Басты ақпаратРуханият

Фариза феномені

Кеше Ф.Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназияда көрнекті ақын, ­Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Фариза ­Оңғарсынованың өнегелі өмірі мен шығармашылығын өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау мақсатында «Ақын жүрегіндегі елорда» атты еске алу кеші өтті. Парламент депутаттары, белгілі ғалымдар, қоғам және мемлекет қайраткерлері, қаламгерлер мен ұстаздар қауымы, ақынның жақындары мен туыстары қатысқан алқалы жиында поэзия падишасының есімі ардақталды.

Биыл №77 мектеп-гимназияға Фариза Оңғарсынованың аты берілген күннен бастап ақынның рухы мен шығармашылығы оқушылардың бойына дарысын деп түрлі сайыстар, халықаралық ғылыми жобалар жарыстары өткізіліп жатыр. Мұны атап өткен білім ошағының директоры ­Нұрлан Ысқақов «Осы сайыстар мен жарыс­тарда ақынның рухы демеу беріп отыр» деді. Келесі жылдың мамыр айында Фариза Оңғарсыноваға арналған халықаралық конференция өткізуді жоспарлағандарын жеткізді. Қонақтар өнерлі балалардан құралған мектептің ұлт аспаптар оркестрінің өнері мен ұстаздар мен оқушылар қойған «Өлең, мен сені аялап өтем» атты қойылымды тамашалады.

– «Тарихты тұлғалар жасайды» дейді. Сондай тұлғаның бірі – көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованы осындай еске алу кеші оқушыларға керек. Елімізді көркейтіп, дамытқан, тәуелсіздігімізге үлкен үлес қосқан қайраткерлерімізді еске алу арқылы біз жастарымыздың бойына патриоттық сезімді себеміз, – деді жиынды жүргізген Ұлттық ғылым академиясының академигі, Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мен Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Кәрімбек Құрманәлі.

Көрнекті ақын Әбділда Тәжібаев­тың: «Менің Фариза өлеңдерінен бірінші алған əсерім өлеңшімен емес, ақынмен кездестім. Кездестім де шексіз қуандым», «болашақпен беттесу жəне тілдесу үшін өмірде ақын қалады, өйткені ақын əлеуметтік өмірдегі, көрнекті тұлға» деген сөздерін еске алған мемлекет және қоғам қайраткері Зейнолла Алшымбаев «Әбділда аға Фариза поэзиясының мәңгілік, өміршең екендігін, халқымен бірге жасай беретіндігін өте дөп басып айтқан деп өз басым ойлаймын» деді. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев­тың ­Фаризаға арналған атақты өлеңін келтіре келе, сол кездің өзінде Мұқағали Фаризаның бойынан қайраткерлікті байқағанын атап өтті. Мысал ретінде Фариза Оңғарсынованың Асанбай Асқаровқа хатын, қайраткердің жауабын атап өтті. Оқушыларды кітап оқуға шақырды.

Мәжіліс депутаты, белгілі қаламгер, ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахманов Фариза Оңғарсынованың аты көзінің тірісінде-ақ аңызға айналғанын айта келе, оның еңбегін қазақ поэзиясына қосқан үлесімен ғана шектеуге болмайтынын айтты.

– Жалпы Фариза Оңғарсынова – әдебиеттің, мәдениеттің, руханияттың аумағына сыймайды, ол – құбылысқа айналған тұлға. Фариза, ең алдымен, қазақтың рухын, қазақ қызының қадір-қасиетін көтерді. Фаризаға қарап бүкіл халық өзінің қыздарын, қыз-келіншектерді бұрынғыдан да қадірлей түсті. Қиын кездерде халық Фаризаның аузына қарайтын, бір кездерде Бауыржан Момышұлына қараған еді. Фариза апаның кітаптарында асыл қазына тұнып тұр, – деген депутат Фариза Оңғарсынованың аудармаларына тоқталды.

Мәжіліс депутаты Дархан ­Мыңбай қазақ әдебиеті мен поэ­зия­сын түсінетін азаматтардың барлығы Фариза Оңғарсынованың шәкірттері деп ойлайтынын айта келе, оқушыларды ақынның жырларын жаттауға шақырды.

– Баяғыда Ғабит Мүсірепов ағамыз «Құс биікті, балық тереңді іздейді, ақын өлеңді іздейді» деп айтқан екен. Мен ойлаймын, Фариза апамыз тек өлеңді іздеген жоқ, ол өмір бойы жақсы адамдарды іздеді. Қазіргі біздің ақын қыздарға сол жетпейді. Әрқайсысы томаға тұйық жүреді, мына қоғамдағы орнын, өздерін көрсете алмай кетеді. Фариза апамыз депутат болып қаншама іске араласты, ол болмаса Астана руханияты осындай дәрежеге жетпес еді, – деді Дархан Мыңбай. Ақынның жеке қасиеттеріне тоқталып, кешігуді жек көргенін, лирикасы жүрек қылын шертетінін айтып өтті.

– Фариза апай кезінде ­«Қазақстан пионері» деген газеттің бас редакторы болды, қазір – «Ұлан». Жазуға құмартқан балалардың бәрі сол газеттен өтті. Ауылда жүрген сондай балалардың бәрі Фариза апайдың есімін жақсы білетін. Фариза апайды жақсы көру үшін міндетті түрде Атырау­дың не Маңғыстаудың адамы болуың міндетті емес, оны бүкіл қазақ, бүкіл қазақтың зиялылары жақсы көрді, – деген белгілі публицист, ғалым, академик Бауыржан Омарұлы ақынмен бірге жүрген күндерді, соның ішінде Атырауға Мұрат Мөңкеұлының 150 жылдық тойына барған сапарын еске алды. Зиялы қауымды Фариза мектебінің кітапханасын байытуға шақырды. Фототілші Шүкір Шахайдың архивінде Фариза Оңғарсынованың еш жерде жарияланбаған суреттердің барын жеткізді.

Академик Еренғайып ­Омаров Фариза Оңғарсыновамен қалай танысқанын айта келе, оның азаматтық қасиеттеріне тоқталды. Ақынның құрбысы Әскерхан Тұрысова естелік айтты. Белгілі ақын, Л.Гумилев атындағы ­Еуразия ұлттық университетінің доценті Оңайгүл Тұржан Фариза ақынның шығармашылығындағы ерекшеліктерді атап өтті.

– Фариза Оңғарсынова – поэзия­ға үлкен жаңалық әкелген адам. Біріншіден, әдебиет зерттеушілері махаббат жырларына революция әкелді деп есептейді. Сезім дегенін шынында да адамның бойына қуат беретін қасиет екенін көрсетіп берді, – деген Оңайгүл Тұржан ақын қайтыс болғанда бүкіл халық күңіренгенін айтты.

«Фариза феномені» еңбегінің авторы, белгілі ғалым Амантай Шәріп жақында Қарақалпақстанға барып келгенін, сол жерде Фариза Оңғарсынова атын қойған Фариза есімді студентпен танысқанын және оның тарихын айтып берді.

Қазақ радиосының ардагері Күләш Кәйланқызы радиода жүргенде Фариза Оңғарсынованың батасын алғанын айта келе, бір өлеңін оқып берді. Геральдикалық зерттеулер орталығының директоры Асылбек Баяжұма Фариза ақын шетелден келген қандастарға қамқор болғанын айтты. Журналист-жазушы Шархан Қазығұл кезінде орыстың белгілі ақыны Белла Ахмадуллина «Абайы мен Фаризасы бар халық – кемел халық» деп айтқанын еске алды. Меценаттар одағының мүшесі Нұрлан Есқалиев ақын туралы естелігімен бөлісті.

Жиынға қатысқан Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев №77 мектеп-гимназияға Фариза Оңғарсынованың есімін беруді білім ошағының бұрынғы директоры Гүлжамал Байменова ұсынғанын, ол ұсыныс қуана қолдау тапқанын айта келе, қаладағы 40-тан астам мектепке зиялы қауым өкілдері мен Алаш қайраткерлерінің есімдері берілгенін, бұл жұмыс жалғасып жатқанын жеткізді.

– BINOM мектептері ашылғанда тұрғын үй кешендерінің атымен аталып кетті. Сосын неге оларға атақты адамдардың атын бермес­ке деп төрт мектепке Ыбырай Алтынсариннің, Ахмет Байтұрсынұлының, Қаныш Сәтбаевтың, Қадыр Мырза Әлінің есімдері берілді. Енді бесіншісін ашайық деп жатырмыз. Үшінші тоқсаннан бастап оны мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаевтың атымен атаймыз, – деді Қасымхан Сенғазыев. Кезінде №78 мектепке Смағұл Сәдуақасұлының атын берерде академик Дихан Қамзабекұлымен бірге үлкен жұмыс жүргізгендерін атап өтті. Содан кейін оқушылар Смағұл туралы ғылыми жобалар жаза бастағанын, бұл тұлғатануға сеп болғанын айтты.

Ақынның әулеті атынан сөз сөйлеген Алмас Оңғарсынов екі жылдан кейін келетін поэзия падишасының 85 жылдығына дайындық басталғанын айтып, жақында шыққан кітабын сыйлады. Әулет атынан алғысын жеткізді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button