ӘлеуметБасты ақпарат

Жолда да сауаттылық қажет

2022 жылдың қазан айындағы есеп бойынша Астана қаласында 463 мың көлік құралы тіркелген екен. Ал оған қалаға келімді-кетімді автомобильдерді қоссаңыз, мегаполис көшелеріндегі көлік тасқынының аз болмайтынын аңғарар едіңіз. Осы көлік жүргізушілерінің барлығы бірдей жол жүру ережесін қатаң сақтай бермейтіні тағы түсінікті. Сондықтан әр жүргізушіде мемлекеттік сақтандыру полисі болуы міндеттеледі.

Жол инспекторы қателесіпті

Жүргізуші басқа біреудің автокөлігін жүргізгені үшін сенімхат алуы міндетті ме? Таяуда осы мәселе аяқастынан дауға айнала жаздады. Оған Астана қаласының тұрғыны Ерденбек Жақыптың сырқаттанып қалып, көлігін баласына беруі себеп болып отыр. Мәселенің мәнісі мынада: Жанұзақ Жақып әкесінің машинасының руліне отырмас бұрын сақтандыру агенттігіне хабарласып, әкесінің көлігін уақытша жүргізетінін хабарлаған. Ондағылар «қосымша сақтандыру полисін алыңыз, сонда ешқандай сенімхатсыз әкеңіздің машинасын жүргізе бересіз. Автокөлікті жүргізуге берілетін сенімхатты 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап сақтандыру полисі алмастырған» деп тайға таңба басқандай түсіндіріп берген. Осыны басшылыққа алып, алаңсыз жүрген Жанұзақты жол полициясы тоқтатады. Бақса, ол кішігірім жол ережесін бұзып қойыпты. Соны ескертуге тоқтатқан тәртіп сақшысы одан басқаның көлігін жүргізуге рұқсат беретін сенімхат сұрайды. Міне, осы жерде түсінбестік туындайды.

– Менде сақтандыру құжаты бар, маған сенімхат неге керек? – дейді жүргізуші.

– Көлік иесінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі бойынша сізде сенімхат болуы керек, – дейді жол инспекторы.

Инспектордың айтуынша, басқа біреудің автокөлігін жүргізген кезде сақтандыру құжатымен бірге көлік иесінің берген сенімхаты да болуы керек екен.

Жүргізуші аң-таң. Сөйтсе, жаз айында өткен бір баспасөз мәслихатында Әкімшілік полиция комитеті басқармасының бастығы Қанат Сәдуақасовтың «сақтандыру полисінде жүргізушінің аты-жөні жазылуы міндетті. Ол жол-көлік оқиғасы бола қалған жағдайда зардап шегуші адамға келтірілген шығынды өтеп беруі үшін қажет. Көлік иесінің сенімхаты да болғаны жөн» деген сөзін инспектор басшылыққа алып тұр екен.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Жол комитетінің ресми өкілі Ирина Лукьянинаның айтуынша, басқа біреудің көлігін жүргізіп жүрген адамға сақтандыру полисінің керегі жоқ. Жол полициясы қызметкері жүргізушіден автокөлік жүргізуге сенімхат та талап ете алмайды

Жүргізуші өзінің заңгерімен хабарласады.

– Рас, ҚР заңнамасына сәйкес, автомобильді сақтандыру полисінсіз жүргізуге тыйым салынады. Әрі оны жол инспекторы талап етуге де міндетті. Алайда сақтандыру полисі бар әрі ол құжаты жарамды жүргізушіден қосымша сенімхат сұрау, жұмсартып айтсақ, заңды білмеу, – дейді заңгер.

Сонымен, кейінгі кездегі нормативтік құқықтық құжаттарға сүйене келіп, заңгер инспектордың қателесіп тұрғанын дәлелдейді.

Сәл-пәл кереғарлық

Ал Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Жол комитетінің ресми өкілі Ирина Лукьянинаның айтуынша, басқа біреудің көлігін жүргізіп жүрген адамға сақтандыру полисінің керегі жоқ. Жол полициясы қызметкері жүргізушіден автокөлік жүргізуге сенімхат та талап ете алмайды. Рульде көлік иесі болмай, басқа біреу отырса, жол полициясына тек өзінің жүргізуші куәлігі мен көлік құралының техникалық құжатын және көлік иесінің мемлекеттік сақтандыру полисін көрсетсе, жетіп жатыр.

Ал заңгер Әбдірайым ­Айтбаев осыған байланыс­ты өз ойын былай білдіреді.

«Мен бұл мәселені көптен бері бақылап жүрмін. 2014 жылдың 7 қаңтарынан бастап күшіне енген «Жолды жүру ережесінің» бір бабында басқаның көлігін жүргізген кезде жүргізушіге сенімхат керек екені жазылған. Ал «Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік қызметтің шарттарын түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңдық актілеріне кейбір өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы күшіне енген заңда «міндетті тіркелгені жөнінде сенімхат негізінде көлік құралын пайдалану құқығын растайтын құжаттың жүргізушінің қолында болуы туралы 54-баптағы 3-тармағының 1-тармақшасы алынып тасталған. Көпшілікті шатастырып жүрген, негізінен, осы жайлар. Кейбіреулер жол жүру ережесіне сүйеніп, сенімхат талап етсе, жүргізушілер кейінгі заңға арқа сүйеп, «ол міндетті емес» деп уәж айтады. Айту керек, жақында бұл сәл-пәл кереғарлық жойылады. Қазір Қазақстан Үкіметінде осыған байланысты арнайы қаулы дайындалып жатыр. Ол жаңа жылдан кейін күшіне енеді» деді заңгер.

Қауіпсіздік белдігі не үшін керек?

Өткен аптада Астана қаласында қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін сексен жеті жүргізуші жазаланыпты.

Жомарт Әбденов – тәжірибелі жүргізуші. Өзінің жекеменшік көлік иемденгеніне жиырма жылдан асыпты. Жол ережесін қатаң сақтауға тырысады. Бірақ жақында ойламаған жерден жол полициясы қызметкері тоқтатып, қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін айыппұл жазып берді.

– Тұратын үйім мен гаражымның арасы – бар-жоғы үш жүз метр. Жақын жер ғой деп қауіпсіздік белдігін таға қоймап едім, – деп ол жол инспекторына келіспеушілік білдіріп еді.

– Жоқ, елу метр жер жүрсеңіз де, сіз көлікке отырған бойда қауіпсіздік белдігін тағуға міндеттісіз. Сондықтан қауіпсіздік белдігін тақпау үшін түрлі сылтау іздеудің қажеті жоқ, – деді инспектор.

Біріншіден, әр автокөлікте қауіпсіздік көпшігі болады. Егер қауіпсіздік белдігін тақпасаңыз, апатты жағдайда көпшік іске қосылмайды. Екіншіден, жол-көлік оқиғасы кез келген жерде орын алуы мүмкін. Осы кезде жүргізушілердің өмірін сақтап қалатын – тек қауіпсіздік белдігі. Әсіресе, көлік аударылған жағдайда жолаушыны тек қауіпсіздік белдігі ғана құтқара алады. Міне, осы жайлар жүргізушілерді ойландырса дейміз.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button