Басты ақпарат

Көпірлер тазаланып, көшелер көркейе түсті

Елордада санитарлық тазалау жұмыстары қарқынды басталды. Көше бойындағы ескерткіштер, аялдамалар, жол белгілері жуылып, көпірлер мен жаяу жүргіншілер жолдары тазаланып жатыр. Осындай жұмыстардың нәтижесінде қала көшелері көктеммен бірге көркейе түсті. Көктем шыға қала маңын ретке келтiрiп, көшелер мен аудан аумағындағы аулаларды таза ұстау – ықылым заманнан келе жатқан халық үрдiсi. Жаңа апта басталғалы елордада күн жылынып, жер аяғы кеңіді. Ауа райының қолайлығын пайдаланып, жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша елорданың коммуналдық сала қызметкерлері айналаны тазалау жұмыстарына кірісіп те кетті.

[smartslider3 slider=2603]

Осыған орай, Алматы ауданының коммуналдық қызметтері алдымен аудан аумағындағы көпірлерді, одан соң ауданға көрік беріп тұрған белгілі тұлғалардың ескерткіштерін тазалап жууды қолға алды. Одан соң гүлзарлар, көлік жүретін және жаяу жүргіншілерге арналған жолдар тазартылып, аялдама павильондары, жол белгілері жуылып, қоқыс жәшіктері мен орындықтар сырланды. Сондай-ақ аталмыш аудан аумағында орналасқан гүлзарлар мен аулалар күл-қоқыстан тазартылып, ағаштарды кесу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жекеменшік жер үйде тұратындар аулаларындағы қыстан қалған қарды шығарып, жол жиегіне жинастырып әлек. Қысқасы, қарап жатқан жан жоқ. Көпірлер тазаланып, көшелер көктеммен бірге көркейіп келеді.

Аудан әкімдігіндегі өндірістік-техникалық бөлімнің бас маманы Батырхан Жазықбаевтың айтуынша, бұл жұмыстарға Алматы ауданы бойынша 400-ден астам жол жұмыскері мен 170 арнайы техника жұмылдырылған. Қазіргі кезде арнайы техникалардың көмегімен тротуарлар мен жол төсемдерін механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде. Жұмысшылар күн сайын көгалдарды қоқыстан тазалап, жол жиектерін қолмен және техника көмегімен тазартып жатыр. Бұл ретте негізгі күш еріген суларды бұруға және айдауға бағытталуда.

Биыл аудандағы Р.Қошқарбаев даңғылында (Тәуелсіздік даңғылынан С.Нұрмағамбетов көшесіне дейін), Б.Момышұлы даңғылында (Тәуелсіздік даңғылынан Қ.Сәтбаев көшесіне дейін), Нәжімеденов көшесінде, А.Байтұрсынов көшесінде, Р.Қошқарбаев даңғылы-Қордай көшесі қиылысында, сондай-ақ «Встреча» сауда үйінің ауданында 6 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Т.Жүргенов және К.Әзірбаев көшелерін көгалдандыру мақсатында осы жерлерге де ағаш отырғызу көзделуде.

Бүгінгі таңда санитарлық тазалау жұмыстары елорданың барлық ауданында жүргізіліп жатыр. Қала көшелерінен қар шығару жұмыстары да жалғасуда. Өткен тәулікте Алматы ауданының коммуналдық қызметі аумақтағы 610 шаршы метр жерді тазартып, жүк машинасымен 60 рейс қар шығарды. Сондай-ақ осы күні аудандағы 50 көшеде санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді.

Астананың айналасы, үйлердiң алды, аулалар маңы мұнтаздай жарқырап жатса, келiмдi-кетiмдi кiсiлердiң де бас шаһарға деген құрметi арта түсері ақиқат. Сондықтан бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасатынын айта келе, бас маман Батырхан Жазықбаев қаламыздың барлық тұрғындарын, жекеменшік пәтер иелерінің кооперативтері мен меншік иелерінің бірлестіктерін, сондай-ақ Алматы ауданы аумағында орналасқан бизнес және мекеме өкілдерін әдеттегідей сәуір айында ұйымдастырылатын жалпықалалық сенбіліктерге қатысуға шақырды. Себебі елордамыз қала тұрғындары мен мұнда алыс-жақын шетелден келетін қонақтарды ажарымен ғана емес, мұнтаздай тазалығымен де баурап тұрса дейміз.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button