды шарт болмаса да, жұмыс бар, одан айырылып қалуға қорқады. «Киім-кешек сататын дүкенде жұмыс істеп жүргеніме 2 жылдан асты. Үш сатушымыз. Бастықтар оның біреуімен ғана келісімшартқа отырды. Осылайша кәсіпті заңды жүргізіп жатқандай кейіп танытады. Қанша рет құжаттарды реттеп, еңбек келісімшартына отыруды өтіндім. Бірақ келісер емес, сенің орныңа басқа біреуді ала саламыз деп сес көрсетеді» дейді бір кездері ауылдан Астанаға жұмыс іздеп келген қыз. Ал «Еңбек өтілі ше?» деп сұрағанымызда «Жұмыс ауыстыратын болсам, сынақ мерзімі беріледі. Қабілетіме қарай дәл осындай басқа жұмысқа да кіруіме болады» дейді ол.
Ал ақша берсе, артық жұмыс істеуден тартынбайтындардың қатарында таксистер де бар. Қаладағы жолаушылар тасымалымен айналысатын түрлі жекеменшік фирмалардың қоластындағы кейбір көлік жүргізушілері күні-түні демалыссыз жұмыс істеуге дайын. Еңбек ақысын «ренжітпей» беретін бас­тықтар әр жұмысшы тынығу керектігін ескермейді. Әсіресе өзгенің өміріне жауапкершілікті алатын жүргізушілерге ұйқы қажет-ақ. Өзін Берік деп таныстырған таксист күніне 20-30 шақты тапсырыс алатынын айтты. «Жұмыс көбінесе уақыт талғамайды. Таңғы 4-тен бастап тік тұратын кездер жиі болады. Бірінен соң бірі жалғасып кететін тапсырыстармен жүріп, кештің қалай батқанын да байқамайсың. Бірақ жұмыс түнде де тоқтамайды» деп жұмыс кестесі қалай құрылғанын баяндап берді ол. «Шаршауды білмейді екенсіз» дегенімде «Әрине, шаршайсың. Бірақ бала-шағаны асырау керек» деген Берік мәселенің мәні тағы да әлеуметтік жағдайға келіп тірелетінін жеткізді.
Көбінесе қарапайым халық жұмыс берушілер жалақы төлемеген жағдайда ғана шағымдануға мүдделі. Оған мысал, ЭКСПО қалашығын тұрғыз­ған құрылысшылардың дауы. Істі болып, сотталып кеткен компания басшысы Талғат Ермегияевпен бірге 400-ге жуық жұмысшылардың жарты миллиард теңгесі бұлбұлдай ұшты. Маңдай тер ақыларын талап еткен құрылысшылар сотта да жеңіп шықты. Алайда осы уақытқа дейін ешқандай жалақы ешкімге төленбеді.
Бастықтардың ертең деген сөзіне сеніп, жылдар бойы жалықпай еңбек еткен жалдамалы жұмысшылардың жайы осы. Ал азаматтардың еңбек құқығының сақталуына жауапты министрлік – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыскерлерден ең алдымен еңбек шартын жасауды сұрайды. Тек заңды келісімшарт болған жағдайда ғана құқы бұзылған азаматты қорғауға болады. Әйт­песе әңгіменің бәрі бос.

Жұмысшыларға қай ел жайлы?

Ал енді ең қолайлы жағдай ұсынған мемлекеттердің еңбек шарттарына көз тігейік. Үздіктердің қатарынан Австрия, Бельгия, Дания, Финляндия, Германия, Исландия, Италия, Нидерланд, Норвегия, Словакия, Швеция және Уругвай көрінді.
Білуімізше, Австрияда жұмыс уақыты ерте басталып, ерте аяқталады. Кәсіпорындар мен жекеменшік мекемелерде жұмыс кестесін өзіңізге ыңғайластыруға болады. Мәселен, жұмыста таңғы 6:30-да немесе 9:00-де бастай аласыз. Бірақ белгіленген 8 сағаттан кейін үйге қайтып, отбасыңызбен бірге уақыт өткізуге рұқсат. Ал егер жұмыста бөгеліп қалсаңыз, қосымша жүктемеге жоғары пайызбен жалақы төленеді. Бұдан басқа да амалдар қарастырылған. Жұма күні тынығып, демалыс күндерін ұзартқыңыз келсе, бастықтармен келісіп, бір-екі жұмыс сағаттарын қосып алуға мүмкіндік бар. Ал жыл сайынғы еңбек демалысы 24-30 күн емес, 5 аптаға созылады екен.
Табиғи ресурстары аз Швейцария болса, адами капиталдың құндылығын жақсы біледі. Жұмысқа қабылданған қызметкердің сынақ мерзімі көбінесе 1 айға белгіленеді. Ал қысқартуға келгенде, жұмысшысын алып қалу үшін қандай амалдар қарастырғаны жөнінде кәсіподақтың алдында жауап береді. Ал еңбек шартын бұзуға тура келсе, 1 жылдық еңбек өтілі бар азаматқа 1 айдың ішінде, ал 2-9 жыл шамасында жұмыс істесе, 2-3 ай бұрын хабарландыру алады.
Фин мемлекетінің еңбек заңы жұмыскерлерді азаматтығына қарай алаламайды. Қызметкерлердің барлық құқығы мен міндеттерін кәсіподақ айқындап береді. Мәселен, азамат бір жұмыс орнында 1 айдай жұмыс істеп, ауырып қалған жағдайда да, оның жалақысы жүріп отырады.
Бәлкім, жыл басынан бері 40 мыңға жуық қазақстандықтардың шетелге тұрақты тұруға кетуінің басты себебі де осы болар.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button