Білім

Кітап – білім бұлағы

Әне-міне дегенше тамыз да басталып кетті. Бұл – мектепке баратын жеткіншектердің соңғы демалыс мезгілі. Енді аз күндерден кейін білім ордаларында қоңыраудың сыңғырлы дауысы естіледі. Оқушылар жүздерінен мейірім төгілген ұстаздарымен қауышады. Демалыста болған әсерлерімен бөліседі. Оқыған кітаптары жайында айтады.

Кітап демекші, әсіресе, елор­далық балалардың демалысы кезінде Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі не істеді, қандай шаралар ұйымдастырды деген оймен сөз қозғауды жөн көріп отырмыз. Бүгінде аталған мекемеге 18 кітапхана қарайды. Соның ішінде алтауы балаларға арналған. Барлық кітапханада 700 мыңға тарта кітап қоры сақталған. Оның 200 мыңға жуығы – қазақ тілінде жарық көрген дүниелер. Кітапханалар жүйесіне елорда бойынша 70 мыңнан аса оқырман тіркелген. Соның тең жарымы – балалар. Кейінгі жылдары жасөспірімдердің кітапқа деген қызығушылығы артқан. Бұған ата-аналардың да ықпалы бар екені дау­сыз.
Кітапханалар жүйесі демалыс кезінде жүзден астам шаралар өткізуді жоспарлаған. Бүгінге дейін оның көбісі ойдағыдай өтті. Соның біреуіне ғана тоқталайық. Мәселен, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арнап қала әкімдігі мен кітапханалар жүйесі бірлесіп «Жаз бізге бақыт сый­лайды» атты ауқымды шара өткізді. Онда балаларға арнал­ған кітап көрмесі, ән мен күйге толы концерт, аулалық отба­сылық клубтардың жарысы ұйымдастырылды. Дәл осы мереке аясында №12 көпшілік кітапхананың кішкентай оқыр­ман­дары әке-шешелерімен «Ға­жайыптар алаңы» ойынын ойнады. «Радуга» ансамблінің өнерпаздары тамылжытып ән салды. Астаналық цирктің әзілкеш әртістері Әзілбек Болатов, Дәулет Серғазыұлы, Айсұлу Әбдікәрім және Ақтоты Тимур кештің көрігін қыздырды.
Сондай-ақ, бас шаһардың 20 жылдығына арналған шаралардан кітапханалар жүйесі де тыс қалмады. Дәл қала күні хакім Абай ескерткіші алаңында «Абай рухы жаңғырған Ұлы дала Астана!» аталған кітап және поэзия мерекесі өтті. Бұған да жеткіншектердің қосқан үлесі мол болды.
Қоғамда балалар кітап оқымайды деген түсінік бар. Мұның қате ұғым екенін бізге №3 балалар кітапханасының меңгерушісі Марал Ақтаева айтып берді.
« Біз жазғы демалысқа мұқият дайындаламыз. Балаларға арнап өтетін шараларды әбден сүзгілейміз. Айталық, біздің кітапханада маусымнан бері «Алақай, жаз келді, кітап оқитын кез келді» деген көрме өтуде. Биыл кітапхана жүйесіне жақсы қаржы бөлінгендіктен 5-14 жас арасында жеткіншектерге арналған кітаптар көптеп сатып алынды. Күн сайын бізге 5-6 бала келіп отырады. Нақтырақ айтқанда, кітапханаға соңғы екі айда 500-ден аса жеткіншек келген. Кейбір ата-аналар балаларын өздері жетектеп алып келді. Біз кітапханаға 5 жастағы балғындарды да шақырамыз. Оларға арналған логикалық ойындар бар, сонымен ойнап, уақыттарын өткізеді. Әсіресе, биыл жасөспірімдердің келуі жоғары болып отыр» деді кітапхана меңгерушісі.
«Астана – кітап оқитын қала» шарасы аясында балалар әде­биетінің белді өкілдері – Мәди Айымбетов, Толымбек Әбдірайым, Тілеуғазы Бейсенбек, Жәди Шәкен, Қалқаман Сарин секілді қаламгерлермен тағылымды кездесу ұйымдастырылды.
Осы тамыз айында да отызға тарта түрлі тартымды кештер, кітап көрмесін өткізу көзделген. «Сәлем, кітапхана» шарасы шеңберінде жеткіншектер кітапханаларға экскурсия жасайды. Жасөспірімдер өздері оқыған кітаптарын талқы­лайтын конференция ұйым­дасты­рылады. Саябақта кітап оқу мерекесі өтпек. Қысқасы, орталықтандырылған кітапханалар жүйесі елордалық балалардың жазғы демалысы қызықты өту үшін бар мүмкіндікті жасаған.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button