Жаңалықтар

Індетпен күресте оң динамика байқалуда

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында эпидемияға қарсы шараларды іске асыру барысы қаралды.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой COVID-19 инфекциясының расталған жағдайларының тәуліктік өсімі 1,2 пайыздан аспайтынын, бұл көрсеткіш күн са­йын төмендеп келе жатқанын баяндады. Қазіргі уақытта емделіп шыққан адамдар барлық ауру жұқтырғандардың 68 пайызын құрайды, қалған науқастар қажетті медициналық көмек алуда. Ауруханалардың жүктемесі 36 пайызға төмендеді.
Аптаның қорытындысы бойынша инфек­ция­ның репродуктивтік деңгейінің 1-ден төмен болуы Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Павлодар облыстары мен Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалаларында тіркелген. Сонымен қатар Қостанай мен Ақмола облыстарында инфекцияның репродуктивтік деңгейі 1-ден жоғары болуы анықталған. Үкімет басшысы осы өңірлердің әкімдеріне эпидемия­ға қарсы шараларды күшейтуді тапсырды.
– Ауру жұқтырған азаматтарды емдеу және вирустың таралуын төмендету жөніндегі қарқынды жұмысты, оның ішінде санитарлық нормаларды, карантин талаптарын азаматтардың сақтау қажеттігі туралы түсіндіру жұмыстарын жалғастыру керек, – деді ­А.Мамин.
Премьер-министр қазіргі кезде әлемдік статистика 126 мемлекетте ауру жұқтырғандар санының жаңа өсімін көрсетіп отырғанын, осыған байланысты күзде пайда болуы мүмкін пандемияның жаңа толқынына да­йын болу керектігін әрі оның алдын алу үшін барлық белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз етіп, жоспарланған шаралар кешенін іске асыру қажеттігін атап айтты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button