Басты ақпаратМәдениет

Ғажайыптар әлеміне саяхат

«Астана Балет» театрында «Қар патшайымы» балетінің премьерасы өтті.

«Қар ханшайымын» Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Татарстан Рес­публикасының халық әртісі Георгий Ковтун қойды. Дания­лық жазушы Ганс Христиан Андерсеннің осы аттас ертегісінің желісімен қойылған ғажайып спектакль маэстро Арман Оразғалиевтың жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтті.

Бұл ертегі композитор Радик Салимов, костюм суретшісі әрі суретші-сценограф Злата Цирценс, жарық суретшісі Алексей Марков және «Астана Балет» әртістерінің қолдауымен қойылды. Би өнерінің құдіретімен сахнада бала кезден таныс бейнелерге жан бітеді. Антуражы өзге қалыпта болғанымен, оларды тануға болады. Балетте ертегі кейіпкерлері жаңа қырынан танылып, сахнада музыка, қимыл, сан алуан тың бояулардың үйлесімінен туған ғажайып әлемге тап боласыз.

– Қазіргі балалар қоршаған ортаны жылдам қабылдап, бойына сіңіреді. Ересектердің міндеті – осы әлемнің әсем тұстарын көрсетіп, көркемдікке баулу. Менің ойымша, ертегі – осы әлемді тану жолындағы алғашқы саты. Өз басым осы арқылы ғажайып әлемді елестетемін. Мұнда жақсылық зұлымдықты жеңіп, әділдік салтанат құрады, адам баласының бойындағы жаман әдет, нәпсі тыйылып, ақыры тура жолға қадам басып, махаббат әрдайым салтанат құрады. Менің жаңа ертегім осы жайлы, – дейді Георгий Ковтун.

Би тілінің құдіретімен бала кезден таныс Қар патшайымы мен Герда жайлы ертегіге жан бітіп, өзінің сүйіспеншілігінің арқасында інісінің мұз басқан жүрегін жібітіп, Қар патшайымының арбауынан арашалап қалған қайсар қыз жайлы қойылымды тамашалай аламыз. Інісін іздеп шыққан Герда талай оқиғаларды басынан өткереді. Алдынан кес-кестеп шыққан талай кедергіні бұзып-жарып, ең ақыры, зұлым сиқыршымен шайқаста да жеңіп шығады. Сөйтіп, Герданың адал жүрегі бүкіл қиыншылықтан аман алып шықты.

– Осы ғажайып қойылымда достарына алаңдаған кейіп­кердің күйзелісі ғаламат сән-салтанатқа ұласып жатады. Сен де балет кейіпкерлерімен бірге бала кезден таныс ертегіні өз басыңнан өткізгендей күй кешесің. Меніңше, бұл қойылым ересектерге де, балаларға да әсер етіп, қыстың сүреңсіз тіршілігіне бір сәуле түсіреді. Ғажа­йып музыка, әсем костюм­дер мен ғаламат декорациялар балаларға түсінікті тілде мәңгілік адами құндылықтар жайлы баяндап береді, – дейді театр әртісі Айдан Қалжан.

Спектакльде жақсылық зұлымдықты жеңіп, көрермен қауым ғашық жүректе тылсым күш барына көз жеткізеді. Бұл – шынайы махаббат пен достық жайлы, мұз құрсауды жібітіп, зұлымдардың арбауынан арашалап қалар адалдық пен албырт жүрек жайлы, сонымен бірге, асыл армандар міндетті түрде орындалатыны жайлы хикая. Ең бастысы, басыңа іс түсіп, бойыңды үрей билегенде жаныңа медеу болар сүйікті адамың табыларына сену керек.

«Қар патшайымы» – отбасыңызбен бірге тамашалайтын, әр сахнасы қызықты режиссерлік және көркем шешімдерге бай қойылым. Қиял-ғажайып хикаяның жүректі елітіп әкетер атмо­сферасы әсем костюм әрі ғажайып декорациялармен үйлесіп, көрермен қауымды нағыз таңғажайып сиқыр мен қиял әлеміне жетектеп әкетеді. Премьера Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткізілді.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button