Мәдениет

«Лифттен» не түйдік?

Ағылшын жазушысы Агата Кристидің «Он негр баласы» атты детектив жанрында жазылған романын автордың өзі өзінің шығармашылығындағы ең үздік туындыға балап, кейіннен бұл шығармасын пьесаға айналдырды. Кеңес заманында Станислав Говорухиннің аталмыш романның желісімен түсірілген көркем фильмі де телекөрерменнің есінде болар. «Жастар» театрында премьерасы өткен «Лифт» психологиялық драмасын тамашалағанымызда біздің де жадымызда бұл фильм жаңғырды.

Расында, екі туындының авторлық шешімдерінде ұқсастықтар кездеседі. Мәселен, кез келген адам өзінің жасаған күнәлары үшін ерте ме, кеш пе жазасын алады. Әлемге әйгілі қаламгердің романы да, драматург Сая Қасымбектің «Тексіздер» пьесасының негізінде қойылған драма да соны меңзейді.

Айырмашылығы  – «Он негр баласында» күнәһарларға үкімді судья шығарса, «Лифтте» бұл миссияны сот хатшысы атқарады. Алғашқысында оқиға Негрлер аралында өрбиді және шығармадағы кейіпкерлер оған арнайы шақыртумен барады. Ал, драмада лифтте қамалып қалған адамдардың шарқ ұруы, кезінде жастықпен жасаған қателіктерін мойындауы суреттеледі.

«Лифт» психологиялық драмасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Бекболат Құрманғожаев сахналады. «Режиссер бүгінгі күні көрерменге ой салатын, актерлерді қызықтыратын дүние іздейді. Сол тұрғыдан алғанда Сая Қасымбектің пьесасы театрымыздың оң жамбасына келді. Бұл – негізінен актерлік спектакль. Актерлердің көрерменге өздерін көрсетуіне керек, қазіргі заманның шындығын ашатын шығарма. Пьесаны оқыған соң актерлер оған бірден қызығып, театрдың көркемдік кеңесі мақұлдады. Драманың айтар ойы, көтерген жүгі ауыр. Мұның астарында бала тағдыры, бала тағдырының арғы жағында қоғам тағдыры жасырынып жатыр. Әрі беріден соң ұлт, халық тағдырына деген алаңдаушылық бар. Біз жаһанданудан ешқайда қашып құтылмаймыз. Тек кім екенімізді жоғалтып алмауға тиістіміз. Жастарға «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» азайып бара жатқан заманда сахнаның төрінен осындай бір ой тастасақ деген ниетпен туындыны қойдық» дейді ол.

«Театр – қоғамның айнасы»  деп жатамыз. Қоғамда болып жатқан жағдайларды сахна арқылы көрерменге жеткізіп, санасын қозғау – тиімді тәсіл. Осыны еске алған Сая Қасымбек пьесаның жазылу жайына тоқталды. «Қазақтың басынан өтіп жатқан жағдайлар қашанда мені толғандырады. Соңғы кезде біз экономикалық жағына көбірек мән беріп, ұлттың рухани әлемі қалыс қалып жатыр. Соның ішінде балаларымыздың, ертеңгі ұлтымыздың болашағының рухани тұрғыдан өсуіне айтарлықтай маңыз бермей келеміз. Атамыз кішкентай күнімізде «Тегің не?» деп сұрайтын. Тек – біздің өзегіміз. Қазақтың қазақтығын ұстап қалатын – тегі. Тектіліктен ажырасақ, мәңгүрттенеміз деп ойлаймын. Мәңгүрттенуден ұрпақты сақтап қалу үшін осы пьесаны жаздым» дейді драматург.

«Лифт» психологиялық драмасына бас-аяғы бес кейіпкер қатысады. Балалар үйінде, өзі айтатындай «жетімханада» өскен қыз, сот хатшысы, сот айдауылы, өмірден қажып, жүйкесі тозған әйел мен алимент төлеу мәселесімен сотқа келген азамат. Лифтте кездескен олар бастарынан кешкен оқиғаларды еске алысады. Осылардың ішінде тегеурінділеу, өктемдеу болып жетім қыз көрінеді. «Балаларын тастаған барлық әйел мен еркекті соттау керек». Қыздың сотқа келгендегі бергісі келетін арызы осындай. Бастапқыда айналасындағы адамдар оны түсінбей қалады. Ақыры арызын қанағаттандырған сот хатшысы алимент төлеуден жалтарып жүрген ер мен  қыздың анасы болып шығатын әйелге үкім шығарады.

Қазақ жеті атадан аспай қыз алыспаған. Ал балалар үйінде өскен, өзінің тегін, руын білмейтін адам өзінің туғанымен шаңырақ құрмауына кім кепіл бола алады? Драманың негізгі айтар ойы осы. Автор әке-шешесін тумысынан көрмеген, олардың кім екендіктерінен хабары жоқ ұрпақты «тексіздер армиясына» балайды. Көрерменге «Осындай армияны көбейтіп жатқан кімдер?» деген сұрақты қояды. Бомба тастамай-ақ, осындай келеңсіз көріністермен ұлттың түбіне жетуге болатынын меңзейді. Драматургтың айтар ойы айқын. Алайда, бізге қойылымның әлі де бір қайнауы ішінде сияқты болып көрінді. Актерлердің ойыны да сендірмеді. Ширататын тұстары әлі де жетерлік екен.

Бәлкім, басты рөлдерге таңдалған әртістердің жастығынан болар, кейбірі, тіпті, «Лифт» психологиялық драмасы арқылы сахнада ауқымды рөлде алғашқы рет көрінді. «Жастармен біз жұмыс істемесек, кім жұмыс істейді? Театрдағы барлық актерлер қойылымдарға қатысып, шығармашылық тұрғыдан өсу керек» дейді бұл тұрғыдан Б. Құрманғожаев. Біз де осыған тоқтаймыз.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button