ЖаңалықтарҚала тіршілігі

ЛАТЫН ҚАРПІНЕ ҚАЛАЙ КӨШЕМІЗ?

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдың сәуір айында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдедім. Бұл – сол кезден барлық салаларда біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз. Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уа­қыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек» деп ел Үкіметіне тапсырма берді.

Бірақ басы ашық бір мәселе, бұл, әсте Елбасы­ның жеке қалауымен болып отырған жай ғана әмір емес, ең бас­тысы, заманның талабы. Өйткені Ел­басымыз
Нұрсұлтан Әбішұлының
тікелей бас­­тамасымен қоз­ғау салынып, қоғамда жаппай талқыланып жатқан қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру мәселесі, әрісі еліміздің тағдыры мен болашағына қатысты, берісі жалпыұлттық өркениетке қатысты өзекті стратегия­лық шара. Сондай-ақ, әліпбиді латын қарпіне көшіру белгілі мағынадан алғанда, бүгінгі уақыт өзі талап етіп отырған қоғамдық прогресс екені де қаперде болу керек. Сондықтан,
қазақ әліпбиін латын қарпіне көшірудің қажеттігі
туралы әңгіменің басы ашық. Оны жалпы халық толық қолдайды һәм қолдап та отыр.
Ендігі әңгіме, латын қарпіне қалай көшеміз? Ұлттық төл дыбыстарымызға нұқсан келтірмейтіндей латынша әліпбиді қалай жасаймыз деген мәселелер төңірегінде өрістеп отыр. Бұл ретте, бірер айдың алдында негізгі жоба ретінде Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың респуб­ликалық үйлестіру-әдістемелік ор­талығы (әрі қарай «орталық») ұсынған нұсқаның ҚР Парламентінде таныс­тырылғанын білеміз. Аталған нұсқа қоғамда бі­раздан бері жаппай тал­қыланды. Жұртқа мәлім болғанындай, атал­ған нұсқада ұлттық төл ды­быс­­­тарымызды негізінен қос ­әріппен (диграф) беруге ты­рысқаны белгілі. Ондағы мақсат компьютер тақтасындағы латын таңбасынан шықпау. Алайда «ң» (ng), «ч» (ch) секілді халық арасында да жаппай қалыптасқан бірді-екілі диграф қолданылса, оның еш қиындығы болмас еді. Ал тілдегі сегіз бірдей дыбыс­ты диграфпен беру уақыт өте келе тілді, нақтырақ айтқанда, төл дыбыстарымызды бұзуы мүмкін һәм жазуды тым шұбалаңқы жағдайға тү­сіреді. Жақында бір ІТ маманы латынша бір дыбысты бір таңбамен таңбалай отырып терілген 1000 беттік мәтінді «орталық» ұсынған жобаға қотарғанда, жаңағы 1000 беттік мәтін 1200 бет болған. Сонда Қазақ елінде бір жылда қанша бет кітап шығарылады, мерзімді бас­пасөзге қанша бет жазба кетеді? Егер қазақ елі үкімет бюджетімен жылына 10 миллион беттік кітап шығарады десек, «орталық» ұсынған жоба бойынша ол 12 миллион бет болады деген сөз. Оның үстіне біз латын қарпін бір-екі жыл қолданып тастай салмайтынымыз белгілі. Сонда өмір бойы ел бюджеті және ел азаматтары жыл сайын жаңағы қос әріптен (диграф) туған артық «2 миллион беттің» қағазы үшін, оның бояулары үшін, теру ақысы үшін, корректор, редактор ақысы, басу ақысы үшін басы артық шығын тартатын болады.
Сондықтан, мен өз басым, ұлттық төл дыбыс­тырымызды латын қа­ріп-
терінің асты-үстіне дә­йек­-
шелер қойып әліпби жа­сау­дан қашпауымыз керек деймін. Дүниежүзінде, тіпті мынау өркениетті Еуропа елдерінің өзінде (Франция, Германия, Польша, Түркия т.б.) ұлттық төл дыбыстарын латынша қаріптердің асты-үстіне дәйекшілер қойып жазып жүрген ел­дер аз емес. Бұл – бір. Екіншіден, ең бастысы, диграфтарды ұзақ уақыт қолдану ұлттық төл дыбыстарымыз белгілі деңгейде өзгеріске ұшыратады. Тіпті кей дыбыстарымыз жойылып кетуі де әбден мүмкін. Сондықтан, мен өз басым соңғы ұсынылып отырған «үтірлі жобаны» қолдаймын. Дегенмен, бұл нұсқаның да ептеп жетілдіруге тиісті тұстары бар. Мәселен, біз ақыры үтір («дәйекше»)
пайдаланған екенбіз, жазудың сыйымдылығы мен көркемдігін де ойлауымыз керек. Сондықтан үтірлерді («дәйекше») таңбаның жанына емес, үсті мен астына қойғаннан қашпаған дұрыс. Сонымен бірге бұл соңғы жобадағы маңызды мәселе, латын қарпіндегі «Y» ол біздің «Й». Сондай-ақ, әлемнің дерлік барлық елдері ол таңбаны «Й» деп оқиды. Ал біз болсақ, орыс­тар латыншадағы
«Y» -ды «Ы» деп оқиды екен деп, сол сарынмен кетіп қалғанбыз. Іс жүзінде орыс тіліндегі «Ы» дыбысы сол ағылшын тіліндегі «Y» дыбысына жақын. Осындай-
осындай тұстарын қайта қарап, жөнге келтірсе, мына «үтірлі жобаны» қолдауға болады.
Қысқасы, әліпбиімізді латын қарпіне көшірейік, бірақ мың өлшеп бір кесейік.

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ кафедра меңгерушісі, профессор

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button