Басты ақпаратҚала мен Сала

Отбасы мәселесін үйлестіру – өзекті міндет

Әулет бүтіндігін, отбасындағы береке мен ауызбірлікті, ұлттық тәрбиені сақтау – ел іргесін бекіте түсер басты құндылықтар. Алайда түрлі себептермен елімізде отбасы институтының беріктігіне сына қағылып, шытынап жатқан жанұялар көбейді. Мұның бәрі қоғам болмысына тікелей әсер етуде. Осы орайда заман ағымына сай жаңа бағытта белсенді жұмыстар жүргізіп келе жатқан Астана қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қызметімен таныстық.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен төрағалық ететін комиссия құрамы 31 белсенді азаматтан тұрады. Солардың бірі, төрағаның орынбасары, қоғам белсендісі, кәсіпкер Назгүл Мақжан аталған комиссия халықпен бетпе-бет кездесулерді көбейтіп, елдің мәселелеріне жиі құлақ түретінін жеткізді. Бұл – комиссия төрағасының басты тапсырмасы, әр мүшесінің алдына қойған маңызды міндеті. Есеп беру үшін емес, елдің жағдайын шынымен тыңдап, барынша шынайы болу, олармен кері байланыс орнату, мұң-мұқтажын білу керектігін үнемі ескертіп отырады.

– Төрағамыз бізге: «Сіздер астанадағы отбасылық ахуалға ықпал ететін бірден-бір құрал ретінде жұмыс істеуіңіз қажет» дейді. Жеке-жеке шақырып,  комиссия жұмысын қайтсек қарқынды жүргізе аламыз, жұмыс істеуші құрал ретінде қалай деңгейін көтереміз деп ұсыныстар сұрайды. Осылайша биыл біз мамыр айында бірінші рет комиссияның әлеуметтік желідегі парақшаларын ашып, әр комиссия мүшесі байланыс нөмірін сонда жазып қойды. Содан бастап арыз-шағым, өтініш айтатын халықтың саны екі есе артты, олар әлі күнге толастамай, өз мәселелерін еркін айтып, жекемізге де шығады, комиссия қарауына да жазылады. «Жанұя» отбасын қолдау орталығында жұма сайын сағат 11.00-ден 13.00-ге дейін бізге хабарласқан әйелдерді қабылдаймыз. Осы қабылдау арқылы өткен айдағы 4 рет кездесуде 40 шақты әйелдің мәселесін тыңдап, оны шешуге атсалыстық. Ал қабылдауға жетпей-ақ былай жекемізге телефон соғып, WhatsApp желісі арқылы болсын шаруасы шешіліп жатқан одан бөлек қаншама әйелдер бар, – дейді Н.Мақжан.

Халыққа бір табан жақындай түсті

Аталған комиссия осы аттас республикалық агенттік құрылғаннан бастап 15 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істейді. Алайда оның белсенді жұмысы соңғы жылдары күшейді. Құрамындағы мүшелері – елордада түрлі салада еңбек етіп жүрген белсенді азаматтар, атап айтқанда, мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер, басқарма басшылары, ҮЕҰ жетекшілері, журналистер және қалалық мәслихат депутаттары бар. Жалпы комиссия жұмысы үш топқа бөлініп жүргізіледі. Біріншісі – «Отбасылық құндылықтар», екінші – «Отбасындағы қиын жағдайларды талдау» және үшіншісі – «Әйелдер көшбасшылары» топтары. Соның ішінде көбіне екінші топтың жұмысын  жүргізу оңайға түспейді екен. Сондықтан оның жұмысына міндетті түрде құқық қорғау саласындағы бір маман және психолог қатысады.

– Қабылдау жүргізгенде әйел­дер ақша, тамақ сұрап, қолдарын жайып келеді. Әр адамның маңдайына жазылған түрлі тағдыры бар. Оны түсінеміз. 10 адамның тоғызы үй қажет, ақша бер деп келеді. Бірақ біз ақша беретін орган емеспіз. Тек сол сәттегі қиын жағдайынан шығып кетуіне жол көрсетуге, кейбір мекемелермен, тиісті орындармен сөйлесіп беруге құзыретіміз бар. Бәрі бірдей емес, дегенмен бізде көп әйелдер біреудің мойнына мініп алып, күн көруді әдетке айналдырып алған. Әрине, біз оған да қарамай сол кездегі жағдайын өзімізден өткізуге тырысамыз, барынша көмектесуге дайынбыз. Келген адамның жалпы жағдайы қандай, соны сараптауға кірісеміз. Жасы нешеде, мамандығы бар ма, бәрін екшейміз. Комиссия құрамында Ырза, Сәния апайлар, Алтынай ханым бар, әрқайсымыз бұл адамға өз тарапымыздан қандай көмек бере аламыз деген бірінші сұрақты шешуге тырысамыз. Кейбірі жұмыс ұсынсаң, істегісі келмейді. Біреуі мектеп керек дейді. Мектепке де хабарласамыз. Баласына құжат ала алмай жүргендерге де көмек береміз. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған келіншектер келеді. «Мына есіктен шыға алмаймын, себебі ар жағында жолдасым күтіп тұр, мені ұстап алса аямайды» деп жылағанда жанын қоярға жер таппайды. Қасымызда ішкі істер басқармасынан өкілдер бар, солар бірден арызын қабылдап алады. Көп әйелдер сол арызды жазуға да қорқады, себебі олардың көбі жұмыс істемейді, экономикалық тәуелді, табысы жоқ, сондықтан ұрып-соққанға шыдап отыра береді. Міне, өлтіріп кетті, асылып қалды дегеннің бәрі осыдан шығады. Сондай келеңсіз жайттардың алдын алуға жұмыс жүргіземіз. Зорлық-зомбылық тек осал, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларда болады десек қателесеміз, таяуда қалада белгілі лауазымды азаматтың келіншегі келіп шағымданды. Екі баласын жолдасы ажырасқалы алты айдан бері көрсетпеген, өзін ұрып-соққан. Қолымнан ештеңе келмей тұр деп ақсаңдап келді. Оның балаларын көруге тең құқылы екенін айтып, сондықтан сот шешімі қалай орындалатыны туралы заңгерге кеңес бергіздік. Оны одан әрі қолдауды жалғастыруға бел будық. Өйткені біздің көмегімізге зәру еді. Одан бөлек,  ішімдікке тәуелді, бірақ адам болғысы келетін әйелдер де бар. Оны наркодиспансерге орналастырамыз, емделуге жатқанда балаларын орналас­тыруға көмектесеміз. Шыққан соң «Жанұя» орталығына барып, сол жерде Жұмыспен қамту орталығына хабарласып, нәпақа табатындай жұмыс табуға көмек береміз. Сырт көзге комиссияның осындай жұмыстары көрінбейді. Өйткені бұл – күнделікті ұсақ-түйек­тен құрылған жұмыс. Бірақ комиссияның әрбір мүшесі ақы төленбейтін қоғамдық жұмысқа күн сайын көп уақытын жұмсайды, – дейді комиссия төрағасының орынбасары.

Назгүл Мақжанның айтуынша, мұның бәрі халық қызметіне жүгінетін мемлекеттік органдардың елмен дұрыс коммуникация орната алмауынан болып отыр. Депутат болған кезде де әр басқармада халықпен 24 сағат байланыс орнататын бір ресми өкіл болу керектігін жиі ұсынатын. Сонда халық әркімді бір іздеп жүрмейтін еді.

Ағарту және дамытуды көздейді

Комиссияның екінші тобы – «Отбасылық құндылықтар» бойынша жұмыс жүргізеді. Отбасылық «Мерейлі отбасы» байқауын өткізіп, оқу орындарына барып дәрістер беру, жастарға отбасы құндылықтары туралы түсіндіру, білім мен машығын дамытқысы келетіндерге бағыт-бағдар беру, түрлі курстарға жазылуға көмектесу – осы топтағы комиссия мүшелерінің міндеті.

– Колледждерде, мектептерде мұғалімдер, әлеуметтік жұмыскерлермен, жалпы үлкен ұжымдармен Отбасы кім деген тақырыпта сөйлесеміз. Кім қандай салада мықты, сол бойынша бөлінеміз. Мысалы, арамызда психолог бар. Ол кісі диструктивті ағымдарға кіріп кеткен адамдармен сөйлеседі. Кәсіпкерлер жұмыс тауып беруге ықпал етеді. Қабылдаудан бөлек Ырза апайдың өзі осы жылдың өзінде-ақ кем дегенде 200-дей адамды оқытып, өздері нәпақа табатындай жағдайға жеткізген. Одан бөлек, Сәния Қамбарқызы да өзінің баспаханасына жұмыс сұрағандарды жұмысқа орналас­тырды. Осылайша комиссия құрамындағы қоғамда өз орнын тапқан азаматтар енді басқаларды да тартып, соларға ықпал етуді көздейді. Сөйтіп кемінде 20-30 келіншектің отбасын реттей алсақ, соның өзі үлкен жетістік деп ойлаймын, – дейді Н.Мақжан.

Үшінші топ – «Әйелдер көшбасшылары». Аты айтып тұрғандай, мұнда кәсіп ашып, соны дамытуды көздейтін нәзік жандар келіп, одан әрі білімі мен тәжірибесін жетілдіруді көздейді. Міне, сондықтан комиссия жұмысы тек жағдайы қиын әйелдердің мәселесін шешумен ғана шектелмейді.

Ұлттық комиссияға ұсыныс берді

Шетелде, мәселен, Францияда тек қана отбасы мәселелерімен айналысатын Отбасы министрлігі бар. Алайда бұл оларда отбасы мәселелері өршіп тұр деген сөз емес. Себебі біздегідей белгілі бір проблема туындағанда емес, олар сол мәселенің алдын алу үшін профилактикалық жұмыстар жиі жүргізеді.

– 30 жылда біз неге көз жеткіздік? Бізде бір проблема туындаса ғана орган құрылады, біреу көз жұмса барып, қимылдайды. Ал Еуропа елдерінде балабақшадан бастап сол адамның мықты отбасын құрып, қалыптасып кеткеніне дейін профилактикалық жұмыстар жүргізеді, отбасын біріктіретін акциялар жасайды. Сондықтан бір-біріне қол көтеру, айқайлау жоқ. Осы заманауи үрдісті ала отырып ұлттық отбасылық құндылықтарымызды қатар дамыту керек. Себебі тәрбие жағынан қазаққа сырттан әкеп ештеңе үйретіп керек емес, қазақтың бүкіл тәрбиесі салт-дәстүрінде тұнып тұр, – дейді спикер.

Комиссия биыл Отбасы басқармасын ашу туралы Ұлттық агенттікке ұсыныс берді. Мұны комиссия төрағасы күн тәртібінде бөлек қарастыра отырып, құжат ретінде ұсынуды тапсырған. Себебі бізде балалар мәселесімен – Білім басқармасы, жастармен – Жастар саясаты басқармасы айналысады, ал бүкіл отбасын тұтастай етіп қарастыратын бірде-бір құрылым жоқ.

– Балабақшадан бастап ересектерге дейін толық қамтитын, жинақы, толыққанды бүкіл картинаны көріп отыратын бір басқарма керек. Жақында ұлттық комиссия ғылыми конференция өткізді. Сол кезде олардың тарапынан біздің ұсынысты қолдаймыз деген сөзді естідік. Механизмдерін республика деңгейінде жасап шығарады. Әр отбасының ұйытқысы – әйел болса, кез келген елді әйелдің иманын әлсірету арқылы құлату оңай. Бізде қай жерде шикілік кетіп отыр? Жұмысбастылықты сылтау етіп, баланың тәрбиесіне мән бермейтін болдық. Бірақ уақытты тиімді пайдаланып, қалайда баламен бос уақытты бірге өткізіп, тәрбиелеуге уақыт бөлу қажет. Себебі бала ата-ана мейірімін басқалардан іздеп, өзге жат ағымдарға кіріп кетеді, – дейді Н.Мақжан.

Қабылдау кезінде жиі көтерілетін ең өзекті тақырыптар бойынша Назгүл ханым комиссия мүшесі, журналист Айгүл Мүкеймен бірге «Хабар» арнасында жұма сайын арнайы хабар ашылғанын да жетістікке балайды. Митингке шығатын әйелдермен де жұмыс жүргізу – қызметтің маңызды бөлігі. Ереуілдеткен әйелдердің ішіндегі запыранын тыңдап, мұңына құлақ түру арқылы олардың одан әрі ашуын басып, сабасына түсіруге септік етеді. Басты міндет – мәселені осы кезеңінде шешуге атсалысып, әрі қарай асқынуға жібермеу. Себебі митингке әйелдер жергілікті жерде қолдау көрмеген соң шығады. Осындай жүйелі жұмыстар жолға қойылғалы бері басқа облыстардағы комиссиялар елордалық әріптестерінен тәжірибе жинақтауға ұсыныс тастай бастады.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button