Камералық хор концерті
Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының камералық хоры өзінің ХІХ концерттік маусымын «Sounds of World» концертімен аяқтады. Бұл кеш «Астана Опера» театрының К.Байсейітова атындағы камералық залында өтті.
Концертте қазақтың, әзербайжанның, түріктің, түрікменнің және Генри Манчинидің (АҚШ), Йозеф Свидердің (Польша), Карл Дженкинстің (Ұлыбритания) танымал шығармалары, басқа да туындылар орындалды. Түпнұсқа тілде шырқалған шығармалар адамзаттың махаббатқа, сұлулыққа, үміт пен бейбітшілікке, мәңгілік құндылықтарға деген ұмтылысын бейнеледі.
Кеште халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Индира Айтберген, Лаура Қарабай жеке өнер көрсетті. Дирижер – камералық хордың көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Гүлмира Құттыбадамова. Сонымен қатар дирижер Ержан Сансызбаев, хормейстер Данара Ташатова, концертмейстер Гүлден Базыкен концерттің өтуіне атсалысты.
Әсемай ЕРЛАНҚЫЗЫ, әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің студенті