Мәдениет

Ешқашан ескірмейтін әндер

«Астана» концерт залында Сыдық Мұхамеджанов, Әбілахат Еспаев, Теміржан Базарбаев секілді көрнекті композиторлардың шығармашылығына арналған «Ұмытылмас әндер» атты кеш өтті. Елорданың мемлекеттік академиялық филармониясы ұйымдастырған кеште өнер ошағының ұжымдарымен қатар Қазақстан және Татарстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бағдат Сәмединова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Алтынай Жорабаева мен Айгүл Қосанова аталған музыка майталмандарының әндерін әуелете салды.

Өткен ғасырдың 50-60-жылдары қазақ өнеріне бір шоғыр тамаша композиторлар келді. Олар өздерінің классикалық шығармалары мен эстрадалық әндерімен ұлттық музыканы байытты. Соның бірі – КСРО және ҚазКСР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сыдық Мұхамеджановтың туғанына жақында 95 жыл толды. Артына мол мұра қалдырған шығармашылық иесі операларды, симфонияларды, ораторияларды, әндерді, романстарды тудырып, хорлар мен концерттерге, драмалық қойылымдар мен кинофильмдерге арнап музыка жазды. Осы кеште оның «Шаттық Отаны» симфониясы қалықтап, ұлы Абайдың өлеңдеріне жазылған әндер, т.б. туындылары шырқалды. Соның ішінде әнші Мұратбек Хайролда мен талантты биші Көркем Шолошова «Қырманға кел, қалқатай» әнімен тамаша көрініс қойып, көрермендердің көңілін көтерді.Әбілахат Еспаев 240-қа жуық әндер мен романстардың авторы. 8 спектакль композитордың музыкасымен көркемделіп, сахнаға жол тартты. Ал бәрімізге таныс «Аққуым», «Ақ сәуле», «Маржан қыз», «Ұстазым», «Қайдасыңдар, достарым» сынды әндері қазақ музыкасының алтын қорына енгізілді. Концертке жиналған қауым осы әндермен сусынын қандырып, жансарайларын ашты.
Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Теміржан Базарбаевтың «Ауылым», «Тамаша» әндері талайларымыздың жүрегімізді тербейді. Оның лирик ақын Тұманбай Молдағалиевтің өлеңіне жазылған «Қаздар қайтқанда» әнін Айгүл Қосанова эстрадаға әдемі салған еді. Осы жолы танымал әнші бұл туындыны симфониялық оркестрдің сүймелдеуімен бір мысқал кем емес айтты. Көрермендер концертте ешқашан ескірмейтін әндерді тыңдап, бір демалып қалды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button