Мәдениет

Күй анасына құрмет

Қазақ ұлттық өнер университетінің «Шабыт» ғимаратында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Әсем қоңыр» атты күй кеші өтті. Дина Нұрпейісованың туғанына 160 жыл толуына арналған кешке оқу орнының ректоры, Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсақожаева қатысып, күй анасының өмір жолы және ұлттық музыкаға қосқан үлкен үлесі туралы әңгімеледі.

[smartslider3 slider=1694]

Осы кеште биыл Дина Нұрпейісованың мерейтойы аясында атқарылған шаралар қорытындыланды деп айтсақ болады. Сол шаралардың көбісіне «Күй анасы» қоры мұрындық болып, тікелей араласты.

Биыл елордада атақты күйшінің ескерткіші бой көтерді. «Күй анасы – Дина» атты кітап жарық көрді. Динаның туған жері Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында оның мерейтойына арналған республикалық домбырашылар байқауы өтті. Осыны атап өткен аталмыш қордың жетекшісі Төлеген Қуанышев Динаның мерейтойына атсалысқан ұжымдарға, қоғамдық ұйымдарға, оқу орындарына алғысын айтты. Осы қор атынан жас өнерпаз Әлішер Бекбауұлына арнайы тапсырыспен жасалған домбыраны сыйға тартты.

Кештің құрметті қонағы, күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәміл Әбілтай Құрманғазының, Динаның, халық күйлерін төкпелетті. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Тұрар Әліпбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Анар Мұздаханова, халықаралық конкурстардың лауреаты Айтолқын Тоқтаған күй тартты. Белгілі ақын Айбатыр Сейтақ күй анасына арнаған өлеңін оқыды. Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттік халық аспаптар оркестрі (дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Ғылымов) өнер көрсетті.

Динаның күйшілігі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жатыр. Соның бірі Мұқағали Рысқалиев домбырашылығымен көрінді. Сонымен қатар күй анасы туралы еңбектерден құралған көрме мен қолөнер көрмесі ұйымдастырылды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button