Басты ақпаратЕлорда тынысы

Инвестиция – елорда экономикасының игілігі

Орта Азиядағы инвестицияға ең тартымды ел – Қазақстан. Оның ішінде Астана қаласының мүмкіндігі жоғары. Соңғы үш жылда Астанаға 2,5 миллиард доллар шетелдік инвестиция тартылды. Осының нәтижесінде елорда жылдан-жылға қарқын алып, өндірісі кеңейіп келеді. Елдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуына шағын және орта бизнестің дамуы, салық түсімінің артуы және т. б. фактор әсер етеді. Бұл көрсеткішке инвестиция тікелей әсер етеді. Яғни инвесторлардың ел экономикасына қаржы салуы маңызға ие. Бұл мәселе елдің барлық өңірінде бірдей дамуы керек. Бүгін біз Астана қаласының инвестициялық тартымдылығы туралы сөз етеміз. 2022 жылдың бірінші ­жар­ты­-жылдығында бас қаланың инвестиция көлемі 1 миллиард АҚШ долларын құрады.

Әлемнің алпауыт компания басшыларына жүргізілген сауалнама нәтижесінде тікелей шетелдік инвестиция тартымды елдер анықталды. Бұл қатарда АҚШ, Германия, Канада, Англия және Францияны ерекше атауға болады.

Озық елдердің тәжірибесінен корпоративтік салық ставкасының төмендеуі, цифрлық инфрақұрылымның дамуы, өндірістік сектордың тартымдылығы, іскерлік ортаның қалып­тасуы инвестиция көлемінің ұлғаюына тікелей әсер етіп отырғанын көруге болады.

Орта Азиядағы инвестицияға ең тартымды ел – Қазақстан. Оның ішінде Астана қаласының мүмкіндігі жоғары. Соңғы үш жылда Астанаға 2,5 миллиард доллар шетелдік инвестиция тартылды. Елорда жылдан-жылға қарқын алып, өндірісті кеңейтуде. Бұл – елорда әкімдігі жүргізіп жатқан жұмыстың жемісі.

Сарапшылардың пікірінше, Астана қаласының инвестициядағы тартымдылығы елдегі саяси тұрақтылық, мемлекеттік қолдау, шикізаттың қолжетімділігі, өткізу нарығы мен нарықтағы сатып алу қабілеті және т. б. фактор оң әсер етуде.

2022 жылдың бірінші жартыжылдығында бас қаланың инвестиция көлемі 1 миллиард АҚШ доллар құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есеге көп. Негізгі капиталға инвестиция да артып келеді.

Елордада шетелдің ірі 8 компаниясы инвестициясымен 640,6 млрд теңгенің жобасы іске асырылуда. Әсіресе, Түркия, Бахрейн, Сингапур және Біріккен Араб Әмірлігі компанияларының белсенділігін ерекше атау керек

Бас қаланың әкімдігі тарапынан отандық және шетелдік инвесторларға түрлі қолдау тетігі қарастырылады. Мысалы, салықтық және кедендік жеңілдіктер, жерді рәсімдеу және да­йын әлеуметтік инфрақұрылым ерекше деп айтуға болады. Бастысы, экспорттаушыларға да түрлі көмек ұсынылады.

Елордадағы «Astana Invest» қалалық инвестициялық даму орталығы іскер азаматтарды инновациялық игіліктерді игеруде қолдау білдіреді.

– «Astana Invest» – Астана қаласы әкімдігінің жанындағы аймақтық ұйым. Оның негізгі міндеті – инвестиция тарту арқылы қаланы дамыту. Біздің қызметіміз төрт негізгі бағытқа бөлінген: инвестиция тарту, арнайы экономикалық аймақты басқару, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында әлеуметтік инфра­құрылымды жетілдіру және туризм саласын дамыту, – деді «Astana Invest» инвестициялық даму орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Нығматов.

Басым жобалар мен инвестициялық бағыттар

Орталық мамандары инвестиция үшін ең басым секторларды анықтау үшін қала нарығына тұрақты негізде талдау жүргізеді. Әнуар Нығматовтың сөзінше, қаланың импорт, өндіріс мүмкіндігі, шикізаттың бар болуы, жұмыс істеп тұрған өндірістің болуы инвесторларды қатты қызықтырады.

Талдау нәтижесінде елордаға инвестиция тартудың басым бағыты ретінде машина жасау, халық тұтынатын тауарлар өндірісі, құрылыс индустриясы, медицина, химия өнеркәсібі, агроөнеркәсіп, энергетика және туризм анықталды.

– Осы салалар бойынша қалада және жалпы республика бойынша ең жоғары сұраныс анықталды. Олар стратегиялық тұрғыдан маңызды. Бұл салалардағы тауар өндірісі басқалардың дамуына тікелей әсер етеді. Мысалы, ауыл шаруашылығы саласында машина жасауды дамыту ауыл шаруашылығы өндірісінің өнімділігін арттыруға әкеледі. Айтпақшы, қалада ауылшаруашылық өнімдеріне деген қажеттілік тұрақты. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қаланы көкөніс, ет, сүт өнімдерімен қамтамасыз ету маңызды, – дейді Әнуар Нығматов.

Миллион тұрғыны бар мегаполистің халық саны өсуімен тұрғын және тұрғын емес үй-жайларға деген қажеттілік артты. Күнделікті тауарларға, энергетикаға және медициналық қызметке деген сұраныс та артып келеді.

– Медициналық қызметке тек астанамыздың тұрғындары ғана емес, басқа өңірлерден де жиі келеді. Дені сау ұлт – ел өркендеуінің кепілі, сондықтан бұл саланы дамыту – инвестиция тартудың басты бағытының бірі, – деді спикер.

Шетелдік инвестицияларды тарту

Ең маңызды міндеттің бірі – алыс-жақын шет ел компанияларының қаржысын тарту. Бұл ретте Қытай, Сингапур, Оңтүстік Корея сынды елдің тәжірибесін үлгі етуге болады. Мәселен, Қытай экономикасының қарқынды дамуын әлемнің ірі трансұлттық корпорацияларының қаржы құюымен байланыстыруға болады. Бұл елге 20-30 жылдың көлемінде әлемнің бренд өнімін өндіретін әйгілі компаниялар келді. Қытайдың инвесторларға тартымды болуы арзан жұмыс күші, сатып алатын үлкен нарықтың болуы әсер етуде. Астана қаласының әкімшілік аумағы кеңейіп, халық саны артып, түрлі қызмет көрсету саласымен қатар, сату көлемі өсіп, сатып алу қабілеті артып келеді. Мұның бәрі бас қаланың инвесторлар үшін тартымдылығын арттыра түседі.

– Біз инвесторларға бизнесті құрудың барлық кезеңінде, инвесторлық виза алудан бастап, келісімшарт жасасу мен қол қоюға дейін көмек көрсетеміз. Бүкіл процесс инвесторларды мемлекеттік қызметтерді алуда сүйемелдеу, сондай-ақ мемлекеттік инвестицияны қолдау құралын пайдалана отырып, ұсынылған инвестициялық жобаны орналастыру мүмкіндігі бойынша кеңес беруді қамтиды, – деді Әнуар Нығматов.

Қалай инвестор болуға болады?

– Әлеуетті инвестор өзінің жобалық идеясымен «Astana Invest»-ке жүгіне алады. Мәліметтерді зерттегеннен кейін компания қызметкерлері осы жобаны жүзеге асырудың ең оңтайлы механизмін таңдауға көмектеседі. Бұл инвестиция­лық келісімшарт, мемлекеттік-­жекеменшік әріптестік немесе арнайы экономикалық аумағында өндіріс ашу және басқа механизм қарастырылуы мүмкін. Егер кәсіпкерде ақша салуға ниеті болса, бірақ жоба туралы түсінігі болмаса, онда біздің қызметкерлер қаланың қажеттілігін ескеретін, инвестор үшін әлеуеті тиімді болатын дайын бизнес-идеяны ұсына алады. Механизмді таңдағаннан кейін әрбір жобаға «Astana Invest» компаниясының бір менеджері бекітіледі. Ол инвестор жобаны іске асыруға дейінгі кезеңде сүйемелдеу қызметін атқарады, – деп түсіндірді Әнуар Нығматов.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік

Инвестиция елдің экономикасын дамытуда маңызды рөлге ие десек, бұл бағыттағы тартымды жобаның бірі – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы.

– Дәстүр бойынша халықты әлеуметтік нысандармен, яғни балабақша, мектеп, аурухана,
т. б. қамтамасыз ету мемлекетке жүктелді. Оларды құруға және ұстауға қаржы мемлекеттік бюджеттен бөлінеді. Алайда әлеуметтік нысандарға деген қажеттілік анағұрлым жоғары болып, қаражат жеткіліксіз болған кезде МЖӘ көмекке келеді, – деп атап өтті спикер.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік – бұл жеке инвестицияларды тарту арқылы түрлі саладағы маңызды әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін мемлекет пен бизнестің ынтымақтастығы механизмі.

– Мысалы, елордада студент­тік орынның тапшылығы мәселесі бар, мектептер қажет. Содан кейін саладағы құзырлы мемлекеттік орган конкурс жариялап, осыған ұқсас жобаларды жүзеге асыруда тәжірибесі бар, мұндай нысандарды салу мен пайдалануды білетін инвесторды табады. Барлық нюанстар МЖӘ туралы егжей-тегжейлі келісімде қарастырылған. Инвестор өз қаражаты есебінен немесе қарыз қаражатының көмегімен нысанды салып, жабдықтайды. Содан кейін бірнеше жыл тәртіпті басқарады және сақтайды. Келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін инвестор объектіні мемлекет меншігіне береді, ол өз кезегінде инвестордың жұмысын бақылайды және оған бюджеттен белгіленген соманы төлейді. Бұл ретте нысан мемлекет үшін арзанырақ және үнемделген қаражатты басқа мәселелерді шешу үшін тиімді қайта бөлуге мүмкіндік береді. Инвестор ұзақ мерзімді келісімшартқа, бюджеттен тұрақты төлемдерге және халыққа қосымша қызмет көрсетуге байланысты табысты бизнес түріне жатады, – деді Әнуар Нығматов.

Инвестицияларды тартудың жаңа тәсілін енгізудің арқасында елорда ашық және жайлы бизнес ортаның мәртебесін сақтауға ұмтылуда. Қысқасы, инвестиция ел экономикасы дамуының негізі десек, Астананың бұл бағыттағы жұмысы жүйелі, бағдары айқын.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ,

Карина КУЩАНОВА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button