Басты ақпарат

Инвестициялық жобалар игілігі

Елордада №2 Индустриал­ды парк салынады. Қоғамдық кеңістіктер де көбейіп, шағын бақтар саны артады. Инженерлік инфрақұрылым құрылысы да жалғасады. Мұның бәрі 2022-2024 жылдары елордада іске асырылатын инвестициялық жобаларға кіріп отыр. Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының отырысында аталмыш жобаларды қала әкімдігінің бірқатар құрылымдық бөлімшелерінің басшылары таныс­тырды.  

[smartslider3 slider=2017]

№2 ИНДУСТРИАЛДЫ ПАРК САЛЫНАДЫ

Алдымен баяндама жасаған Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Азамат Әбдуәлиев №1 Индустриалды парк жұмысына тоқталып, №2 Индустриалды паркті салу жоспарын баяндады. Оның айтуынша, №1 Индустриалды паркте 85 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Соның 53-і пайдалануға берілсе, 32-сінің құрылысы басталып, әлі аяқталған жоқ. Алайда бұл парк толып қалғандықтан, №2 Индустриалды паркті салу туралы шешім шығарылды. Оның аумағы «Астана – Технополис» арнайы экономикалық аймағына кіреді. Жаңа Индустриалды парк 2042 жылға дейін жұмыс істейді деп жоспарланып отыр. Нысанды жобалауға Сингапур елінің Jurong атты ірі компания тартылды. Парктің жалпы ауданы – 433 гектар. Онда 500 млрд теңгені құрайтын 150 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланды.

– №2 Индустриалды парктің инфрақұрылымының бағасы бастапқыда 143 миллиард теңгені құрады. Бірақ техникалық-экономикалық негіздемені түзеткеннен кейін жобаны 88 миллиард теңгеге төмендету жоспарланып отыр. Мемлекеттік бюджетке жүктемені азайту үшін нысан құрылысы кезең-кезеңімен жүргізіледі. Жоба үш кезеңге 9 іске қосу кешеніне бөлінді. Бірінші кезеңнің бірінші іске қосу кешенінің құрылысын 2023 жылы бастау жоспарланды, – деді А.Әбдәулиев.

ШЕТКІ АЙМАҚТАРҒА – ШАҒЫН БАҚ

Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Әлия Қожабаева 2022 жылы инвестициялық жобаларды іске асыруға жергілікті бюджетте 470 млн теңге қаралғанын мәлімдеді. Соның есебінен биыл 9 шағын бақ салу жоспарланған. Оның 4-еуі қаланың шеткі аймақтарында бой көтермек.

Атап айтқанда, Есіл ауданындағы «Үркер» тұрғын алабында (Доспамбет жырау және Айғыржал көшелерінің қиылысы) биылғы сәуір айында шағын бақтың құрылысы басталады. Жобаның жалпы құны – 435 млн теңге. Осы жылға 22 млн теңге бөлінді. Сондықтан қосымша тағы 413 млн теңге бөлінуі керек.

Ал Алматы ауданында екі шағын бақ салынбақ. Олар «Железнодорожный» тұрғын алабындағы Иманақ көшесінің аумағында (жобаның жалпы құны 380 млн теңге) және «Интернациональный» тұрғын алабындағы №135 көше маңайында (жалпы құны 195 млн теңге) бой көтереді.

Сарыарқа ауданында Ш.Айтматов, С 409, №187 көшелер аумағында және Байқоңыр ауданында А.Иманов көшесінің №32, 34 және 36 үйлер маңында шағын бақ салынады. Осы екінші жобаның құны – 125 млн теңге. Сондай-ақ синагога маңайында А.Пушкин, 8 мекенжайында 128 млн теңгеге, А.Кенжин, А.Үлімжіұлы, Дайрабай және М.Мөңкеұлы көшелері квадратында 147 млн теңгеге шағын бақтарды салу жоспарланды. Бұған қоса, Абай даңғылы, 53/1, 57/1 үйлерінің айналасындағы шағын бақты қайта сау керек. Оның құны – 72 млн теңге.

– Барлық жобалар бойынша тиісті көшелер тұрғындарымен қоғамдық талқылаулар өткізіліп жатыр. Осындай кездесулерді 5-6 рет ұйымдастырылды. Тұрғындардың ұсыныс-тілектері ескерілді, – деді Ә.Қожабаева.

Оның айтуынша, осы күндері «Үркер» тұрғын алабындағы ­Ә.Қашаубаев-Жанқожа батыр көшелерінің қиылысында шағын бақты салуға жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауға конкурстық жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Тельман» тұрғын алабында саябақтың құрылысына мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынды. Жобаның құны 700 млн теңгені құрайды.

Сонымен қатар Мәңгілік ел, Қабанбай батыр даңғылдары, Сауран, Хусейн бен Талал көшелері квадратында саябақтың жобасы дайындалып жатыр. Алматы ауданында 1 гектар аумақта, №101 көшеден солтүстікке қарай өрт сөндіру-химиялық станса құрылысы да жүргізілмек. Бұл жоба «Қазақстан Республикасы аумағында 2021-2023 жылдары өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кешенді жоспары» Жол картасы жобасына сәйкес қолға алынбақ.

Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы 30,3 гектар аумағын алатын рекреациялық аймақ туралы да айтты. Сығанақ, Әнет баба, Қазыбек би, Р.Бағланова көшелерін қамтитын бұл аймақтың құны – 34 млн теңге.

«ЖАСЫЛ БЕЛДЕУ» КӨЛЕМІ ҰЛҒАЯДЫ

Бүгінгі күнге қаланы үздіксіз көгалдандырудың жалпы ауданы 14 725 гектарды құрайды. Биыл 4,5 млн ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Мердігерді анықтау бойынша конкурстық жұмыстар басталды.

– Қолданыстағы заңнамаға сәйкес «жасыл белдеу» көлемі астана жағдайында бір мың адамға 25 гектар немесе бір тұрғынға 250 шаршы метр болуы керек. Бүгінгі таңда бір тұрғынға 139 шаршы метрден келіп отыр. Тиісті ережеге сәйкес «жасыл белдеу» көлемі 25 мың гектардан кем болмауы керек. Көлемін ұлғайту үшін қала аумағында қосымша жер телімдері бөлінді. Онда зерттеу жұмыстары жүргізіліп, жалпы ауданы 15,1 гектарды алатын «жасыл белдеу» жобаланады, – деді Ә.Қожабаева.

Оның сөзінше, елордада ағаштардың жерсінуі 61 пайызды құрайды. Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы бұл көрсеткішті арттыру үшін тиісті жұмысты жүргізді. Соның арқасында «жасыл белдеуде» жерсіну көрсеткіші 91 пайызға жетті.

– Қазір де ғылыми жұмыстарға тапсырыс бергіміз келіп отыр. Сол үшін биологтарды, топырақты зерттеу­шілерді тартпақпыз. Бізге топырақтың жағдайы маңызды. Егер жасыл желекке бөлінген жер телімдері жарамайтын болса, оларды ауыстыру керек болады, – деді  Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы.

Көлік және жол-көлік инфра­құрылымын дамыту басқармасына инвестициялық жобаларға биыл республикалық бюджеттен 750 млн теңге, жергілікті бюджеттен 1490,5 млн теңге бөлінді. Бұл туралы баяндаған аталмыш басқарманың басшысы Жансұлтан Сапарбаев бұл қаржыға осы жылы 9 нысан құрылысын аяқтау жоспарланғанын жеткізді. Соның екеуі тұрғын алаптарда орналасқан. Алғашқы жоба – «Достық» шағын ауданында инженерлік жобаларды жаңғыртуды, ал екінші жоба «Интернациональный» тұрғын алабында шаруашылық-тұрмыстық және нөсер кәріздерін салуды көздейді.

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button