Басты ақпаратСұхбатҰлт ұпайы

ИЛЬЯ ЖАҚАНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: АСТАНА – ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ҰЛЫ ЖЕҢІСІ

Бабаларымыздың бізге қалдырған асыл мұрасын түгендеп, жұртшылыққа жеткізіп жүрген композитор Илья Жақановтың еңбегі үлкен. Сексенге келсе де сертінен таймаған көрнекті тұлға «әлі де еліме берерім көп» дейді. Ендеше, қазақтың қадірлі қариясының өмір жолы мен бүгінгі ұлттық музыка мен әуезді ән төңірегінде айтқан ойларын оқырман қауымға ұсынып отырмыз.

 Ильия

ПОЭЗИЯ МЕН МУЗЫКАНЫҢ ЛЕБІМЕН ЕРЖЕТТІМ

– Аға, сексеннің сеңгіріне көтерілдіңіз. Артыңызда ұзақ жолдың белесі қалды. Сексенге келген қария неге алаңдайды, көңіліңіз неге марқаяды, қандай уайымыңыз бар? Әңгімені осыдан бастасақ..
– Өткен күнді ойласам, көз алдыма қыр астында сағымдай бұлдырап қалған балалық шағым, жастық кезім, ұлы тіршілікке араласқан қайратты қалпым, кемел жасқа толып, ел ағасы атанған кемеңгер кезім оралады. Кімді сүйдім, неден түңілдім, мезгіл қалай болды, орта қандай еді, неге рахаттанып, кімнен ғибрат алдым деп тағы ойлайсың. Сексенге келгенге дейінгі өмірімдегі жылдарым құмға сіңген судай із-түссіз кетпепті. Бір жағынан соған көңілім марқаяды.
Қылыштай жалаңдап тұрған жиырма жасымда жұрттың аузына іліндім. 1956 жылы «Сал­танатты сағыныш», «Ақ­қайың» деген әндерімді жаздым. Дәл солы жылы Шәмші Қал­даяқовтың «Қаракөз», «Жүрек сыры» әндері жарыққа шықты. Сөйтіп, екеуміздің қазақ радио­сының эфирінде әндеріміз шыр­қалып, өмірдің барлығы ән секілді тербеліп, қиындықты сол сазды әуенмен көтеріп, жақсы күндерді әнмен әуелеткен тағылымды жылдар болды. Асқар тау әкелеріміз қанды майданның сазды бал­шығын кешіп жүргенде, біз сол уақытта бала болсақ та, үлкен­дерге қолғабыс тигізіп, тылда еңбек еттік. Қиындыққа төз­дік. Жоқшылықты, жетіс­пеу­шілікті көрдік. Соғыс бізді ерте есейтті. Өмірге деген көз­қара­сымызды қалыптастырды.
Әрине, өмір шырылдауық шегіртке секілді тек қана ән салудан тұрмайды. Оның мағынасы түсіне білген пендеге шыңырау құдық секілді түпсіз терең. Сондықтан алыс ауылда өссек те, жұрт қатарлы сапалы білім алып, өнердің соңына түсіп, жан-сезімімізді әдемілеп тұратын эстетикалық болмысымыздың мөлдір бұлақтың суындай таза болғанын қаладық. Ана тіліміз қандай нәрлі, құнарлы, даналық асыл сөзге тұнып тұрса, ұлттық музыкамыз да солай болды. Мен өзім бала жасымнан поэзия мен музыканың лебімен ержеттім. Әрине, адам жас кезінде ештеңеге тайыз су секілді бойлай бермейді. Өзім жасымнан шынайы шығар­машылықпен айналысып, қан­шама көркем шығармаларым мен туындыларым дүниеге келіп, қызметтік абыройға, өнердегі жетістіктерге қол жеткізсем де өмірімді мағыналы, өзінен кейінгі жасқа үлгі болып, өз ортаңа сәуле шашатын жаны сұлу адам болуды ойладым. Сеңгірлі сексенге де емін-еркін, қуатты қалпымда келіп отырмын. Әлі де ән шығарамын, сурет саламын, көркем шығарма жазамын, халық мұрасын зерттеп жүрмін. Қысқасы, тұғырдан тайып, ат үстінен түскен жоқпын.

– Әуелі таңдап алған маман­­дығыңыз әдебиетші екен. Бі­рақ, музыкаға бала кезіңізден құштар болыпсыз. Бір ба­сы­ңызда сан түрлі өнер бар. Осы қасиет кімнен дарыды?
– Әр өнер адамының өз ортасы болады. Біздің бабаларымыз Шора батыр заманында Еділ мен Жайықтың жағасын жайлапты. Ел шеті болғандықтан жан-жақтан түрткілеген жау көп болыпты. Аталарымыз түрлі соғыстар мен жорықтардан көз ашпапты. Сондай сұрапыл, ел басына мазасыз күн туған шақта бабаларымыз Арқаға қарай ығысқан. Алдымен Торғайға келіппіз, одан Ұлытауды басып өтіппіз. Содан жазира бел Жаңаарқаға тоқтап, Сарысудың Тама болысы атандық. Біздің елдің әні де, музыкасы да Арқа дәстүрінде дамыды. Сондықтан мен ән айтсам да, күй шертсем де, оның барлығы Арқа дәстүрінің қалыбында шығады. Бала күнімде ауылда Әбдірахман, Алдаберген деген керемет әншілер болды. Сәдібек есімді дәулескер домбырашы өмір сүрді. Әкем қанды майданды көзбен көрген қарт жауынгер еді. Елде мұғалім болып қызмет істеді. Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайлар туралы есті әңгімелерді көп айтатын. Солардың өнерін айрықша қадірлейтін. Оларға еш әншіні тең санамайтын. Солармен мені тәрбиеледі. Сондықтан, мені алғашқы тыңдаған әнімді, музыкаға деген құштарлығымды оятып, жетелеген Арқаның әні деп толық айта аламын.

– Әрине, адам өмірге келе сала атақты болмайды. Оның осындай дәрежеге жетуіне өскен ортасы, алған тәрбиесі, қала берді, әке-шешесінің берген тағылымы әсер етеді. Сіздің ата-анаңыз қандай кісілер еді?
– Арғы аталарымыз аса бай болмаса да, дөңгеленген дәулеті бар адамдар болыпты. Қазанғап деген бабамыздың Сарыарқада болған асын талайлар жазды. Әкемнің ағасы Қордаш деген кісі Сәкен Сейфуллинмен замандас болып, бірге қызмет істеп, Сарысу ауданының алғашқы білім бөлімін басқарыпты. Өз заманының оқыған азаматы екен. Әкемнің інісі Түсіп, оның Баржақсы деген бауыры әуелетіп ән салған, сері жігіт атаныпты. Салдық әдеті де болған. Түсіп атамның Шәуен деген баласы да әжептәуір әнші болыпты. Оның Сәкен Сейфуллинмен достығы елге аңыздай тараған. Әкем Жақан ұстаз болған, ескі әңгімеге жүй­рік, есті сөзді дәмді қылып, жүйе­леп айтатын өнері болды. Қазақтың әніне деген тал­ғамы бөлек еді. Арқаның асқақ тұл­ғаларының әндеріне қылау түсірмейтін. Алғаш ән шы­ғарғанда «Илья, сен Арқаның әндерінен нәр алып өстің ғой, содан ажырап кетпе» деп айтып отыратын. Шешемнің есімі – Балкен. Тілді, айбынды, айдынды, елге қадірі артқан кісі еді. Ғасыр жасап дүниеден озды.

АМАНАТҚА АДАЛ БОЛДЫМ

– Қара сөзді де майын тамызып жазасыз. Прозалық шығармаларыңыз ән секілді адам жанын тербеп отырады. «Кертолғау» романыңыз алғаш рет қырғыз тілінде жарық көріпті…
– Жалпы, өнер деген тыл­сымға толы дүние. Кейде сен музыкамен, әнмен жеткізе алмаған ойды, керемет әсер еткен оқиғаларды, тағдырлар мен тарихтардың барлығы прозаға келгенде кең көсіліп жүре береді. Бала күнімнен әлем клас­сиктерінің шығармаларын жата-жастанып оқыдым. Жас шағымнан А.Чехов, М.Шолохов, А.Куприн, И.Бунинді өте жақ­сы көрдім. Әсіресе, Михаил Шолоховтың әңгімелері мен романдары ерекше әсер­лен­дірді. Прозада мұндай саң­лақ суреткер сирек. Сосын Шыңғыс Айтматовтың про­за­дағы адамның нәзік сезімін тербейтін лиризимі де жаныма жақын болды. Шыңғыстың шығармаларын орыс тілінде оқыдым. Ықылас пен Ақан серіге қалам тарттым. Тәттімбетті де сөзбен бейнеледім. Алғаш соқыр музыканттың тағдырын мұңмен өріп, «Қайта оралған ән» деген повесть жаздым. Соғыста аяғынан айырылған биші туралы «Қош бол, вальс» деп аталатын тағы бір повесім бар. Ал «Кертолғау» романына Ықыластың қырғыздағы Күреңкей күйшімен достығы арқылы екі халықтың болмысын, тағдырын арқау еттім.

– Шыңғыс Айтматовпен жақын сыйластыңыз. Ол кісінің шығармаларына ән жаздыңыз. Ардақты адам сіздің есіңізде қандай қасиет­терімен қалды?
– Шыңғыс Айтматов – ға­сырларда сирек туатын, өресі биік тұлға. Оның жазушылық мәдениеті, эстетикалық көз­қарасы, философиялық ойлары басқа қаламгерлерге қарағанда өзгеше. Адам ретінде, азамат ретінде өте жұмсақ, биязы, ішкі мәдениеті жоғары, бауырына еніп тұратын кішіпейіл, «мына жерге барайықшы» десең, еріп саған жүре беретін ақжүректілігі, шыншылдығы, турашылдығы да туралы сөз басқа. Екеуміздің табиғатымыз ұқсас еді.

– Сіз ұлттық өнердің бағын жандырып, даңқын асырған ұлы өнерпаздар жайында ғұ­мырнамалық еңбектер, де­ректі шығармалар жазды­ңыз. Солардың өмірінде қа­ғыс қал­ған деректер әлі бар ма?
– Талантты тұлғалар жайын­да ашылмаған деректер жет­ерлік. «Егемен Қазақстан» газетінде «Бір кезде Ақан едім аспандаған» деген көлемді деректі дүнием жарық көрді. Сонда Ақан сері­нің әлі де жұртқа белгісіз тағ­дыры сөз болады. Тарихта тұлға­лар туралы түрлі себеппен бұр­ма­ланып кеткен қателіктер көп. Мә­селен, біз Құлагерді Баты­раш пен Қотыраш өлтірді деп жүр­міз. Негізінен, Құлагерді мерт қылған Барақбай деген адам. Осы деректі менен бұрын Мағ­жан Жұмабаев жазған. Мен оны індетіп, Барақбайдың кім бол­ғандығын, кімдермен жақын, туыс­қан атанғандығын зерттеп, анықтап барып, Құлагерді өлтір­ген сол екендігіне көзім жетті. Сосын біз Ақтоқтының бар­ған жері Жалмұқанды да жа­ғым­сыз бейне ретінде айтып жүрміз. Шын мә­нінде, ол – текті әулеттен шық­қан, көзі ашық, көкірегі ояу кісі.

ТАМЫРЫМЫЗ  ҰЛТТЫҚ  БОЯУДАН АЖЫРАП  БАРАДЫ

– Ұзақ жылдан бері қазақ музыкасын зерттеп келесіз. Қазір тұлғаларға жұртқа белгілі әндерді таңып жатады. Соған қандай төрелік айтасыз?
– Рас, осындай жағдайлар белең алып барады. Алаш ар­дақтыларын аса құрмет тұта­мыз. Олардың елі үшін жасаған еңбектерінің алдында басымызды иеміз. Бірақ, біз Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов және Шәкәрім Құдайбердіұлы ақтал­ғаннан кейін, соларды шы­найы сағынғандықтан ба, әлде бі­реу­­лердің жаңсақ дерегі ме, әй­­теуір, есімдері аталған аза­мат­тардың барлығын композитор қылып жібердік. Мен соның барлығын зерттедім. Мысалы, Ахаң, Жақаңмен Байқадам Қаралдин жақын сыйласқан. Оның ұлы Бақытжан Байқадамов – талантты композитор. Данабике Қаралдина да – Байқадамның қызы. Данабике апамыздан көп деректер алдым. Солардың айтуына қарағанда, Ахмет ағамыз ән жазбаған. Міржақып Дулатов композитор болған. Жүсіпбек, Мағжанның да ондай өнері болмаған. Арқалы ақынның Сәлімгерей деген туған інісінің жүзден асып барып қайтыс болған Бибізайып деген келінінің менде диктофонға жазып алған бір сағаттық әңгімесі бар. Сонда ол кісі: «Шырағым, біздің Жәжемнің (Мағжанды еркелетіп солай атаған) атына анау әнді, мынау әнді жапсыра бермеңдер. Ол кісі ән жазбақ түгілі домбыра шертпеген. Бірақ, әкесі Бекен домбырашы болған. Екеуінің арасы Зылихаға байланысты жақсы болған жоқ» деп айтқаны бар еді. Сондықтан, Жүсіпбекке де, Ахметке де телініп жүрген әндердің бәрі қате. Ал Міржақып Алаштың екі маршын жазған. Алғашқысы 1916 жылы болса, екіншісі 1919 жылы жазылған.

– Қазіргі мұз секілді жып-жылтыр, бояуы оңып бара жатқан қазақ әніне көңіліңіз тола ма?
Қазіргі таңда тамырымыз ұлт­тық бояудан ажырап барады. Кешегі кеңестік кезең­нің тәрбиесі бөлек еді. Сол уақытта халық музыкасы керемет дәуірледі. Оған басы артық қиянат жасаған ешкім болған жоқ. Әндеріміздің бар­лығы көркемдік кеңесте қара­латын. Білікті мамандардың талқылауына түсетін. Олар әнде ұлттық колорит, халықтық нақыш болмаса, оны ән деп есеп­темейді. Бүгінгі балалар әннің құрылысын дұрыс білмейді. Халықтың тыныс-тіршілігінен, мінезінен, болмысынан алыстап кетті. Содан кейін нақышты
әндер де тумайды. Олардың айтып жүрген әндері қазақтың әні емес. Бұл ұлттық өнерімізге төнген қауіп десек те болады. Мұның барлығы шетелдік экс­пансияның әсері деп білемін.

ERM_3605

– Бүкіл ел сүйіп тыңдайтын «Жайлаукөл кештері» мен «Еділ мен Жайық» әні қалай дүниеге келді?
– 1971 жылы Сарысу ауда­нындағы Сарысу кең­шарының орталығына Ықылас күйшінің ұрпақтарымен әңгімелесуге барған едім. Ол жерде күйшінің барлық туған-туыстары тұрады. Сол ауыл ақсақалдарымен жүз­десіп, әруақты күйшінің не­мересі Құлыншақ деген кісінің үйінде отырғанда, Ықыластың тағы бір немересі атасының өмірін жақсы білетін Ермекбай қарияның көз алдында, қазақша айтқанда, ет пен шайдың арасында «Жай­лаукөл кештерін» жаздым. Алғаш оны халыққа дүлдүл әнші, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Қайрат Байбосынов жеткізді. Содан он жылдан соң «Еділ мен Жайық» әні дүниеге келді. 1981 жылы елімізде Қазақстанның Ресейге қосылғанына 250 жыл толуы­на байланысты үлкен науқан басталып кеткен еді. Ал мені сол кезде көкірегімді өкініш, наз-нала, ата-бабалардың күр­сінісі кернеп жүрді. Әйгілі Мұрат жыраудың «Еділді келіп алғаны, Етекке қолды салғаны, Жайықты келіп алғаны, Жағаға қолды салғаны, Ойылды келіп алғаны, Ойдағысы болғаны, Адыра қалғыр, үш қиян, Арбаларын сүйретіп Маңғыстауға барғаны» деп айтқанындай, орыс отаршылдарының жыландай ирелеңдеп келіп, жерімізді иеленіп жатқан шағы көз алдымнан кетпей қойды. Сол жылы 4-ші қазанда үлкен балам үйленді. Тойдан екі күннен кейін «Еділ мен Жайық» туды. Оның да Қайрат Байбосынов тұсауын кесті. Кейін осы әнді оркестр де, хор да іліп әкетті.

САРЫАРҚА БАБАЛАРЫМЫЗДЫҢ ҚАСИЕТТІ МЕКЕНІ

– Жасыңыз үлкейген ша­ғында жас жігіттей жо­ғары оқу орнына түсіп, дип­лом қорғап, жұртты таң­қалдырдыңыз..
– Адамның бар өмірі таби­ғатпен егіз. Бала күнімнен мені даладағы құбылыстардың барлығы толғандыратын. Мә­селен, мың бұрала билеп тұр­ған қайың, жапырағы түсіп қартайған ағаш, не болмаса опырылайын деп тұрған жар немесе толқыны бұрқап жатқан өзен, «қызған пештің бүйіріндей» батып бара жатқан күн осының барлығы маған қатты әсер ететін. Мектеп табалдырығын аттағаннан бастап сурет салуға құштар болдым. Кейін басқа мамандықта оқып, басқа салада жүрсем де суретшілікті тастаған жоқпын. Сөйтіп, қар­тайған шағымда бала кезімнен армандаған мақсатыма қол жеткіздім. Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Көркемсурет факультетіне оқуға түстім. 78 жасымда диплом қорғап, білімді маман атандым. Менің салып жүрген картиналарымды көрген Мәскеудегі Суриков атындағы көркемсурет академиясын үздік тәмамдаған Қамбарбек Аманов деген профессор «Аға, сіздің суреттеріңіз ерекше әсерлі, адамға тамаша көңіл-күй сыйлайды. Сурет өнерімен салмақты айналысыңыз» деп кеңес берген еді. Содан осы жолды қайта ұштап, шынайы кірісіп кеттім. Әйгерім деген немерем де сурет салады. Қазір ол Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің көр­кемсурет факультетінде оқиды.

– Аға, өмірде «осы ісім қа­лып барады-ау» деген өкі­ні­шіңіз бар ма?
– Әрине, жұмыр басты пенде болғаннан кейін өкінішсіз өмір болмайды. Мезгіл өз әуе­німен жүреді. Біздің жастық шағымыз кеңестік үкіметтің тар бұғауында өтті. Аталарымыздың асыл дүниелеріне көзіміз жетіп тұрса да, қатаң идеологияның кесірінен талай тарихи деректер тасада булығып қалды. Бүгінгі күннен тәуелсіз елдің еркіндігін көремін. Жастардың азат ойларына сүйсінемін. Асылы, армансыз адам болмайды ғой. Шіркін, тағы отыз жыл өмірім болса, ендігі қалған ғұмырымды сурет­шілікке арнап, тың туындылар салған болар едім. Музыка өзінен өзі жүріп жатады. Сонда бере алмаған нюанстарды, құбылыстарды қылқаламмен беруге болады. Олар бір-бірін толық­тырып, ғажайып дүниеге айналар еді.

– Астана күні де жақындап қалды. Еліміздің бақ қонған елордасына қандай тілек айтар едіңіз?
– Сайын Сарыарқаның тө­сінде елордамыздың орнағаны ұлттық мақтанышымыз деп айтуға болады. Астана – тәуел­сіздіктің ұлы жеңісі. Биыл азат­тық алғанымызға 25 жыл толды.
Бабалардың рухы оянып, еңсеміз биіктеді. Күн сайын құл­пырып, жайнап келе жатқан қала­мыздың әсемдігі ерекше көз тартады. Елордаға ат басын тірегенде, жаңарған жас қаланың кейпін көріп, көңілім өседі. Жас бала­лардың жүзінен бақыттың лебі еседі. 1999 жылы Конгресс-холда «Әнім саған Астана» деген үлкен шығармашылық кешім өтті. Сонда жұртшылыққа «Есіл бойы» атты жаңа әнімді ұсындым. Оны Толқын Забирова деген әнші қарындасым тамылжытып орындады. Көпшіліктің көңілінен шықты. Кейін сол әнге бейнебаян түсірілді. Бүгінде Астанаға барлық мемлекеттің назары ауған. Әлемдегі қордаланып қалған мәселелерді қозғайтын ордалы ойдың орталығына айналып келеді. Сарыарқа – баба­ларымыздың қасиетті мекені. Ұлттық рухымыздың туы тігілген жер. Сондықтан елордаға бақ-береке тілеймін. Елдің ты­ныштығы артып, көгілдір ас­па­нымызда бейбітшіліктің ақ көгершіні ұшып жүре берсін демекпін!

– Шынайы сыр бөліскен сұхбатыңызға рахмет!

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button