Басты ақпаратҚала мен Сала

Көк түтіннен қашан көз ашамыз?

немесе елордадағы газдандыру қарқыны неге бәсең?

Астананы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы газдандыру жұмысы сылбыр жүргізіліп жатқанын атап айтты. Мәселен, өткен төрт жылдан астам уақытта небәрі 8 мыңдай отбасы ғана газға қосылған. Мұның себебі неде, газ тарту қымбат па, әлде басқа да себептер бар ма? Ал шын мәнінде газдандыру бұл ең негізі мәселенің бірі – қаланың экологиялық жағдайын жақсарту мен халықтың тұрмысын жеңілдету емес пе еді?..

Астананың іргесіне газ келгенде, «қыс мезгілінде қаланы торлаған көк түтіннен құтылатын болдық, бас қала тұрғындарының барлығы газға қосылса, қала экологиясы жақсарады» деп бәріміз қуанған едік. Содан бері 2-3 жыл уақыт өтті. Бірақ біз көк түтін мен көмірдің жүрек айнытатын қошқыл иісінен әлі құтылғанымыз жоқ.

2019 жылдың қазан айында «Сарыарқа» газ құбырының елордаға дейінгі алғашқы кезеңі аяқталған болатын. Сол кезде Қазақстанның астанасы 2023 жылға дейін толығымен газға көшеді деп жоспарланған. Міне, межелі 2023 жылға да келіп жеттік. Елорданы газдандыру жұмысы бүгін-ертең бітетін түрі жоқ. Көгілдір отын жеткізу жұмысы әлі жалғасып жатқанмен, кедергі көп пе, бағасы қымбат па, жоқ әлде басқа себептер тұсау болып тұр ма, кім білсін, әйтеуір газдандыру жұмысының аяқ алысы өте сылбыр. Көгілдір отын іргесіне келсе де, қала тұрғындары көк түтінге көзі ашып, күйе-күйе болып әлі көмір жағып отыр.

31 қаңтарда Астана қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселеге арнайы тоқталып, қаланы газдандыру жұмысының сылбырлығын сынға алды.

«2019 жылы «Сарыарқа» магистралды газ құбырының бірінші кезеңі аяқталды. Әкімдіктің міндеті – 300 мыңнан астам адам тұратын тұрғын үй алаптарына газ жеткізу. Қазіргі таңда небәрі 8 мыңға жуық абонент газға қосылған. Газбен қамту қарқынының баяу болуы салдарынан экология бүлінеді. Аязды күндері пешпен жылытылатын үйлердің түтіні қаланы басып қалады. Елорданы газбен қамту ісін аяқтау жөнінде бұған дейін бірнеше рет тапсырма бердім. Бірақ оның орындалу мерзімі үнемі кейінге шегеріледі» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Астанадағы банктер көгілдір отынға қосылу үшін 1,5 жылға дейін 750 мың теңге көлемінде пайызсыз несие де қарастырды. Бірақ сонда да көп отбасы іргесінде тұрған газ құбырын өз үйіне енгізе алған жоқ

Демек, Президенттің айтуынша да, бас қаланы газдандыру жұмысы тым сылбыр жүріп жатыр. Бас қаланы басқарып, басында отырғандар 2023 жылға дейін қаланы түгел газдандырып болмақ түгілі, «2021 жылдың соңына дейін 15 мың үйге газ тартылады» деген өз жоспарын да орындай алған жоқ. 4 жылдан астам уақытта небәрі 8 мың отбасы ғана газға қосылса, жалпы жоспарды қалай орындайды? Оның үстіне, газ құбырлары тұрғын алаптарға жеткізілгенмен, көп отбасы көгілдір отынның игілігін әлі көре алмай отыр. Себебі үйлерді газға қосу ақысы өте қымбат. Елордада ғана емес, республика бойынша газға қосылудың орташа бағасы 700-800 мың теңгені құрайды. «Арық атқа қамшы ауыр» дегендей, онсыз да қымбатшылық құшағында күн көріп жатқан елорда тұрғындарының кез келгенінің бұл соманы қалтасы көтере бермейді. Сосын да әкімдіктің араласуымен бұл баға төмендеп, 200 мың теңгеден 150 мыңға дейін түссе де, соның өзіне көп отбасының күйі келмей отыр. Астанадағы банктер көгілдір отынға қосылу үшін 1,5 жылға дейін 750 мың теңге көлемінде пайызсыз несие де қарастырды. Бірақ сонда да көп отбасы іргесінде тұрған газ құбырын өз үйіне енгізе алған жоқ. Бұл жағдайдан Мемлекет басшысы да хабардар екен, Астананы дамыту туралы алқалы жиында газ желісіне қосылу шығыны азаматтарымыз үшін қымбатқа түсіп жатқанын айта келіп, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне «Үкіметпен бірлесіп, халық үшін газға қосылудың тиімді әрі ашық бағасын бекіту жөнінде нақты ұсыныстар енгізуді» тапсырды.

Анығын айтқанда, әкімдік бұдан бұрын газ құбырын елді мекендерге, тұрғын үй алаптарына жеткізуге көбірек күш салды да, жеке тұрғын үйлердің газ жалғау жұмысына аса мән берген жоқ. Мәселен, әкімдіктің газдандыру жұмысына жауапты мекеменің басшысы осыдан екі жыл бұрын «Қазіргі таңда Көктал-1, Көктал-2, Теміржол тұрғын алаптарында газдандыру жұмысы толығымен аяқталған. Оны үйге кіргізу тұрғындардың өз есебінен, қосу-­қоспау да өз қалауы» деп кесіп сөйлегені есімізде қалыпты. Демек, жергілікті билік бұған дейін газдандыру жұмысында міндет орындауды басты орынға қойды да, тұрғындардың газдың игілігін көру ісін елеусіз қалдырды. Тұрғындар газ тартуға күйі келмей отырғанын айтып, құлаққағыс етсе де, оның тиімді жолдары қарастырылған жоқ. Несиеден көз ашпаған халыққа пайызсыз қарыз берудің де қайыры аз болды. Сосын да 4 жылда 300 мың түгілі, 30 мың отбасы газға қосыла алған жоқ. Екінші тұрғыдан алғанда, газ желілерін тарту ісінде де нақты өнімділіктен гөрі жоғарыға есеп берудің ебін табуға ерекше назар аударылды да, құбыр тартып жатқан компаниялардың жұмыс барысы, жұмыс өнімділігі жіті қадағаланған жоқ. Мүмкін жұмыс беруде де бармақ басты, көз қысты жағдай орын алған шығар?! Егер олай болмаса, 2019 жылы елорданың іргесіне жеткен газ құбырын алақандай қаланы аралатып тартуға 3-4 жыл уақыт кетеді десе кім сенеді?!

Астана жаппай газға қосылса, ауадағы әртүрлі эколо­гия­лық зиянды қалдықтардың мөлшері азаяды. Газ бен көмір қалдықтарының ­арасындағы айырмашылық 10 есеге ­дейін жетеді. Яғни газ тартылған соң, қалаға зиянды ­қалдықтардың таралуы 10 есеге азаяды

Астана қаласындағы жылыту қазандықтарын газға қосамыз дегелі де біраз уақыт болды. Бірақ ол да түбі жоқ тұңғиық, бітпейтін іске айналып барады. Бұл тақырыпқа да тоқталған Президент «Астана әкімдігі 3-ЖЭО-ны пайдалануға бере алмай келе жатқанына 10 жылдан асты. Жобаны аяқтау мерзімі бірнеше рет шегерілді. Бұл оның 53 миллиард теңгеге қымбаттауына себеп болды. Аталған мәселе 2019 жылы көтерілді. Бірақ нысанның әзірлік деңгейі бұрынғыдай 83 пайызды құрап отыр. Нәтижесінде қазір елорда 300 гигакалориядан астам жылу энергиясы тапшылығынан зардап шегіп отыр» деп бас қаланың бұрынғы басшыларының жұмысына көңілі толмайтынын ашық айтып, Үкіметке әкімдікпен бірлесіп, жыл соңына дейін 3-ЖЭО-ның бірінші кезеңінің іске қосылуын қамтамасыз етуге және екі газ қазандығының құрылысын аяқтауға тапсырма берді.

Әрине, Астананы көк түтінмен «көмкеріп» тұрған тек жылыту қазандықтары емес, бас қалада көмір жағатын жер үйлер де аз емес. Оның үстіне, елорда төңірегіндегі Қосшы, Қоянды, Жібек жолы, Қызылсуат, Қараөткел сияқты көмірмен күн көретін ауылдардың да көк түтіні қаланың ауа сапасына әсер ететіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан қаланы газдандыру жұмысын жеделдетумен қатар, қала төңірегіндегі елді мекендерді газдандыру жұмысын тездетудің маңызы зор. Өйткені қаладағы үйлер толық газға қосылғанмен, төңірегімізді көк түтін қоршап тұрса, бәрібір ыс-түтектен көз ашпаймыз. Қазір дамыған елдер де астанасының ауа сапасын жақсарту үшін қала айналасындағы 100 шақырым аумақтың экологиялық ортасын реттеуге күш салуда. Бұл үдерістен біз де кейін қалмауымыз керек. Астананың халқы жыл сайын көбейіп, қала аумағы ұлғайып бара жатқанын ескерсек, болашақта ел астанасы бұдан 2-3 есе үлкейетіні – табиғи заңдылық. Дейтұрғанмен қала көлемінің жылдам ұлғаюы оның сумен, жылумен қамтамасыз ету ісіне де үлкен салмақ. Қазірдің өзінде бұл мәселелер төбе көрсете бастады. Оның үстіне, газбен жылытқан су көмірмен жылытқан суға қарағанда тез суиды. Демек, Астана сынды қысы суық қалаларда газдың да кемшілігі бар. Алайда Астана жаппай газға қосылса, ауадағы әртүрлі экологиялық зиянды қалдықтардың мөлшері азаяды. Газ бен көмір қалдықтарының арасындағы айырмашылық 10 есеге дейін жетеді. Яғни газ тартылған соң, қалаға зиянды қалдықтардың таралуы 10 есеге азаяды. Ал қазір көк түтінімен көзімізді аштырмай отырған да осы жылыту қазандықтары мен жеке сектордағы үйлер. Осы тұрғыдан алғанда, астанадағы жылыту қазандықтарын газбен жылытудың өнімділігі ересен. Бірақ жылы суды алыс аумақтарға жеткізу барысында судың суып, тұрғын үйлерді жылыта алмай қоюы мүмкін. Сондықтан кейбір аумақтарда суды қайталай жылытатын жүйелер салу ісін де ертерек ойластырған жөн. Сонымен қатар алдағы уақытта тартылатын жылу құбырларының жылу сақтау қуатын да ескерген жөн. «Газға көшсек, көк түтіннен құтыламыз» деп жүргенде, үйіміз жылымай, қыста тоңып секірсек, ол да қиын. Қысқасы, бас қаланы газдандыру жұмысында әлі де ескеруге тиісті түйіндер баршылық.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button