Елорда тынысы

Елорда бюджетінің жобасы таныстырылды

Кеше Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысында елорданың 2023-2025 жылдарға арналған бюджетінің жобасы талқыланды. Тиісті баяндаманы қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Айжан Түгелбаева жасады.   

Оның айтуынша, осы жылдың 9 айының қорытындысы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақты экономикалық өсім байқалды. Соның негізгі көрсеткіші – өңірлік ішкі өнім биылғы алғашқы жартыжылдығында 3 600,0 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,1 пайызға артты. Қала экономикасына 863,5 млрд тенге құйылды. Бұл да былтырғы сәйкес кезеңнен 11,7 пайызға көп.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 439,4 млрд теңгені құрап, 1 827,5 мың шаршы метр пайдалануға берілді. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны да көбейді. Мәселен, биылғы қаңтар-қыркүйек айларының аралығында

186,1 мың жұмыс істеп жатқан субъект тіркелді. Бұл да былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 19,6 пайызға көп. Биылғы бірінші тоқсанда шағын және орта бизнес саласында жұмыс істеп жатқан адамдардың саны  441,3 мың адамды құрап, өткен жылға қарағанда 15,3 пайызға көбейді. Осы салада өндірілген өнім көлемі 12,7 пайызды құрап, 2 302,9 млрд теңге болды.

Экономиканың тұрақты өсімі тұрғындар табысының артуына септесіп, 2022 жылдың қаңтар-маусымында орташа жалақы 378,1 мың теңгені құрады. Жұмыссыздық деңгейі биылғы екінші тоқсанда 4,7 пайыз шегінде. Ағымдағы кезеңде 31 326 жаңа жұмыс орыны құрылды. Соның ішінде тұрақты – 27 527, уақытша – 3 799. Соның басым көпшілігі шағын және орта бизнес саласында жұмыс тапқан. Мұнда 26 097 орын құрылды. 2026 жылға дейін 10 млрд теңгеге 12 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Онда Индустриалды парк аумағында 900 жұмыс орны құрылады.

2023-2025 жылдары жеке табыс көлемі жалпы 1 688 783,2 млн теңгені құрамақ. Оның басым бөлігін салықтық түсімдер құрайды. Үш жылдық бюджеттің шығындары да 1 688 783,2 млн теңгені құрамақ.

Баяндамашының айтуынша, республикалық бюджеттен дамуға арналған мақсатты трансферттер –  139 млрд теңге. Соның ішінде 2023 жылға 102,3 млрд теңге қалаға келмек. Ал Астана республикалық бюджетке 70 млрд теңге мөлшерінде алым төлеуі қажет.

Айжан Түгелбаева қалалық мәслихаттан бастап қала әкімдігіне, басқармалар мен департаменттерге, аудандарға алдағы үш жылда бөлінетін қаржының жоспарымен таныстырды.

Оның сөзінше, 2023 жылы төрт ауданға бөлінетін қаржы 44 млрд 262,6 млн теңгені құрайды. Соның ішінде Алматы ауданының аппаратына – 10 млрд 914,9 млн теңге, Байқоңыр – 8 млрд 288,5 млн теңге, Есіл – 15 млрд 272,1 млн теңге, Сарыарқа – 9 млрд 887,1 млн теңге.

Баяндамашы осылайша әр бағдарлама әкімшісіне бөлінетін қаржы көлеміне тоқталып өтті. Ол баяндаманы аяқтағаннан кейін Қоғамдық кеңес мүшелері қаланың үш жылдық бюджетінің жобасы бойынша өз ұсыныстары мен ойларын айтты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button