Басты ақпарат

Ғаламторды «жүгендеу»

Ақпарат ғасырын күнделікті жаһанторсыз көзімізге елес­тету мүмкін емес. Қазір жас та, жасамыс та әлеуметтік желілерге телміріп отыр. Ал бір күні осы ғаламторды, әлеу­меттік желілердің бәрін бұғаттап тастаса не болар еді? Ойланып қалатынымыз рас. Алайда арагідік әлеуметтік желілердің біраз уақытқа «қатып қалатынын» бәріміз білеміз. Жалпы алғанда, мемлекет жаһанторды өзінің қолайына көндіріп, «жүгендей» ала ма? Мұндай тәжірибе әлемде бар. Ендеше, осы тақырыпқа өзімізше ой толғап, талдау жасап көрелік.

Дәурендікі дұрыс, Жохардікі бұрыс па?

Жуырда Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өзінің Facebook-тегі парақшасында «мемлекеттің ғаламторды «жүгендеуі» ақылға сыймайтын іс» деп мәлімдеді. Демек, Қазақстан ғаламторды бұғаттамайтын елдердің қатарына кіреді деген сөз. Шынында да солай ма? Солай екеніне сенгіміз-ақ келеді. Бірақ кешкілік мезгілде Facebook, Instagram, Youtobe, Telegram және басқа әлеуметтік желілердің ашылмай қалатынына ғаламтор мен ұлттық ақпараттық жүйелердің жұмысын реттейтін құзыретті органдар да жауап беруге қиналады. Құқық қорғаушылар мен әлеуметтік желілерді белсенді қолданушылар мұндай шектеуге шетелде қашып жүрген Мұхтар Әбіләзовті кінәлайды. Себебі биыл 13 наурызда М.Әбіләзовтың «ҚДТ» партиясы Қазақстанда экстремистік ұйым деп жарияланып, оның қызметіне тыйым салынды. Министр Дәурен Абаев сол күннен бастап Мұхтар Әбіләзовтың Қазнеттегі әрекетіне шектеу қойылатынын мәлімдеді.
Үкімет жуырда жаңа қаулы шығарып, бұдан былай ІІМ, ҰҚК, Бас Прокуратура және Қорғаныс министрлігіне төтенше жағдай орын алғанда желілер мен байланыс құралдарының қызметін бұғаттай алатын құқық берді. Бұған дейін ҰҚК-нің баспасөз қызметіндегілер елімізде экстремистік және террористік іс-қимылдардың алдын алу мақсатында байланыс құралдары мен ғаламтордың бұғатталатынын түсіндірген еді. Алайда кейбір құқық қорғаушылар бұғаттаудың негізі түсініксіз екенін сынға алды. Белгілі заңгер Жохар Өтебеков «комитетшілерге» ұялы байланысты, мессенджерлер мен сайттарды, жалпы алғанда күллі ғаламторды өзінің мүддесі үшін ғана емес, сондай-ақ полицияның, Ұлттық бюроның, «Сырбардың», әскери барлау қызметінің өтініші бойынша да бұғаттауға құқық берілгеніне қынжылыс білдірді.

Министрлік не үшін құрылды?

Ақпарат және коммуникациялар министрлігі өз алдына жеке ведомство болып құрылған кезде қоғамдық пікір екіге жарылды. Бірінші тарап: «Бұл министрлік қоғамдағы ең өзекті мәселелер бойынша БАҚ пен әлеуметтік желілерге зерттеу жүргізеді» десе, екінші тарап: «Бұл министрлік қоғамдық пікірді қатаң бақылаумен, аңдумен және оған тыйымды күшейтумен айналысады» деген пікір айтты. Шынында да солай ма?
Саясаткер Серікбай Әлібаев бірер уақыт бұрын жаңа минис­трліктің биліктің өз қауіпсіздігін күшейтуі үшін құрылғанын ашық айтты. Оның пікірінше, жаңа құрылым биліктің БАҚ-қа цензурасын күшейтумен айналысып келеді. «Менің ойымша, тәуелсіз басылымдарды, интернет ресурстарды бақылау, аңду бұрын да болған. Енді ол әрі қарай жалғаса береді» деді Серікбай Әлібаев. Алайда танымал оппозиция өкілі БАҚ-ты шектесе де, әлеуметтік желілерді шектеу мүмкін еместігіне сенімді. «Әрине, халық арасында әлеуметтік желілерді тұтынушылар көбейген сайын, билік те оған бақылауын күшейтеді. Себебі қазір теледидарды тек үлкен кісілер көреді. Ал жастардың дені әлеуметтік желілерді оқып, сол жерден ақпарат алады. Сондықтан бұл бағытқа күш салуы түсінікті нәрсе» дейді сарапшы.
Танымал саясаткер Мәулен Әшімбаев мемлекетке әлеуметтік желіні шектеудің орнына, оның зор мүмкіндіктерін пайдалану тиімді болады деп есептейді. «Меніңше, бүгінгі таңда әлеуметтік желілерді шектеу мүмкін емес. Мысалы, Фейсбукті, Whatsapp-ты қалай шектей аласыз? Бұл жерде шектеу саясаты нәтижелі болмайтыны түсінікті. Керісінше, құзырлы министрлік әлеуметтік желілермен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін қолдануы керек. Мысалы, осы жерде мемлекет саясатын түсіндіруге болады. Ел бойынша жасалып жатқан қандай да бір шараны жұртқа жеткізу жеңіл. Тіпті бір шараға барамыз деген жоспарымызға қалай қарайсыз деген сауал қойып, халықпен кеңесуге болады. Әлеуметтік желілердің мүмкіндігі көп. Ол жерден Үкіметтің саясатын, мемлекеттік деңгейде қабылданатын шешімдерді қарапайым тілмен түсіндіру қажет. Мен министрлік әлеуметтік желілерді шектейміз деген мақсат қойып отыр деп ойламаймын. Себебі Дәурен Абаев жас болғанмен аса білімді, білікті, тәжірибелі азамат. БАҚ саласының ұңғыл-шұңғылын жетік біледі» деп түсіндірді мәселені Мәулен Әшімбаев. Қазір «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқаратын саясаткер өзі де әлеуметтік желіні белсенді пайдаланушылардың бірі.

Мемлекет ғаламторды бақылай алмайды

Бұған Ресейдегі Telegram-ды бұғаттауға қатысты жанжал мысал бола алады. «Роскомнадзор» мессенджерді күллі ел аумағы бойынша бұғаттағанымен, бәрібір ол қолданушылардың көпшілігіне қолжетімді күйінде қалды. Керісінше, бұғаттаудың кесірі басқа сервистерге тиді. Сөйтіп, халықтың наразылық көңіл-күйі өршіп кетті. 20 млн-ға жуық қолданушының аталған әлеуметтік желіге қосылуына шектеу қойылса да, Telegram VPN-сервисті қажет етпестен Ресейдің аумағында жұмыс істеп тұр. Ал Қазақстанда осы Telegram-ды бұғаттауға әрекет жасалса не болар еді? Бұл жайындағы сарапшылардың пікірі әралуан.
Кибер шабуылдарды талдау мен зерттеу орталығының жетекшісі Олжам Сәтиев ғаламторды бұғаттаудың екі нұсқасы болуы мүмкіндігін жоққа шығармайды. Оның айтуынша, Қазақстандағы ғаламторға күллі трафик Ресей арқылы келеді. «Олар өздерінде бұғаттайтын болса, оның бізге әсері жоқ. Бірақ олар бізді бұғаттағысы келсе, жауып тастай алады. Қырғыз­станға біз де солай істей аламыз. Өйткені ғаламтор біз арқылы өтеді» деп түсіндіреді сарапшы.
Ол Қазақстанда ғаламторды бұғаттаудан ешкім ұтпайтынын айтады. «Ресейде 145 млн адам тұрады, олардың наразылығын күллі әлем ести алады. Ал 18 млн-нан асатын халыққа ғаламторды шектеу дегеннің өзі – ақылға сыймайтын іс. Google-ге қатысты шиеленіс болғанын білеміз. Бірақ одан мемлекет түк те ұтқан жоқ. Сол Google-ге қытайлар қысым жасап еді, елден толықтай кетіп қалды. Қытайлармен салыстырғанда біз төлем қабілеті жағынан төменбіз» дейді О.Сәтиев.
Қазақстан ақпараттық қауіпсіздік қауымдастығының президенті Виктор Покусовтың пайымынша, біз Ресейге ақпараттық жағынан тәуелділіктен шыға алмай келеміз. Мәселен, Ресейде ғаламторды түгелдей өшіріп тастаса, өзінің сервистері жұмыс істей береді. Ал біздегі жағдай басқаша. Ғаламтор толықтай өшіп қалады. «Сондықтан Қазақстанға Қытайдан үлгі алған жөн. Ғаламторды бұғаттау жөнінен емес, әрине. Қытайлар елдің аумағындағы өзінің жобаларын сәтті жүзеге асыруда. Бізге де өзіміздің сервисіміз керек. Маман даярлау мәселесін де тезірек шешуге тиіспіз» деген пікірде В.Покусов.
Отандық сарапшы ғаламтордың жұмысындағы кедергіге қатысты екі түрлі нұсқаны атап өтті. Біріншіден, ресми билік қандай да бір ақпараттық желінің қызметіне шектеу қоюы мүмкін. Екіншіден, қандай да бір провайдердің қызметінде техникалық ақаулар туындауы мүмкін. Мысалы, «Қазақтелеком» ғаламторды Ресейдегі оператордан алады, олар Германиядағы оператор арқылы қосылады. Ал Германия желілерде іркіліс болған жағдайда Қытайдағы сервистердің көмегіне жүгінеді. Ғаламтордың жылдамдығының бір жақсарып, бір нашарлап қалатыны осыдан. Кейбір адамдар сондай сәттерде мемлекет әдейі бұғаттап отыр деп ойлайды.

Әлемдік тәжірибеде бар үрдіс

Әлеуметтік желілерге шектеу қою – әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. Мысалы, Украинада ресейлік «В Контакте», «Одноклассники» әлеуметтік желілеріне шектеу қойылғаны мәлім. Бұл мемлекеттік цензура ма, әлде, ұлттық қауіпсіздік мәселесі ме дегенге қоғамда қызу пікірталас өрбіді. Әлемдік саясатта әлеуметтік желілерді бұғаттау тәжірибесі бар. Алайда мұндай қадамға демократиялық емес елдер барады. Мысалы, Қытайда 15 жылдан бері «Алтын қалқан» деген жүйе бар. Аспан асты елінде Google, Flickr, Faceebook, Twitter, Youtobe толықтай және Википедия жартылай бұғатталған. Ең көп таралған әлеуметтік желі – Qzone. Онда блог жүргізіп, сурет жариялап, ақылы қызметтерді тұтына аласың. Студенттер болса Facebook-ке ұқсас Renren-ді пайдаланады, бірақ билік оны қатаң бақылауда ұстайды. Ғаламторды бұғаттаудан Куба да алдыңғы орында. Кубалықтардың көпшілігі ғаламторды пайдалана алмайды. Солтүстік Кореядағы жағдай да осыған ұқсас. Халықтың дені жаһандық желіге шыға алмайды. Алайда корейлер өзінің автономды «Кванмен» ғаламторын қолданады. Бұл елде Faceebook, Twitter, Youtobe-ті қолдануға мүлдем тыйым салынған. Сонымен қатар, Иранда 2009 жылғы «Твиттер-төңкерістен» кейін «Компьютерлік қылмыстар туралы» заң қабылданды. Ел Үкіметі заң бойынша, елдегі сайттарды «сүзгіден» өткізіп отырады. БҰҰ-ның мәліметі бойынша, Иранда әлемде ең көп таралатын 500 сайттың 50 пайызы бұғатталған.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button