Басты ақпарат

Ғасырлар тоғысындағы ұлы көш

Осыдан дәл 20 жыл бұрын. 1997 жылғы 10 желтоқсан. Бұл – Отанымыздың жүрегіне, Тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Астана қаласының тарихындағы ерекше күннің бірі. Дәл осы күні қаланың орталық алаңында салтанатты жиын өтті. Салтанат барысында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Бүгіннен бастап Ақмола Қазақстанның жаңа астанасы» деп жариялады. Осылайша, Мемлекет басшысының елдің бас қаласын Астанаға көшіру туралы бастамасы ресми жағдайда жүзеге асты.


Осы күннен бастап қала тұрғындары үшін ғана емес, барша қазақстандықтар үшін тарихтың жаңа беті ашылды. Сарыарқаның сары аязы шытынап тұрса да, қаланың орталық алаңына жиналған ел-жұрттың жүзінен қуа­ныштың лебі сезіліп тұрды. Алаң ортасында орнатылған ақшаңқан мінбердің айналасына қала жұртшылығы ағылып келіп жатты… Сол кезде «Ақмола ақиқаты» аталатын газетіміздің тапсырмасымен біз де ертелетіп алаңда болған едік.
Президенттің сол кездегі ордасынан, яғни, бүгінгі елорда әкімдігі ғимаратынан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастаған Парламент және Үкімет басшылары, жаңа елорданың тұңғыш әкімі Әділбек Жақсыбеков мінберге көтерілді. Аяз буып тұрғанымен, жандары марқайып тұрған жұрт ду-ду шапалаққа басты. Жүзінен ақжолтай қуаныш, асқақ айбын сезілген Елбасы қалың қауымға қайта-қайта қол бұлғап, қолдаушы жұртына ризашылық көңіл-күйін білдірді. Осы бір сәтте Республикалық ұланның оркестрі асқақ әуенді бастап жіберді. Ер тұлғалы жауынгерлер көк байрақты желбіретіп, Елтаңба мен Президент штандартын көтеріп шықты. Елдіктің осы үш символын ұстаған айбынды сарбаздар алаңның дәл ортасына жетіп тоқтаған сәтте Әнұранымыз жаңа елордамыз­дың аспанында асқақтап сала берді. Жүрек тұсына қолын қойып толқыған жұрт марқайып тұрды.
Нұрсұлтан Назарбаев осы бір тарихи сәттің үстінде елжіреп сөйледі. Осы сәттен бастап тәуелсіз Қазақстанның астанасы ресми түрде осы қала болатынын жария етті. Бұл күнді тағатсыз күткен біз болсақ, аяздың қарығанын елемей-ақ қол соғып жатырмыз.
Осы салтанат барысында есте қалған бір көрініс – ақмолалық ақсақалдардың Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына жаңа астананың символдық кілтін табыс еткені болды. Соғыс пен еңбектің бейнеті мен зейнетін қатар көрген Мұқат Мейірманов пен Нұрғожа Оразов бастаған бір топ қария елордаға айналған қаланың қазығын қаққан Елбасыға ақжолтай батасын берді. Ақ тілекке бөленген Президент болса ардақты ақсақалдарға ыстық ықыласын білдірді.
Құдайға шүкір, кезінде біреуге жалған болған, біреуге арман болған Астана бүгінгі таңда төрткүл дүние танылған әсем қалаға айналды. Елбасымыздың асқақ мақсаты орындалды. Сондықтан да біз бүгін Қазақстанның дамуына серпін берген жаңа елордамыздың авторына ризашылық сезіммен «Астана – Елбасының ерлігі» деп айтамыз. Ел үшін де, Елбасы үшін де, елорда үшін де марқайып жүретін болдық.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button