Басты ақпаратҰлт ұпайы

Мәдениеті төмен елдің еңсесі ешқашан тіктелмейді

Көптен бері елордада мәдениет қызметкерлерін даярлайтын жоғары оқу орнын ашу керектігі туралы айтылып жүр. Бұл – уақыт талабынан туындаған сұраныс. Осы мәселе бүкіл республикамызда қалай шешіліп жатыр деген оймен Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, философия ғылымдарының докторы Әбуов Әміреқұл Ергешұлымен сұхбаттасқанымызда, соңғы жылдары мәдениетіміздің мәні өзгеріп бара жатқаны туралы айтып берді.

«Қазақ халқы ХХI ғасырға аяқ басқанда ұрпақтары көнеден келе жатқан келбетімізден, салт, дәстүр, мәдениет, өнер, әдет-ғұрыптардың басым көпшілігінен қол үзуге таяп келді. Оның себебін ұғыну үшін тереңге үңілудің қажеті шамалы. Өз халқының құндылықтарына қанықпаған, керзаман тудырған білімсіздердің, келте ойлайтындардың қолымен көсіп-көсіп, кесіп тастағандарына талдау жасасаңыз жеткілікті» дейді үлкен өкінішпен.

– Қандай да бір ел (мемлекет, қоғам) білімімен, мәдениетімен, өнерімен басқа елдермен салыс­тырылады. Кемеңгер жазушы, асқан ойшыл, Мұхтар Әуезов «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім» деген болатын. Әрбір қоғамда оның мүшелерінің білім деңгейі, ғылыми әлеуеті, мәдениет пен өнердегі жетістіктері көрініс береді. Соның ішінде, атап айтуға кезегі келгені – бүгінгі үлкен-кішіміздің мәдениеттілігіміз, қазақша айтатын болсақ, адамгершілігіміз қай деңгейде? Оның өлшемі бар ма? Немен бағалауға болады? Қалай сараптаған жөн? Мәдениет ұғымы қандай элементтерді қамтиды? Мәдениетті адам деп кімді айтамыз? Мәдени білім мен тәрбиені қандай маман бере алады, ол маманды, қала берді, жастарды тәрбиелейтіндерді қайда және қалай даярлап шығарады?

Бүгінгі күні театр сахнасында шоулар, адам санасын улайтын әзілдер (әзіл емес арнайы сықақтар), жартылай немесе толыққа жуық жалаңаш бишілер (азғындықтың түр-түрімен бейнеленген) жаулап алды. Олар тойларда да қызмет етуде. Онымен бірге еліміздің меншікті телеканалдары да күндіз-түні эфирді ластауда. Тал бесіктен басталатын тәрбиені ұлттық идеологияға жауапты жаңа вице-премьер мен еліміздің мәдениет саласының жаңа министрі – жаңа үкіметіміз қолға алмаса, мәдени құлдырау тоқтар емес.

– Халқымыздың мәдениетін маздадатын бір ошағы театр ғой. Оның бүгінгі беделі мен ықпалы қандай дәрежеде?

– Оның да айдарынан жел есіп тұрмағаны белгілі. Мамандардың айтуынша, драма театрларына, дәстүрлі өнер иелерінің концерттеріне халық, әсіресе, жастар аяқ баспайды деп шағымданады. Себебі театрларда таусылмас қайғы, уайым мен мұң, зорлық пен зомбылық, кісі ақысын жеу, тиылмайтын көз жасы мен жанұядағы бітпейтін дау-дамай, ажырасу не адам өліміне апаратын шым-шытырық бас ауыратын қойылымдар да жеткілікті.

Халық қандай жағдайда да демалғанды, тыныққанды әрі оның мәдени іс-шаралар түрінде жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, өткізілгенін қалайды. Бүгінгі күнге музыканы, әнді, шоуларды алып қарасақ, басым көпшілігінде қазақтың намысына тиетін, кемсітетін, қорлап көрсететін орындаушылықтар үрдіске айналып барады. Ұлтқа да, дінге де сиыспайтын жат қылықтар соншалықты жиіркенішті: еркектің әйел киімін киіп, әйел ролін орындауы, жігіттердің хайуанның роліне кіріп, адам кейпінен шығып кетуі біз күлетін нәрсе емес! Жалаңаш билер, бос сөзбен адамдардың уақытын алуы, жүйесін улауы, әдепсіздіктердің түрлері мен салаларының өркендеуі тек қазаққа арналған. Басқа бірде-бір ұлт өкілі бұл қойылымдарға бас сұқпайды.

Қолдан ұшқан құндылықтарды қайтарып, оны мына жаһандану жағдайын­да қоғамның заманауи талаптар деңгейіне сай лайықты етіп, тоздырып алмай, ең бастысы, тоқырауға ұшыратпастан, ұлы көшке ілесе алатындай өз тұғырына қайта қондыру қажет

– Бәріміз де кәусар бұ­лақтың тұнығымен сусындағанды қалаймыз. Оған қол жеткізе аламыз ба? 

– Иә, әрине! Оған сөз бар ма?! Қазақ халқы – туабітті шығармашыл халық. Біздің жастар қуанышты, шаттықты, көңіл көтеру мен шығармашылықты, өз ізденісіне бағыт беретін, ақыл қосып, ой салатын, ұмтылуға жетелейтін, жаңалыққа, жетістік пен жақсылыққа шақыратын ұсыныстарды іздейді. Өткеннен сабақ алғысы келеді. Шынтуайт­қа келгенде, әрбір қазақтың үйі десек қателеспейміз, кредитке, өсімге, қарызға, оның соңы міндетті түрде үйдегі таусылмайтын айқай-шуға ұласып жатады. Содан келіп, ересектер сахнадан не мәні, не мағынасы жоқ күлкіге, басқа жыныстың киімін киіп, ролінде ойнаған, жеңіл сайқы-мазақты көріп уақыт өткізеді. Бұл қойылымдар қазақ тілінде өтетін болғандықтан, сырт көзге ол біздің ұлттық болмысымыздың нышаны сияқты көрінеді. Ақиқатында ондай сөз саптаулар мен әдеп, мінездер, қарым-қатынастар ұлтымызға мүлде жат, жасанды, көзбояу, анығырақ айтсақ, қазақ деген халыққа, оның өткені мен болашағына жасалған опасыздық пен жауыздық!

Ересектер жағы өнерді жаулап алған бизнесмендердің шатпақтары, бірінен соң бірін жалғастыра беретін теледидардағы шеті-шегі көрінбейтін сериалдарға, ал жастар жағы селкілдеп билейтін немесе кешкі клубтарда өздері сөзін түсінбейтін құлақты жаратын музыка әуендеріне бой ұрады. Жекеменшік иелері кешкі клубтарында өз білгенін істеп, мәні мен мағынасын түсінбейтін тілдерде азғындыққа, тағы басқа қоғамдағы тыныштықты бұзуға, адамдықтың шегінен шығып, хайуандықпен ұштасатын қылықтарға шақыратын жиындарға бой ұруда. Бұл да болса бизнесмендердің халыққа жасап отырған зиянкестігіне мәдениет министрлігінің, басқа қоғам тіршілігіне жауапты органдар мен мекемелердің көз жұмып қарау арқылы сыбайластыққа жол беруі ме деп ойлайсың?

Бұл жерде де білікті, білімді сахна сатириктері қайда қарап, не көріп, не бітіріп жүр, әлде солармен бірге біздің ұлттық болмысымызды аяқ асты етуге күш салуда ма? Ондай сатириктер қайдан білім алған? Батыс­тық идеология қоғамның сауық-сайран өткізетін орындарын ғана емес, әр үйдің телеэкраны арқылы әрбір адамды азғыруға үлес қосуда. Ұлттық идеология, қоғамның рухани дамуы қайда кетіп барады? Сұрақ көп, жауап жоқ. Жауап беретін оқу орны жоқ. Осының бәрі тағы да білікті басшылар мен оқыған-тоқыған білімді маманға келіп тіреледі.

Тағы бір маңызды ескеретін нәрсе, еліміздегі мәдени салалардың қызметкерлері-мамандары, бірінші кезекте ұлтымыздың басым көпшілігі тұратын ауылды жерлерде шөлдеп отырған, қаланың мәдени орталықтарына барайын десе «аяғы жетпей» отырған көпшілікке арналған барлық деңгейлердегі әкімшіліктердің ұйымдастыратын мәдени шараларын өз жауапкершілігіне алғаны жөн.

– Бұл үшін осы сала жауапты екенін түсінетін, әрі оған жауап беретін мамандар керек екенін түсінетін мезгіл келіп жетті дейсіз ғой.

– Үкімет өзіне қарасты ағарту, ғылым және жоғары білім, мәдениет және спорт минис­тр­­ліктерімен бірлесе отырып, мемлекеттік және ақылы негізде оқытатын мемлекеттік-меншіктік әріптестік арқылы балалардың музыка, арт, өнер, мәдениет салалары бойынша мектептерін көптеп ашуды шұғыл түрде қолға алуы тиіс сияқты. Айталық, бүгінгі күні музыкалық колледждерді бітірушілер білімін әрі қарай жетілдіруі үшін қайда барарын білмей бас қатырады, әрине, оның бәрі бірдей шетел асып білім ала алмайтыны сөзсіз. Ал елімізде мәдениет институты не университеті жоқ.

Бүгінгі күні назардан тыс қалып қойған саланың бірі – кітапхана, жастардың кітап оқуы мүлде сиреп барады. Оған себеп – білімді де білікті кітапханашының аздығы, не мүлде жоқтығы. Оңтүстік өңірде мысалы, Түркістан, Жамбыл облыс­тарында мектеп кітапханалары мен арнайы кітапханаларда кітапханашыға деген сұраныс өте жоғары.

Биыл Бейбарыстың 800 жылдығы аталып өтеді. Атақты билеуші рухани мұрасына иелік ететін кітапханашыларды өзі тағайындайды екен. Шарт біреу ғана. Кітапханадағы кітаптардың авторын біліп, шығармасынан хабары болуы тиіс.

Қазіргі тиісті министрліктерде, оның салаларында, әкімшіліктерде, өнер мен мәдениет ошақтарында оларға деген құрмет, сыйластық, еске алу азайды. Яғни, жауапты орындардағы әрбір креслоға сол салаға еңбегі сіңген, ыстық-суығына тоңып өскен, жетілген адам келмей – бұл тоқырау жалғаса бермек (салт-дәстүрімізді, тарихымызды терең білетін, мәдениет оқу ошағынан тәлім алған, арнайы білімі бар маман). Айта берсек, ұлттық мәдениетімізді дамытпай, рухты өркендетпей, отансүйгіш, білімді мамандарды даярламай өркениеті дамыған мемлекетке айналу қиын. Елімізде өршіп тұрған жемқорлықтың бастауы да ұлттық мәдениетіміздің алға баспауынан деп білемін.

– Осы мәдениет саласының мамандарын қалай даярлау­шы еді?

– Кезінде мемлекеттік квотамен аталған салалар бойынша еліміздің түкпір-түкпіріне мамандар даярланатын, Қазақстан бойынша бір ғана институт, Шымкент педагогикалық мәдениет институты болған еді. Әр өлкеден келіп оқыған жастар мәдениет салаларымен, өнер түрлерімен сусындап, жоғары білікті мамандар болып елдеріне оралатын. Оралатын да, ата-бабаларымыздан келе жатқан мәдениет, өнер, біліммен жастарды баулып, рухани байлығымызды арттыруға үлес қосатын. Жоғарыда айтылғандай, арнайы тапсырыспен жабылған көптеген мәдени ошақтардың ішінде осы аталған институт еліміздің егемендік алуымен тұстас жабылды. Бүгінгі күні солардың соңғы «тұяқтары» зейнеткерлік жасқа жетіп отыр.

Жаңа Қазақстанның жаңа ашылған облыс орталықтарында жаңа мәдениет ошақтары (мектептер, кітапханалар, театрлар, мүзейлер және т.б.) бой көтеруде, әлі де ашылатыны қаншама. Тек Шымкент мегаполисінің өзінде үстіміздегі жылы 29 жаңа мектеп ашылмақ. Бұлардағы оқушыларға әнші, күйші, биші, ақындық пен жазушылыққа бау­литын ұстаз бен кітапханашы мамандарын қайдан аларсың? Елімізде бүгінгі күні жұмыс істеп тұрған кітапханалардың өзі мамандармен толық қамтылмаған. Зейнеткерлік жасқа жетіп, енді заңды демалысқа шғамын дегенде «тағы бір жыл, тағы екі жыл көмектессеңіз» деп қиылып, жібермей жатқандар қаншама…

Салыстырып айтатын болсақ, көрші елдер, атап айтқанда, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан – ешқайсысы мәдениеті мен өнеріне «балта шаппады». Жоғары оқу орындарын жаппады. Керісінше, оларда даярлайтын мамандықтар түрі мен игеруге тиіс салаларын еселеп көбейтуде. Мысалыға, Әзербайжан мен Түркіменстанда мәдениет пен өнер салалары бойынша көптеген жаңа мектептер ашылуда. Өзбекстанда Президент тапсырысымен кітапханашы мамандығының өзіне ғана жыл сайын 100 грант бөлінеді. Бізде өткен жылы ел бойынша 25 студент ақылы негізде қашықтықтан оқып, білім алуға оқуға түсті. Оның 20-сы жоғары оқу орнынан кейінгі, 5-і колледжден кейінгі жоғары білім алуда. Бұл еліміздегі 11 мың кітапханаға, оның ішінде 7600-і орта білім беретін мекемелерде орналасқан, басым көпшілігі зейнеткер, не мамандығы сәйкес келмейді. Ұлт тарихымен сусындап, терең, кәсіби білім алмаған маман болмаған соң мәдениет саласының тығырыққа тіреліп, артынан құрдымға кететіні белгілі. «Біздің ауылдарымызда кітапханашы тапшы, не мүлде жоқ. Ал мемлекеттен бөлінген грант жетіспейді. Сол үшін амал жоқ, ақы төлеп оқимыз» дейді елінің ертеңін ойлайтын жастар. Сонымен бірге 29 студент ақылы негізде қашықтықтан оқиды.

Ақтөбе, Орал, Маңғыстау, Ақтау жастары Ресейдің Москва, Санкт-Петербург, т.б. қалаларында кітапханашы, музейтанушы мамандықтарын игеруде. Олар «мұнда қалай келдіңдер?» деген сауалға «біз Ресей Президентінің ТМД елдері жастарына жыл сайын үздіксіз бөлініп келе жатқан грантымен оқимыз» деп жауап берді. Өткен жылы Санкт-Петербург қаласының университеті кітапханашы мамандығына ақылы негізде 15 студентті ғана қабылдаған. Сонымен белгіленген орын толып қалды деп бізден барған талапкерлерді ақылы негізде оқуға да қабылдамай қойған. Ол жерде орыс мәдениеті мен тарихын оқиды емес пе?!

– Ұлттық мәдениетімізді әлемдік өркениетпен, әлемдік мәдениетпен ұштастыра отырып, қайта қалпына келтіретін уақыт жетті дейтін болсақ, қазіргі қоғамда қалыптасқан мәдениет ұғымын толықтай өзгерту қажет дейсіз ғой.

– Оған барлық негіз бар. Түркістан түркі халықтары әлемінің беткеұстар, бағыт алар, ту етіп көтерер орталығы болуы тиіс. Түркістан тек түркі халықтарының ғана емес, әлемдік өркениеттің мәдени бесігі болуға құқылы. Ол үшін тек туризм саласын дамыту жеткіліксіз. Өнердің барлық саласы, оның ішінде спорт та, мәдениет те, өнер де, әдебиет те, ғылым мен өндірістің барлық саласы, атап айтқанда, техника да, технология да, тәлім мен тәрбиенің барлық саласы, оның ішінде педагогика да, психология да қамтылуы тиіс. Біз осылай ғана Европадан бастап, бел алып келе жатқан азғындыққа, жаратылысында адам болып, енді айуандыққа бой ұрып отырған кері кетуге тосқауыл қоя аламыз. Осы кезге дейін қазақ қазақ болып келді, енді ақиретке дейін қазақ болып қалуы тиіс. Ол мұсылман болып дүние есігін ашты, енді мұсылман болып қайтуы керек.

Білікті маман кадрларды, мәдени іс-шаралардың барлық түріне шығармашылықпен қарайтын, ұлт алдындағы жауапкершілікті сезінетін, ол үшін ұлттың, халықтың өнерін, мәдениетін, тарихын жақсы меңгерген кадрларды даярлау – кезек күттірмейтін мәселе. Өйткені осы өткен 30 жылда биліктің назарынан тыс қалған сала ретінде ерекше тоқырауға ұшырады да, халық алдына мәдениет салаларының «жасанды майталмандары» – сайқымазақ тобыр ел арасына кіріп кетті. Халыққа тек нан ғана қажет деген кезеңнен өткенімізге шүкіршілік айтамыз. Бүгінгі халық білімге ұмтылуда, өркениетке қол созуда, ғылымды меңгеруде, техниканы игеруде, жаңалықтар ашуда, әрине, ол мәдениетті болғысы келеді, әрі оған толық құқығы бар. Ол құқықты беретін де, қорғайтын да мемлекет қана. Оның сұрағанын бүгін билік беріп үлгермесе – кешегі арамызға кіріп үлгерген шоумендер, әртүрлі діни ағымдағылар ертеңгі күні өз жетегіне алып кетеріне ел куә. Жастардың басым көпшілігі өзін еркін сезініп, босаңсуда. «Қолы бостың басы бос, басы босқа дұшпан дос» дегендей, өз жастарымыз – ел болашағы болғандықтан, оларды мектеп жасынан өнерге, мәдениетке, білімге, өнімді еңбекке, ғылымға, шығармашыл болуға, түрлі саладағы кәсіпке даярлау күн тәртібінен түспейтін мемлекеттік бағдарлама болуы тиіс.

Шет елдердің мәдени ошақтарында, яғни, музейлерінде, кітапханаларында және т.б. мәдениет орындарында сәби жетектеген (немесе қол арба сүйреткен) әйелдерді көптеп көресіз. Осы музейлерді сәбиімен бірге аралағанын растаған құжаты болса ғана оларға мемлекет тарапынан бөлінетін жәрдемақы төленеді. Біз неге осыны қолға алмаймыз? Бұл – бір. Үлкен мемлекеттің мәдениеті де айтуға тұрарлық болуы тиіс, оның тарихы тереңдеген сайын мұрасы да қомақты болса керек. Неге шетел музейлерінде келушілер көп? Адамдар өз мәдени құмарлығы мен қызығушылығын, рухани азығын осы жерден іздейді, яғни, халыққа қажет нәрсені тиісті сала мамандары қолға алса ғана халық өз іздегенін табады.

– Қазір бүкіл еліміздегідей, біздің қала мен облысымызда да музыка, өнер, арт, халық аспаптары, айтыс, би мектептері, оның ішінде мемлекеттік емес ақылы мектептері көптеп ашылуда. Естуімізше, олар да кадр жетіспеушілігінен қиналуда екен.

– Иә, екі-үш жылда бұл жетіспеушілік аталған үрдістің бетін тойтарып, қайта жабылуына әкеліп соғуы ықтимал. Сондықтан да елімізде ең болмағанда бір мәдениет университеті немесе мәдениет және туризм университеті болып ашылса – ол міндетті түрде біздің, өнер адамдарының, түптеп келгенде, халқымыздың «беткеұстары» болатыны сөзсіз және сіз айтып отырған мәдени сала қызметкерлерімен қатар, халық шөліркеп отырған өнер салаларына, кітапханашы, музейтанушы мамандарын даярлауға болады.

Бүгінгі күні елімізде мәдениет саласының, атап айтқанда, музейтанушы, архивтанушы, мәдениеттанушы, кітапханашы, хореограф, мәдени тынығушылық, музыка және ән айту, пианист, домбырашы және т.б. салаларының мамандарына өте зәру. Аталған салаларды өркениеттің салиқалы бағдары мен салмақты баспалдағына айналдыру үшін білікті кадр қажет.

Осы мақсатымызды жүзеге асыру үшін және Ұлы даламыз­дың мәдени ошақтарын қайта жандандыруды қазақ халқының көне мәдениетінің ошағы болған, тұрғын саны жоғары Түркістан облысынан, немесе Шымкент немесе Түркістан қаласынан мәдениет қызметкерлерін дайындайтын жоғары оқу орнын ашудан бастау керек. Осы жерден басқа өңірлерге тарайтыны белгілі.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button