Басты ақпаратҚала мен Сала

Қозғал, қазақ, солтүстікке!

Ресми деректен не байқаймыз?

Қазақстан халқының саны биылғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша 18547,5 адам болды. 1 тамыздағы ақпарат бойынша еліміздегі тұрғындардың саны 18529 мың адамды құрап, жыл басынан бері 0,72 пайызға өскен. Халық саны өсімінің жоғары көрсеткіштері Нұр-Сұлтан (2,89 пайыз) және Шымкент (1,45 пайыз) қалаларында, Маңғыстау (1,73 пайыз), Алматы (1,61 пайыз), Түркістан (1,08 пайыз) және Атырау (0,99 пайыз) облыстарында тіркелген. Түркістан облысы халқының саны 2 млн адамнан асып, Алматы облысынан (40 мыңға көп халық тұрады) кейінгі екінші орынға шықты. 2019 жылдың алғашқы жеті айында 17 өңірдің 11-інде халық саны көбейген.
Ал халық саны азайған облыстардың көшінің басында Солтүстік Қазақстан (0,57 пайыз) облысы тұр. Бұл – еліміздегі халық санының табиғи кемуі байқалған жалғыз өңір. Одан кейінгі орындарда Қостанай (0,29 пайыз), Шығыс Қазақстан (0,24пайыз), Павлодар (0,12 пайыз), Қарағанды (0,08 пайыз) және Ақмола (0,06 пайыз) облыстары орналасқан. Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті ұсынған ресми деректерден республиканың солтүстік, орталық және шығыс аймақтары халқының саны кеміп, оңтүстік, батыс және миллионнан асатын тұрғындары бар қалалар халқының саны ұлғайғанын көреміз.

Солтүстіктің халқы қартаюда

Биылғы 1 тамыздағы мәлімет бойынша Солтүстік Қазақстан облысының халқы 551,3 адам болған. Салыстырып көрсек, 2014 жылы өңірде 575,9 мың адам тұрған. Яғни 5 жылда 24,6 мың адам көшіп кеткен. Халық санының жаппай кемуі қазір де байқалуда. Ресми статистикаға сүйенсек, биылғы қаңтар-мамыр айларында Солтүстік Қазақстан облысынан 4952 адам басқа жаққа қоныс аударып, 2823 адам көшіп келіпті.
Тағы бір мәселе – солтүстіктің халқы қартайып барады. Сандармен салыстырып көрсек, егер республикада әрбір 100 балаға шаққанда жасы 65-тен жоғары 26 адамнан келсе, ал Солтүстік Қазақстан облысында қартаю индексі 100 балаға шаққанда 63 ақсақалдан келеді. Статист-мамандар бұл өңірде буын алмасу жойылып барады деп дабыл қағуда. Мысалы, елордамызда 100 балаға 16 егде адамнан келеді. Еліміз бойынша халықтың орташа жасы 31,8 болса, бұл көрсеткіш Солтүстік Қазақстанда – 38 жас.
Жуырда Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мамандары бір қызықты болжамдарды жұрттың назарына ұсынды. Статистика комитетінің деректеріне талдау жасаған орталық 30 жылдан кейін Қазақстан халқының саны 24,5 млн адамға жетіп, соның ішінде 9 млн-ы елдің ірі үш қаласында тұратынын болжады. Осы орталықтың Еңбек ресурстарын болжау департаментінің директоры Дмитрий Шумеков: «2050 жылы Нұр-Сұлтан тұрғындарының саны 3,1 млн адам болады, ол кезде Алматыда – 3,3 млн, Шымкентте 2,6 млн адам тұрады. Облыстардың ішінен Маңғыстаудың халқы – 1,36 млн, Атыраудың халқы 1,1 млн адамға жетеді. Ал бес өңір: Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан халқының жиынтық саны 1,3 млн адамға азаяды. Көші-қон құрылымында 20-30 жастағылардың көп екенін ескерсек, тұрғындар санының табиғи өсімі тез төмендейді» деген пікірін айтты. Қош делік.

 

 

Жұрт неге көшіп жатыр?

Социологиялық зерттеулерден мәлім болғанындай, жұрттың үдере көшуіне себеп болып отырған бірнеше факторлар бар. Біріншісі – жергілікті жердегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың нашарлығы. Жұмыссыздық мәселесі өз алдына. Ресми статистика бойынша елімізде 441 мыңнан аса жұмыссыздар тіркелсе, соның 14,9 мыңы – солтүстіктегі облыста. Екіншіден, Солтүстік Қазақстан облысындағы орташа жалақы көлемі – 130 мың теңге. Бұл көрсеткіш Нұр-Сұлтанда – 300 мың, Атырау облысында – 325 мың теңге. Республикадағы көрсеткішпен салыстырғанда тұрғындардың табысы 30 пайызға төмен. Өткен жылдың соңында өңірдегі 11 кәсіпорын өз қызметкерлерінің еңбекақысын 36847 теңгеден 52495 теңгеге дейін көбейтті. Үшіншіден, ауылдардың қалалардан шалғайда орналасуы да халықтың көшуіне ықпал етуде. Мағжан Жұмабаев ауданында 30 мыңнан аса халық тұрады. 2018 жылы ауданнан 1731 адам көшкен. Төртіншіден, шекаралық облыстың халқы көршілес Ресейге үдере көшуде. Мұның бірнеше себептері бар: Ресейде әлеуметтік мәселелер (жоғары еңбекақы, білім алу, ем-дом алу, баспана, жұмыс табу, жәрдемақы төлеу) оң шешілген. Еліміздің Білім және ғылым министрлігі назар аударатын бір мәселе бар. Ресейдің Түмен, Омбы, Қорған қалаларындағы жоғары оқу орындарының өкілдері қаңтар-ақпан айларында Солтүстік Қазақстандағы қала, ауылдарды аралап, мектептердегі ең үздік оқитын оқушылардың барлығын тестілеуден өткізіп, білім беру гранттарын беріп қояды екен. Бұған неге жол беріп отырмыз? Түстіктегі алып көршіміз осылайша жымысқы саясатын жүзеге асыруда. Ішкі көші-қонның біз тізбелегеннен басқа да себептері бар.

Биыл бас қаладан Екібастұзға – 138 отбасы, Солтүстік Қазақстанға 6 отбасы көшіп барды. Бір қуанарлығы, Екібастұз елордада тіркелген 222 отбасыны, Қызылжар өңірі 100 отбасыны қабылдауға мүмкіндігі бар. Көшемін деген үміткерлерге екі шарт қойылады: Екібастұзға баратындардың – 3-тен көп баласы, Солтүстік Қазақстанға баратындардың 2-ден көп баласы болуы және елордада үйдің кезегінде тұруы тиіс.

«Серпіннің» серпіні сезілмей отыр

Халық санының азаюы, ішкі көші-қонды реттеу деген мәселелер ел Үкіметін де алаңдатуда. Жұмыс күші тапшы, халық саны аз солтүстік, шығыс өңірлерге оңтүстіктен халықты көшіруге арналған «Серпін-2050» атты жобаның іске асырыла бастағанына 5 жыл болды. Өкінішке қарай, бұл әлеуметтік бағдарлама мезгіл мәселесін толық шеше алмай отыр. Сол себептен сарапшы-мамандар «Серпінге» қатысатын облыстардың санын қысқартуды ұсынды. Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман былтыр «Серпін» бағдарламасына ел бюджетінен бөлінген 9,5 млрд теңгенің тиімсіз жұмсалғанын айтты. «2018 жылы «Серпін» жобасы бойынша университетте бітірген түлектердің 23 пайызы, колледж түлектерінің 24 пайызы ғана өздері білім алған өңірлерде жұмыс істеуге қалған. Мысалы, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстарынан келген азаматтардың бәрі өз ауылдарына қайтты деген сөз» дейді ол.
Депутаттың пайымдауынша, «Серпінді» қайта қарап, ел жастарын тек солтүстік өңірлерге жіберу қажет. Сол себептен бағдарламаға қатысушы ретінде 4 облыс: Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстанды ғана қалдырған абзал. Негізінен, дұрыс шешімнің бірі – «Серпінді» «Еңбек» бағдарламасымен сәйкестендірген тиімді. Кәрібай Мұсырман қоныс аударушылардың отбасындағы мектеп түлектерін «Серпінге» ең алдымен қатысу құқығын беруді ұсынды. Яғни баласы оқуға түскен отбасылардың көшіп барған жерінде тұрақтап қалуына жағымды ықпалын тигізетін фактордың бірі – осы.

Көшкен жұрттың бас ауруы – баспана

Шынын айтсақ, оңтүстіктен солтүстікке, шығысқа көшкен жұрттың басын ауыртатын басты мәселесі – баспана алу. Қазір мемлекет үйлерді жалға алуға, сол соманы пайдаланып, үй сатып алуға немесе салуға қаражат бөледі. Бірақ бұл қадам мәселені толық шешпейді. Не істеу керек? Бұл жерде Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі көңілге қонады. Бұл туралы Кәрібай Мұсырман былай дейді: «Өткен жылы Елбасының қолдауымен, облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың бастамасымен алдағы үш жылға (2019-2020-2021) өзге өңірлерден қоныс аударғандарға 3 мың баспана салу жөнінде шешім қабылданды. Үш жылдық бюджетте бұған қыруар қаражат қарастырылған. Мұның өзі жыл сайын кем дегенде 600-700 отбасын солтүстікке көшіруге мүмкіндік береді. Облыс басшылығы, әсіресе, көпбалалы отбасыларды шақырып отыр. Оларға ауылдарда жекеменшік коттедж үйлер салып береді».
Тұрғындарды көшіру бағдарламасын сәтті іске асырып отырған өңірлердің бірі – елорда. Мысалы, биыл бас қаладан Екібастұзға – 138 отбасы, Солтүстік Қазақстанға 6 отбасы көшіп барды. Бір қуанарлығы, Екібастұз елордада тіркелген 222 отбасыны, Қызылжар өңірі 100 отбасыны қабылдауға мүмкіндігі бар. Көшемін деген үміткерлерге екі шарт қойылады: Екібастұзға баратындардың – 3-тен көп баласы, Солтүстік Қазақстанға баратындардың 2-ден көп баласы болуы және елордада үйдің кезегінде тұруы тиіс. Қазіргі кезде Нұр-Сұлтан қаласында баспана кезегінде 3 мыңнан аса көпбалалы отбасылар тұр. Көшіру бағдарламасы осы кезектің оннан бір бөлігін азайтуға септігін тигізеді.
Екібастұз бен Қызылжардың айырмашылығына келсек, Солтүстік Қазақстанға көшіп барғандарды Петропавлдан 100-200 шақырым жердегі ауылдарға жібереді. Оларға арнайы салынған ауданы 70-150 шаршы метрді құрайтын жаңа жер үйлер беріледі. 8 сотық учаскесі бар үйдің ауласына бау-бақша егіп, мал асырауға болады. Атап айтарлығы, жұмыс күші тапшы өңір білімі жоқ азаматтарды да қабылдайды. Өйткені олар өзі таңдаған мамандығы бойынша үш айлық оқу курсынан өтеді. Солтүстікте жұмыс күшінің тапшылығы «күйіп» тұрғаны соншалық, жуырда облыс әкімі Құмар Ақсақалов Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына және оңтүстік өңірлерге көшіп кеткен жерлестерін елге оралуға шақырды. Ол қайтып оралғандардың көш квотасына қосылып, баспана алуға мүмкіндігі болатынын хабарлады.

Сөз түйіні

Мемлекет биыл 2253 отбасын (9614 адам) көшіруді жоспарлаған. Соның ішінде 1056 отбасы аталған өңірлерге көшіп барған. Демек, көш тоқтамайды. Халқы тығыз жерлердегі қазақтың бәрі солтүстікке барғаны жөн. Биыл тұрғындарды көшіретін өңірлердің қатарына Нұр-Сұлтан қосылды. Елорда көпбалалы отбасыларды аймақтарға көшірудің жаңа бір үлгісін көрсетті. Халық санын азайту үшін үшінші бір өңір ашылуы мүмкін.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button