Басты ақпарат

Көк түріктерінің қағандығы

(Басы)

Түріктің әлеуметтік-саяси тарихын бүге-шүгесіне дейін ештеңе қалдырмай тізіп жазғанмен, мемлекеттік құрылымының тайпалық құрамын ашпасақ, түсінік толық болмақ емес. Этникалық тарих, соның ішінде көшпелілердің этногенезі – өте күрделі, қиын тақырып. Ауырдан тайсақтап, жеңіл жолға жалтарып, оны аттап өтсек, еңбектің бір қайнауы жетпей, иі қанбағандығы боп табылмақ. «Түрік-сюннулардың өзге бір түрі болатын»­ (ҚТТҚД. «Чжоушу», 50-цзюань,­ «Туцзюе­ баяны». 119 б.), «Түріктің Ашина­ руы сюннулардың солтүстік бөлігі болатын» (ҚТТҚД. «Синь Тан шу», 215-цзюань, «Туцзюе баяны». 150 б.) делінсе, ал гаочэ, телэ, чилэ – ғұндардың тәңірқұтының қызынан туған жиендер (ҚТТҚД. «Вэйшу»,­ 103-цзюань, «Гаочэ (гаугюй) баяны».­ 23 б.). Шынжан тарихшылары хун, хунну, сюнну атауларын зерттей келіп, аталмыш атауды «ғұн» деп қабылдауға ұсыныс енгізгендіктен, біз де «ғұн» деп жазбақпыз. Қытай жылнамалары­ түрік пен телэнің арғы тегін ғұнға апарып тірегендіктен, ғұнның кімдер болғанына тоқтам жасап алмасақ, пайымымызда пәтуа болмақ емес.

Әнес САРАЙ

Әлемдік мәдениеттанушылар жалпы адамзат қауымының, жекелеген ұлттардың дамып-жетілу жолындағы алғашқы өркениет нышан­­дарын негізінен төрт нәрсемен: ой-пайымын тасқа басып, қағазға қаттай алатын жазу өнерімен; жаратылыс сырын түйсініп, ізгілік шарттарын әдіптейтін діни нанымымен; көз көріп, көңіл тоқығанды бедерлей де бәдіздей білетін бейнелеу машығымен; ақыр соңында, жер шолып, жорыққа шығып, ат тұяғымен «таным картасын» сызар соғыс өнерімен де байланыстыратыны белгілі.

Міне, осы тұрғыдан бүгінгі қазақ этносының арғы тегі – ерте орта ғасырлардағы түркі тайпаларының алғашқы өркениет үрдісінің бастауында тұрғандығы туралы бұрын ешкім ауыз ашпайтын. Тіпті, Альбер Камю, Жан-Поль Сартр сынды еуропаәспеттік көзқарастағы «ойшылдар» адамзат қауымының сәби саналы шағында алысты жақындатып, жақынды табыстырған ерекше динамикаға ие қауым – көшпелілер әлеміне, күллі түркі нәсіліне төбеден қарап, өздері тұрпаттаған өркениеттер өресінен орын таппай сандалады. Басқасын былай қойғанда, күні кешеге дейін малданып келген оқулықтарымыз бен анықтамалық әдебиетіміз қазақ халқын малдың тісіне еріп, сахараның бір түкпірінде стихиялық түрде бас қосқан тобыр кейпінде мүштитіп қойды. Еуропа «ұйқыдағы ару» қалпында жатқанда, ібір-сібір тұрғындары әлі шалбар кимеген шақта түркі жұрты, ілкі қазақ тайпалары мегалиттік туындыларын бәдіздеп, ұрпағына – мына біз бен сізге, айтар аманатын төл әрпімен тасқа қашап кетіпті. Ол аз десеңіз, 4 томдық грамматикалық сөздік шығарып, «Құдатғу білік» атты этикалық-философиялық трактатты жастана оқып жатыпты…

Бұл күндері әлем мойындаған өркениеттік-мәдени бастауларымыздың бағасын өзіміз сезініп, қадірін жете бағалай алмасақ, елдігіміздің, мемлекетшілік мұратымыздың күні кешегі Қазақ хандығынан да, орта ғасырлардағы Ақ Орда, Көк Ордалардан да емес, сонау Түрік қағанатынан тамыр тартып жатқанын ғылыми-танымдық тұрғыдан дәйектей алмасақ, ұлт ойына, ұрпақ бойына ешқашан да елдік пен ерліктің аңсарын дарыта алмасымыз анық. Өйткені…

Міне, ұлттық танымымызды таңдақтардан арылтып, ерте және орта ғасырлардағы түркілердің, ілкі қазақ тайпаларының әлеуметтік-саяси тірлігіне үңіліп, этнологиялық-этнохорондық қалтарысына сәуле түсіріп жүрген белгілі қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әнес Сарайдың «Өлке» (Алматы) баспасынан жарыққа шыққалы жатқан «Көк түріктерінің қағанаты» атты кітабынан үзінді бергендегі мақсатымыз – барды бағалап, жоқты түгендеу арқылы ұлттық жадты жаңғыртып, тарихи сананың кемтігін толтыру ғана.

Түрік тайпалары

Ғұнның шығу тегі туралы пікір өте көп және бәрі де даулы. Саяси құрылымның этногенезіне – оның құрамындағы тайпалардың тегі ғана анық жауап береді, басқа пікірдің барлығы құр болжам ғана. «Хан кітабы» жылнамасы олардың негізін құраған Хуянь,­ Лань, Сюйбу тайпасы деп біледі. А.Н.Бернштам мен В.С.Таскин Хуяньді –Бұқа деп оқыған. Ал Лань – ғылымда көбірек қолдау тауып жүрген жұпар иісті «орхидея» гүлі емес, Ала тайпасының қы­тайша әліптелуі. Әзірше анық­-қанық пікір жоқ Сюйбу – қы­тай­ша Төбет шоқжұлдызының атауы бол­ған­дық­тан әңгіме «шиа­ниун­дер»­-«тазы иттер», яки күшік (кү­­чү­гүр) тайпасы туралы деп пай­ым­дау орынды. Ендеше, ғұн негі­зі­нен іргелі үш тайпаның одағы: Хуянь-Бұқа емес, ху – қу кіжжі – қуманды – лебединцы қауымы, Лань – Ала, Сюйбу – қыпшақтың Күшігір тайпасы. Алып Қытайдың ұйқысын шайлықтырып, тыныштығын кетірген осы үш тай­па­лық одақ.
Л.Н.Гумилев археологиялық деректерге иек артып, б.д.б. 1200 жылдар шамасында терістік Қытайдан Батыс Сібірге елеулі миграциялық қозғалыс болып, Минусин ойпатынан андроновтарды /угорларды/ жылыстырып, орын беруге мәжбүр еткен ауып келушілер Қарасук мәде­ни ошағын құрғанын атайды (Л.Гу­ми­лев. История народа хунну. Книга­ 1. М.,2002. 35 б.). Кейін осындай миграциялық қозғалыс тағы да орын алған. Ғалым ғұндар Оңтүстік Сібірдің аборигендері мен терістік қытайдан қоныс аударушылардың араласуынан пайда болды деген ойды сабақтап, Қытайдың аңызды дәуір шежірелерінен дәлелдер іздейді
Б.д.б. 1764 жылы Қытай топы­ра­ғын­дағы алғашқы өркениет ошағы Ся мемлекеті жойылып, орнына Шан әулеті келеді. Ся әулетінің соңғы патшасы Цзе-күйдің ұлы Шун Вэй терістіктегі көшпелілердің арасына қашып, сонда тұрақтап қалады. Қытай тарихи дәстүрі Шун Вэйді ғұндардың түп атасы деп таниды (Сонда, 20 б.). Және Шун Вэйден Ланьдарды (Алаларды) таратады. Ал, Хуянь мен Сюй­бу­ ғұндардың негізгі жұрты – ху нәсі­лінен. Әділетіне келгенде, Ғұн мем­ле­ке­тінің төл атауы «Ху», шанью­йлер Қытай императорына жолдаған хаттарында өздерін «Ху мемлекетінің патшасы» атаған. Б.д.б. 96 жылы таққа отырған Хулугу тәңірқұт Хан сарайына жолдаған хатында: «Оңтүстікте Ұлы Хан билік жүргізсе, солтүстікте қуатты Ху билік жүргізеді. Ху дегеніміз сарайдағы ұсақ-түйек салттарға назар аудара бермейтін Көктің тәкаппар ұлы» (Сиуңну. Хан кітабынан. Алматы, 1998. 64 б.) деп жазады. Шун Вэй құрдымға жоғалған Ся мемлекеті патшасының соңғы жұрнағы болғанымен, одан Лань тайпасы тарайды деп шежірелегенмен, бұл қауымнан шаньюй шықпаған. Шаньюйлер Си Люаньди руынан қойылған. Ғұнның тірегі болған үш тайпаның арасында дәреже-орны жоғарысы Хуянь (Ху) болған. Қытай кеңсе ақпараттары шаньюй тұқымдарын гунь (бек) атағанда, Хуянь тайпасы өкілдерін ван-патша деп әліптеген. Асылы, ғұн мемлекетінің іргесін қалаған хуяньдар болса керек.
Ся және Шан әулеттерінің тарихын шұқшия зерттеген шетел ғалымы Латтимор аталмыш­ екі әулет­тен қалған мәдени жұрнақтар­да­ ұқсастық жоқтығын, керісінше, айырмашылық андалап тұрғанын атап көрсетіп, Қытай мемлекеттігі мен өркениеттігінің анық таңбалы бастауы Шанның Сяның жалғасы емес, бәсекелесі екені туралы ой қорытады. Шан жәдігерліктері өзі­нен бұрынғы Ся әулеті туралы­ ләм­ деп ауыз ашпайды, Шан әулеті үшін Ся болмағандай. Осыдан келіп, неше ғасыр Орталық жазық мемлекетінің қайнар бастауы делініп келген Ся патшалығы Қытайға бөтен жұрт екенінің басы ашылып отыр.
«Ханнаманың» қазақша аудармасына түсінік жазған тәржімеші-ғалымдар Қытай топырағындағы ең ежелгі Ся мемлекетінің байырғы бір атауы «Ғағо» екенін, яки, Ся мемлекетін «ғағо» тайпасы құрғаны туралы Қытай тарихы аннал­дарынан дәлелдер келтіреді (Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері. Алматы,­ 2006. 1-том. 234-б.) Мұны елең еткізер жаңалық деуге бола­ды.­ Атал­мыш этноним Қытай этно­генезінде кездеспейді. Түрікте бұл атауға ұйқас тайпа аттары бар. Ғағо кейінгі гаочэ немесе гаугюй этнонимдерімен жұптас, бір қатардағы ұғым деп байлам жасау­­дың­ ешқандай әбестігі жоқ. Ал ғағо-гаочэ-гаугюй – биік доңғалақты ар­балылар, яки, «қаңқалы». «Оғыз­­намада» арбаны алғаш ойлап тауып, «қаңқалы»-қаңлы аталған Бармақлық Жосын Білік деген ер туралы аңыз бар. Арбаның көш­пе­лілер тұрмысына енуі андронов дәуірімен өлшенеді (б.д.б. 2000-1200) Ся мемлекетінің ежелгі бір аты Ғаго болуы – ғұндардың этнос боп қалыптасуына әсер еткен терістік Қытайдан екі лек боп қоныс аударушылар басқа емес, қаңқалы деп ой сабақтауымызға мұрындық болды.
Түрік. «Түрік» атауы жойқын, мықты деген сөзден шықты ма, жоқ әлде 500 үйлі Ашина қауымы іргесіне кеп қоныстанған «Дулығалы» таудан шықты ма, болмаса Ер Тоңғаның (Афрасиаб) тұр тайпасы іргесін қалаған Тұран мемлекетінің жұрнағы ма – анық-қанығы әзірше таласты. Шындыққа жақындауы Тұран мемлекетінің іргесін қалаған тұр тайпасы туралы қисындар сияқты. «Шахнама» Тұранның шекарасын күзетіп тұрған алып қара тур – қодас бұқаны аңыздап, ауызға алады. Осы сөзде, бәлкім, шындық жатқан шығар.
Түріктер орал-алтай тілінің құрамдас бір өкілі ретінде ежелгі ерте замандарда /Б.д.б. 13-15 мыңжылдықтар/ Оңтүстік Каспий,­ Элам, Солтүстік-батыс Үндістан, Ауған, Орта Азия атырабында өсіп-өнгенмен, Алтай, Оңтүстік Сібірге ерте қоныстануы себепті аталмыш өңірдің автонхонды жұрты қатарына жатады. Көк түрік­те­рі­нің жартас суреттері мен қаған кешен­деріндегі мүсіндеу, бедерлеу, оюлау өнері мен жерлеу салттарында міңгір, балбал тастарға әуестік дәстүрі олардың рухани ұста­ным­дары мен Орта Енисейдегі ежелгі тазмин мәдени ошағымен байланыстыруға мүмкіндік береді. Бұйыр өзені аңғарындағы Тазмин мәдени ошағы б.д.б. үшмыңыншы жылдықтың басына жатады. Евро­пойдтар мен монғолойдтардың араласуынан пайда болған «дома­лақ­бас» бұл қауым – биіктігі үш метрден кем емес ұстын тастардан жаратушының бейнесін қашаумен ерекшеленеді. Ербі темір жол беке­тінен табылған биік шошақ сәукелелі құдай кескіні айбарымен таңқалдырмай қоймайды. Ғарыш­тың үш қабаттығына меңзейтін «үш бетті» жаратушы бейнесі де осында. Тазмин жартастары неше түрлі рухтарды бейнелеген­ жоса бояуымен салынған сурет­тер­ге толы. Бұқаға жегілген төрт доңғалақты арба суреті де тазмин­дік­тердің тұрмысынан хабар беріп қана қоймай, түрік әлемімен жалғас­ты­ғының бір айғағы сияқты. Монументалды өнерге бейім осы қауым­ның ежелгі қолтумалылары Түрік қағандарына арналған діни кешен­дерде қайталанып тұрғандай. Осынау ұқсастықтар түріктердің б.д.б. үш мыңыншы жылдың басында өсіп-өнген ұясы – Тазмин мәдени ошағы деп ой қорытуға мүмкіндік береді.
Ал, ғұн заманында түріктер ғұнның арасында емес, сыртында оқшау отырды. Жоғарыда куәгерлікке тартқан «Чжоушу»­ жылнамасының: «Түрік – сюнну­лер­дің өзге бір түрі», «Синь Тан шу» жылнамасының: «Түріктің Ашина руы сюннулердің солтүстік бір бөлігі» деулері тегін емес. Олар ғұндардың терістігінде болған.
Модэ б.д.б. 204-203 жылдары өзінің терістігінде отырған бес тайпа елді бағындырды. Олар – қан жағынан ғұндарға жақын хуньюйлер, Алтай сыртындағы кюшелер, Саяннан жоғары Енисей арқылы Анғараға дейін қоныстанған динлиндер, Батыс Монғолиядағы Қырғызнор көлінің маңайын қоныстанған гэгунь және шаньлилер (цайли). Тұра-келі байырғы тазминдіктердің жеке тайпаларға жіктелгені байқалады. Осындағы хуньюйларды Қытай ғалымдары «Хунгр» деп әліптейді (Қараңыз: Ә.Сарай, Көнеліктер. Алматы, 2008. «Қыпшақтар»). Аталмыш қауым кейін Шығыс Еуропа, Қара теңізге ұзап, ақыры Хунгриядан (Венгриядан) шықты. Қоңыраттар сол жұрттың қара орында қалған сілемдері. Кюше-қыпшақтар, қытай тарихнамасы оларды тамыры тоғыз тарам ағашпен байланыстырып, «сары түсті, қурай бастаған ағашты білдіреді» деп анықтама береді (Қараңыз: Ә.Сарай, Көнеліктер. Алматы, 2008. «Қоңыраттар»). Шамасы, кюше-сары қыпшақтарға меңзеу болса керек. Динлин – терістік Саяннан Аңғарға дейін қоныстанған өте іргелі жұрт. Қытай жылнамалары оларды «ди», «чилэ», «телэ», «гаочэ» деп те атаған. Олар «ақ дилер», «қызыл дилер» боп екіге бөлінген. Түрік заманындағы телэлер екенінің басы ашық. Шаньли (цайли) – түрік заманында бұл қауым Синьли деп хатталған. Дұрысы – «Шаньли» болса керек. Өйткені: ғұндар аспанды шаньли деп атаған. Ғұн заманында осы Шаньли тайпасы қатарында Көге этникалық тобы ауызға алынады. Көк, аспан, көктің ұлы, көктен, гөклен, көктім аймақ атауларының барлығы осы қауыммен сабақтасып жатыр. Байырғы қоныстары Көгмен, яки, батыс Саян. Көк түріктері мемлекетіне ұйытқы болған Ашина әулеті осы тайпадан шыққан.
Аталмыш қауымдар түрік заманында Түрік қағандықтарының қатарынан бой көрсетуі – ежелгі түріктер осы ұлыстар екенін дәйектей түседі.
Жужандар күшпен Алтайға көшіріп әкеліп, Ашиналарға тау қопартып, темір өндірткенде, Абанбу бастаған 17 түрік тайпасы Ашиналарға кеп қосылды. Бұл кезде жоғарғы 5 тайпаның біреуі ғана – қырғыздар сәл сырт жылжып қонып, Минусин ойпатында отыр еді. Басқалары бытырап кеткен-ді. Дегенмен де, динлиннің де, синьлидің де Монғолияда көшіп жүрген телэлер арасынан сілемдері көрінеді. Абанбу бастап келген 17 тайпа негізінен кюшелер болса керек. Олар бағзы кәсіби малшылық пен аңшылықты тастап, Алтай мен Саяннан кеніш ашып, алтын, жез, темір өндіруді меңгерген кеншілер еді.
Түріктер Алтай тауынан құлап аққан асау күркіреме Шүй өзеннің бойында, оның Би мен Қатунға қияр аңғарында, қасиетті Сумер (Белуха) тауының іргесінде өсіп-өніп, түрік жұрты боп қалыптасқаны даусыз.
Ашина. Түрік қауымы осы тайпаның ықпалымен «Көк түріктері», болмаса «Тәңір түріктері», яки «Аспан түріктері» атанды. Бітіктас жазуларында «көк» деп емес, «көөк» деп әліптелген. «Көк» – түс атауы болса, «көөк» – аспанның баламасы.
Ғұн мемлекеті ыдырағанда осы Көөк қауымының бір шағын тобы Хами аймағындағы тохар тілді кіші юечжи арасына тап болып, солардың тілдік ықпалымен көөк тайпасы асана атанды. Асана – көөктің калькалық аудармасы, екеуі де аспан деген ұғым. Қытай жылнамалары асананы – ашина деп жазулары себепті – ашина болып ғылыми айналымға енді.
Қайсыбір қаламгерлер Түрік қағандықтарының төл жұртының аты – көк түрік, Ашина – билеуші әулет атауы деседі. Ғұн арасында алғашқы түріктермен шендестіруге болатын куый ту – қу тур (қу түрік), ту-тұң-тур-тонг (түрік-тонга) тайпалары кезігеді. Ал айырықша көзге түскені – көөк тайпасы болды.
Түрікті ұйыстырушы қауымның аты да Асана, яки, көөк болғандықтан, түрік жұрты «көөк түрік» атануы ақылға шетін емес. Алайда, Бірінші Түрік қағандығының түрік тілінде жазылған жәдігерлігі болмағандықтан, олай деп аталды ма, жоқ па – анығын білмейміз. Бұл кезеңнің жазба айғақтары боп табылатын Қытай жазбалары, жылнамалары түрікті «туцзюе» немесе «Ашина түріктері» деп көбірек хаттаған. Бірінші Түрік қағандығының қағаны Таспарға қойылған, соғды әліппесімен қашалған мәтінде «Ашина қағандары» деген тіркес бар. Демек, түрік арасында Ашина атауы қолданыста болған. Қытай жылнамалары Ашина атауын әулет мағынасында емес, тайпа мағынасында қолданады. Бірінші Түрік қағандығы ыдырап, Тан патшалығына бодан болғанда, оларды ру-ру бойынша жік-жік қып қоныстандыру қолға алынды. Бірінші Түрік қағандығының соңғы қағаны Селидің оң қанат жұртынан Шофан уезінде бес дуан құрылды: Шэли, Ашина, Чочжоу, Сыби, Байдэн. Бұлар Юньчжун тұтұқтығына қарады. Түріктердің 630 жылы аудандастыру мәселесін арнайы зерттеген жапон ғылымы М.Мори: түрік құрамындағы Ашина мен Ашадэ белгілі тайпалардың болғаны басы ашық дей келе: «хоби,шэли, сунун, чили (чилюэ), чжиши, биши, нула (нулай) аталарының түрікке жататын-жатпайтынына көзім жетпейді» деп жазады. (А.Г.Малявкин. Танские хроники о государствах Централььной Азий. Новосибрск, 1989. 17 б.).
Батыс Түрік қағандығында Ашина текті қағандар тақ үшін таласып жатқанда, Екінші Шығыс Түрік қағандығының қағандары ол атауды лауазымдық ерекшеліктеріне қосақтамады. Себебі: олар Ашина тайпасынан емес-ті. Еңбек бастан-аяқ аталмыш қауымның тарихына арналғандықтан, бір айтқанды екі айтып, әңгімені созу лайық емес.
Ашадэ. Ашина аталық, яки, қағандық қауым болғанда, Ашадэ – аналық, қатундық қауым. Ашина қағандары негізінен Ашадэдан ғана қалың алды. Қаған қатунының түріктің ішкі-тысқы тірлігінде статусы өте жоғары болды. Ол барлық кеңестерге, тіпті, әскери кеңестерге шешуші дауыспен қатысып, шешім қабылдауға ықпал етті. Төрде қағанның жанында өз орны болды, басына билік белгісін білдіретін, мемлекеттік нышандармен безендірілген Ұмай-Ананың кескіні бедерленген сырғалы, алқалы сәукеле киді. Ол Ұмай-Ананың жердегі өкілі іспетті еді. Қағанның басқа әйелдерінде ондай сәукеле болмады, сол себепті де олар «тоқал», яки, «сәукелесіз» атанды. Қатун дәрежесіне қағанның арнайы жарлығымен тағайындалды. Өзара қақтығыс, төңкерістерде қаған өлтіру болғанмен, қатун өлтіру болмады. Оның отауына ешкім тиіспеді, баса-көктеп ешкім ене алмады. Мемлекеттік деңгейде осылай ұлықталған қатун төркіндері қағандықта мансапты қызметтерді қолда ұстады. Ашина өкілдері қаған, ұлыс билеушілері, оң, сол қанаттың әскерінің қолбасылары-тегін, шад, бұйрықтар болғанда, Ашадэ өкілдері көбіне көп уәзірлер, елшілер, кеңсе қызметін жүргізушілер, қағанның, қолбасылардың кеңесшілері, салық жинаушылар қызметін атқарды. Білге қаған кезінде аналық қанатқа жататын Сәбек тайпасының өкілі орда бұйрығы дәрежесіне көтеріліп, жиендердің тегін лауазымын алғандары болды. Қағандар тегін, шадтардың арасынан іріктелді. Қағандардың Тан сарайынан қалың алып, оларды «қатун» дәрежесіне көтерген кездері жоқ емес, бірақ араға уақыт салып, «Ата жолы» деген қара сүрлеуге қайтып оралып отырды.
Ашадэ тайпасының өткен-кеткен бір кезеңі «Алтын мүйізді ақ бұғы» аңызында көрініс тапқан:
«Түріктердің ата-бабалары Имо-шели (шели – сары – Ә.С.) және Теңіз рухы деп аталды. Имо-шели тылсымның сырын меңгерген жан-ды. Жанында ақ бұғысы бар (әлде өзі ақ бұғы кейпінде) Теңіз рухының қызы күн батарда оны теңізге ілестіре кетіп, таң атарда кері шығарып салатын. Арада ондаған жылдар өткенде тайпа болып, аңшылыққа жиналды. Түнде Теңіз рухының қызы Имоны шақырып алып былай деді: «Ертең ата-бабаларымыз жаралған үңгірге барғандарыңда одан алтын мүйізді ақ бұғы шығар. Егер оны атып жықсаң – мәңгі бірге боламыз, мүлт кетсең, қатынасымыз үзіледі».
Таң бозарысымен ау құрып аңшылыққа кіріссе, шынында да, ата-бабалар үңгірінен алтын мүйізді ақ бұғы шығады. Имо жанындағыларды қашаны бекітуге жұмсайды. Ақ бұғы қашадан қарғымақ болғанда, әлгілер атып өлтіреді. Ашуланған Имо аши көсемінің басын шауып салады. «Оны өлтірген соң, аспанға құрбан шалуымыз керек» дейді Имо. Әлгі көсемнің ұрпақтарынан аспанға құрбан шалатын болды. Түріктер ұлы өзгерістер алдында аспанға адамнан құрбан шалады. Құрбандық аши тайпасынан таңдалды. Аши көсемінің басын алған Имо кеш түсе теңізге келді. Теңіз рухының қызы бүй деді: «Сен өз қолыңмен адамның басын алып, қан сасып тұрсың, осымен қарым-қатынас үзілді». (С.П.Нестеров. Конь в культах тюркоязыных племен Центральной Азий в эпоху средновековья. Новосибирск, 1990. 97 б.).
Аңыз VIII ғасырда құрастырылып, «Юян цзацзу» («Юян қойыртпағы») жинағына енгізілген. Аңыздың нені меңзеген, нені жоққа шығаратынын дәл басып айту қиын. Оқиға Ашадэ тайпасы бабалары үңгірі төңірегінде өрбиді. Аши әлі ашадэ аталмаған. С.П.Нестеров, Ю.А.Зуевтер ашиден аш, аз тайпасын көреді (Сонда, 97 б.) Ал олардың ата қонысы батыс Саян, Орхон ескерткішіндегі – Көгмен. Аши қауымының ата-баба үңгірі де осында болса керек. Ю.А.Зуев аңыздағы теңізді – Зайсан көлі деп біледі. Пайымдауымызша: аши қауымы сарыларға кіріптар болып, өз төтемі – Ақ бұғыдан бас тартқан бір кезеңі суреттеледі. Аши қауымы Имо жұртының адэ аталарымен біріккен соң Ашадэ аталған сыңайлы. Асылы, бұл адэ Алтай сыртындағы Апанбу басқарған түріктің 17 тайпасының бірі болса керек. Олардың төртеуі ғана «бөрі» төтемді екені Ашина шежіресінен белгілі. Ашадэлар ол қатарға енбей, арыстан әлде жолбарыс төтемін қабылдаған сияқты. Өйткені, түрік қағандары кешендерінде аналық бұтақ құрметіне арналған арыстан, әлде жолбарыс мүсіндері жиі ұшырасады.
Аталмыш қауымды аши-дэ, аш-ида, аш-адэ деп әртүрлі әліптеу кездеседі. 630 жылы Бірінші Түрік қағандығы құлап, Қытай тарапынан оның қарамағындағы жұртты аудандастыру қолға алынғанда Ашадэлар үшін Адэ дуаны құрылды. Өзге дуандар да тайпа аттарын алды. Демек, Ашадэ қауымы құрамында Адэ тайпасы болған және дуанды Адэ атануы олардың аз, аштардан сан жағынан басым болғанын аңғартады.
Ашадэ қауымы төрт тайпалық одақ: ашадэ, сунун, баян-ашадэ және тат-ашадэ. Аудандастыру жылдары Ашадэ қауымы беріш, сір-енда тайпаларымен молыққаны байқалады.
646 жылы ұйғырлардың соққысынан бет-бетіне бытыраған сір-енданы Тан генералдары енді қайтып ес жимастай ғып жан-жақтан түтті. Ли Цзи сір-ендаларды Отүкен жынысында қуып жетіп, 5 мың сарбаздың басын алып, 30 мың тұтқынды қолға түсірді. Тан империясының жандайшабы Чжиши Сыли 648 жылдың 8-ші айында Моңғол Алтайында олардың екінші тобын шабуылдап, ойсырата соққы берді. Ал сол 648 жылдың 8-9-шы айларында Ашина Шэр сір-енда мен оларға көмекке келген чуми, чуюэ тайпаларын күйретті. Сір-енданың тірі қалғандарының басын қосқан Ашадэ иркіні Ашадэ Шицзянь. Оларды орналастыру үшін Гаолань, Цилянь дуандары құрылды. (А.Г.Малявкин. Историческая география Центр. Азии.Новосибирск, 1981. Түсінік 63. 103 б.).
Сонымен, сір-ендаға қамқор болып, тозғындаудан сақтап қалған Ашадэ. 681 жылы Тан қосыны көтеріліп Ашадэлардың басшысы Фунянь мен Вэньфуға шабуыл жасағанда олардың орнын сипап қалды. Бұл кезде түріктердің оңтүстік астанасы Хэйшачэньде (Қарақұмда) сір-енданың бір тобы отырған, соларды бағындырып қайтты. (ҚТТҚД. «Синь Тан шу» 215-цзюань, «Туцзюе баяны. 178 б.) Ашина Шэр Моңғол Алтайына қуып тыққан сір-ендалардан басқасы Ашадэға кеп бас сауғалағанына көз жеткіземіз. Осыдан келіп, Тонұқұқтың аманат сөзінің мәні ашылады: «Түрік Білге қаған түрік сір халқын, оғыз халқын жарылқап отырар» (Тон., 62 баған.)
Беріштер туралы 627-641 жылдарға жататын төменгідей дерек бар: «Ертеде Долосы (Талас) өзенінде тұрып, кейін Сичжоудан 1500 ли (750 км) терістікке қарай бес тайпа тұрды-чуюэ, чуми, гусу, гэлолу, биши» (Сонда, Түсінік-33. 91 б.). Беріштердің Ашадэ қауымы арасына келуі 660-663 жылдардың аралығына жатады. Бұл кезде Тан мен телэ қауымдары арасында кескілескен ұрыс жүріп, ұйғырлар Бірінші Ұйғыр қағандығын жариялаған-ды. Осы шайқастар кезінде төрт тайпа: юйшэ, иши, биши, чилюэ қытай шекарасына ауып келген-ді. Сонымен, ашадэ аш және адэ қауымдарының бірігуінен пайда болған. Қытай жылнамаларында дыбыстық өзгеріске ұшырап «аш» деп жазылған тайпа атын «аз» деп оқыған жөн. Аталмыш қауымдастықтың құрамындағы аз да, атэ да б.д.д. V ғасырдан Геродот еңбегінен белгілі ортаазиялық сақ тайпалары. Геродот оларды ясси, яти, атаси деп таңбалаған. Б.д.д. IV ғасырда ясси, ятилер сарматтармен Қаратеңіз жағалауына ұзап, Азау, Қобан аңғарына орнығып, «языг» деген атпен белгілі болды. Б.д.д II ғасырдағы Қаңлының терістігіндегі Яньцай осы языгтер еді. Сарықамыс, Узбой, Маңғыстауды қоныстанған массагет-аландар өздерінің батыс жорығында оларды жаулап алып, біршама уақыт Алан атандырды. Жаңаша жыл санауымыздан кейін олар өздерінің Яньцай атын қайтарып алды. Түрікстанға Ясса атын беретін, бес нушиби қатарындағы екі ұлыс асицзелер осы қауым. Түрік заманында олар «аз», ал Қараханид заманында «азық» атанды.

( Жалғасы бар)

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button