Басты ақпарат

Орталыққа орнығу

Елордамыздың 20 жылдығы биылғы жылдың басты оқиғасы екені сөзсіз. Осыған орай ақпараттар ағынында астаналық мегаполисті тұрғызудағы табыстар, қала салу мен архитектурадағы жетістіктер, оның еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына мультипликативтік әсері жөнінде көп айтылуда. Алайда ең басты нәрсені – жаңа астананың жас Қазақстан ұлтының идеялық-адамгершілік және рухани тұрғыдан жаңғыруындағы ауқымды рөлін ұмытпағанымыз жөн. 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел тәуелсіздігінің алғашқы кезеңінде-ақ 2030 және 2050 жылдарға дейінгі стратегиялардың негізіне айналған «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде» және «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» атты концептуалды еңбектерінде Қазақстанның болашақтағы демократиялық, ашық әрі бейбітсүйгіш мемлекет ретіндегі бейнесін айқындап берген болатын.
Бүгінгі Астана ұлтымызды рухани тұрғыдан жаңғырту жолындағы Президентіміз ұсынған сол идеялар мен оның осы жылдар ішінде атқарған ауқымды жұмыс­тарының жарқын көрінісі болып отыр. Отандық ономастикалық кеңістікті қайта қалыптастыру және оның мазмұнын ой елегінен өткізу арқылы Қазақстан халқының санасын тәуелділіктен арыл-тып, рухани жаңғыру жолына түсуіміз елорданы көшіру мәселесімен тікелей байланысты.
Нұрсұлтан Әбішұлы тарихи әділеттілікті қалпына келтіру және халқымыз үшін ардақты есімдерді ақтап алу жөніндегі жұмыстарды қайта құру жылдарының өзінде-ақ бастап берген еді. Бұл бастамалардың маңызы аса зор. Шын мәнінде, халқымыздың өз-өзін, өзінің төл тілін, мәдениетін, тарихын және шынайы шежіресін танып-білуге бағытталған ұзақ та күрделі жол сол кезде бастау алған болатын.
Елорданы көшіргеннен кейін Астана мен оның іргелес аумақтары Мемлекет басшысының бастамасымен еліміздегі атауларды ономастикалық тұрғыдан «қайта таңбалау» жөніндегі қажырлы әрі жүйе­лі жұмыстардың орталығына айналды. Астана елорда мәртебесін алғанға дейін қаладағы 619 көшенің небәрі 180-інің ғана атауы Қазақстанның тарихына қатысты болатын. Ал 439 көше саясиланған, идеологияландырылған, мәдени-тарихи тұрғыдан ешқандай негізі жоқ атаулармен аталған еді. Дәуірлер алмасуына байланысты өткеннің доминанттары тарихтың күресініне кетті.
Ал Ақмоланың топонимикасындағы В.Ленин, К.Маркс, Революционная, Октябрьская көшелерінің орнына Абай, Кенесары, С.Сейфуллин, М.Әуезов және тағы басқа тұлғалардың атымен аталатын көшелер мен даңғылдар пайда болды. Бұл ретте атауларды өзгерту процесі этноцентристік ұстаныммен ғана шектелмей, сондай-ақ жалпыадамзаттық интернационалдық құндылықтардың басымдығына да негізделді. Астанада кейбір ескі атаулар сақталып, қала меценаттарының (Кубрин, Кощегулов), әлемге танылған классиктердің (Гете, А.Пушкин, Л.Толстой, П.Чайковский), Қазақстан тарихында айрықша із қалдырған ғылым және мәдениет қайраткерлерінің (А.Янушкевич, Г.Потанин, Т.Шевченко, академик К.Скрябин, А.Затаевич, Л.Гумилев, А.Бараев және көптеген басқа да тұлғалар) есімдері жаңа көшелерге берілді.
Көшелерге атау таңдау барысында Қазақстан аумағындағы Жаңаарқа, Аягөз, Сандықтас, Марқакөл, Бурабай, Көлсай сияқты танымал географиялық орындардың, сондай-ақ өзендер мен көлдердің, тау шыңдарының, табиғаттың көрікті жерлерінің атаулары кеңінен қолданылуда. Бұрынғы астаналарымыз – Алматы, Ақмешіт, Орынбор, Сарайшық, Сауран, Сығанақ, Түркістан атаулары да барынша көрініс тапты. Қазығұрт, Қозыбасы, Аңырақай, Бұланты, Орбұлақ сияқты бірқатар көше аттары маңызды тарихи оқиғаларды еске салып тұрады. Осы ретте «Атамекен» этномемориалдық кешені, «Бәйтерек» мұнарасы, «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасы, Тәуелсіздік монументі тәрізді маңызды нысандардың атауларын да ерекше атап өткен жөн.
Соның арқасында бүгінде қаланың әрбір көшесі, әрбір мәдени нысаны Отанымызға және оның тарихына арналған ауқымды әрі бірегей ономастикалық ансамбльдің құрамдас бөлігі болып отыр. Осы орайда астаналық нысандар атауларының біріктірушілік әлеуеті зор екенін де атап өткім келеді. Әрбір қазақстандық солардың арасынан туған жеріндегі өзіне бала кезден таныс елді мекендер мен табиғи нысандардың атауларын, Қазақстанның әр түкпірінен шыққан көрнекті тұлғалардың, сондай-ақ халқымыздың рухани тірегі мен байлығына айналған әрі ерлікке үндейтін аңыз-әңгімелердегі кейіпкерлердің есімдерін кездестіре алады.
Осындай жұмыс бүкіл Ақмола облысында да жүргізілді. Бұл іске ғылыми, педагогикалық және шығармашылық зиялы қауым өкілдері белсене араласып, патриоттық танытты. Олардың қатарында кәсіби және әуесқой өлкетанушылар да болды. Нәтижесінде Абылай алаңы, Кенесары үңгірі және Отанымыздың таңғажайып әрі тылсым тарихынан сыр шертетін басқа да көптеген атаулар қолданысқа енді.
Тәуелсіздік жылдарындағы ескерткіштердің көбі қазақстандықтардың азаматтық белсенділік танытып, қоғамдық бастама көтергенінің нәтижесінде орнатылғанын баса айтқым келеді. Бұл орайда Ұлт көшбасшысының халық алдындағы жауапкершілігі өз атына келіп түскен ұсыныстар мен жобалардың бәрін мұқият әрі шынайы ықыласпен зерделегенінен байқалды. Егер олар мемлекеттің мүддесіне сай келіп, саяси тұрақтылықты, азаматтық келісімді, этнос­аралық татулықты қамтамасыз етуге және қазақстандықтардың патриоттық рухта бірігуіне бағытталса, Президент оң пікірін білдіріп отырды.
Тоталитаризм құрбандарына арналған монументтің жас елордамызда тұрғызылған алғашқы ескерткіштердің бірі екенін ерекше атап өткен жөн. Президент бұл ескерткішті Ақмолада 1997 жылғы желтоқсан айында ашты. Ол тәубеге келудің, тағзым ету мен табысудың символына айналды. Арада он жыл өткеннен кейін Ақмола облысының Целиноград ауданына қарасты Ақмол ауылында (бұрынғы Малиновка ауылы) қасіретімен әйгілі «Отан сатқындары» әйелдерінің Ақмола лагерінің аумағында Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен әрі тікелей қатысуымен «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориалды музей-кешені ашылды.
Бүгінде аттары аңызға айналған Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің, Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібектің, Кенесары ханның, Бөгенбай батырдың, ақындар – Абай мен Пушкиннің, күйші-композитор Құрманғазының, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы батырларының, Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің, Францияның реформатор-президенті Шарль де Голльдің, сондай-ақ халқымыздың басқа да біртуар перзенттерінің, көрнекті отандық, шетелдік мемлекет және мәдениет қайраткерлерінің тас пен металдан жасалған бейнелері Астананың алаңдары мен көшелерінен өздерінің лайықты орындарын тапты.


Қазақстандық патриотизм идеясына ерекше мән бере отырып, Нұрсұлтан Әбішұлының: «Астананы шетелдік серіктестер үшін де тартымды космополиттік қала ретінде қалыптастыру қажет» деген тағы да бір нұсқауы бар. Президенттің бейтаныс әрі үйреншікті емес ортаға шетелдіктердің тез бейімделіп кетуіне ықпал ете қоймайтыны жөніндегі пайымы психологиялық тұрғыдан дәл айтылған. Әрине, бұл орайда ұлттық интеллигенцияның жекелеген өкілдері реніштерін білдірмей қалмады. Бірде белгілі жазушымыз, қоғам қайраткері, қадірменді Шерхан Мұртаза: «Егер бұл ұлт астанасы болса, онда мұндағы «Сине Темпоре», «Синема-Сити» және өзге де жат елдің мәнеріндегі «сити-ити» дейтіндердің қажеті қанша?..» деп кейістік білдірген болатын.
Бұл жердегі мәселе жалаң еліктеушілікте емес, пайдалы нәтижелерді ғана шындық деп танитын философияны, яғни прагматизмді басшылыққа алған Елбасының бүкіл саясатының, соның ішінде, урбанизация жөніндегі саясатының қағидаттарында. Осыған айқын көз жеткізгенде ғана мұны түсінуге болады.
Ономастика мәселесін қорыта келе, 2000 жылдар басында Астанада болған мына бір қызықты жайт туралы айтайын. Бірде қала басшылары, жұртшылық өкілдері және алаштанушы ғалымдар Әлихан Бөкейхан көшесіне арналған митинг-лекция ұйымдастырды. Сол көшенің тұрғындары мен басқа да жүргіншілер алғашында бұл шараға аса қызығушылық пен ықылас білдіре қоймағанымен, соңынан алғыстарын айтып жатты. Олар: «Бұған дейін біз Әлихан Бөкейхан жөнінде көп біле қоймаған едік. Оның өмірі мен тағдыры, сіңірген еңбегі жөнінде кеңінен әңгімелеп бергендеріңіз жақсы болды. Енді біз осындай ардақты азаматтың есімімен аталатын көшеде тұратынымызды мақтан ететін боламыз», – деді. Еліміздің барлық қалалары мен ауылдарында мұндай кездесулерді көбірек өткізу үшін нағыз үлгі осы емес пе?!
Тағы бір маңызды нәрсеге назар аударайын, Ш.Уәлиханов, А.Құнанбаев, М.Жұмабаев, Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, А.Жұбанов, Е.Бекмаханов, Ә.Марғұлан және басқа да ұлы тұлғаларымыздың бала кезінен туған жерінің тарихи және фольклорлық аңыз-әңгімелеріне құмарлық танытып, санасына сіңіруі олардың әйгілі туындылары мен жаңалықтарына жол ашты. Академик Қ.И.Сәтбаевтың өзі геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, пайдалы қазбалар кенін тапқанда тек ғылыми әдістерге ғана емес, сондай-ақ табиғатқа «тіл бітірген» топонимдерді және соларға қатысты фольклорлық аңыздарды талдау нәтижесіне сүйенген болатын.
Жаңа астананы дамыту мәселесі рухани бастауларымызға қайта үңілу арқылы да жүзеге асты. Этномәдениеті алуан түрлі, тарихы бай және Еуразияның кіндігіне орналасқан, ежелден өркениеттер мен халықтардың жолы тоғысқан кең-байтақ жері бар Қазақстанға әлемдік рухани орталық рөлі бұрыннан-ақ телініп келді. Сірә, Ұлы Даланың төсіне Рим Папасы ІІ Иоанн Павел алғаш қадам басқан және екі жылдан кейін әлемдік дәстүрлі діндер өкілдері «Бәйтерек» мұнарасының іргесінде бірлесе мінәжат жасаған тарихи күндерде Астананың барша жұрт мойындаған киелі ордаға айналуының негізі қаланса керек. Бұрын қандай жағдайда да өзара ымыраласа қоймағандар осында бас қосып, үстел басында келіссөзге келіп, қол алысып жатса, Астананы құдіретті әрі қасиетті жер деп неге атамасқа?..
Большевиктер дәуірінде діни ғимараттардың көбі қиратылып, бұзылмай қалғандары көкөніс сақтайтын орын, атқора немесе қойма ретінде пайдаланылғаны, жақсы-ау дегенде Алматыдағы Әулие-Вознесен кафедралдық соборы секілді кейбір ғибадатханалар тарихи музейге бейімделгені ХХ ғасыр тарихынан белгілі.
Өткен жылдары Астанада Ғылмани мешіті мен Константин-Еленинский православ шіркеуі қалпына келтіріліп, «Нұр Астана», «Әзірет Сұлтан» жаңа мешіттерінің күмбездері және зәулім Успен соборы бой көтерді. Қаланың әр түкпірінде өзге де негізгі әлемдік конфессиялардың храмдары, ғибадат үйлері, діни оқу орындары мен жексенбілік мектептер ашылды. Басқа киелі орындар да назардан тыс қалмады. Мәселен, елорданың батыс жағында қол бастаған Қабанбай батыр кесенесінің маңы абаттандырылып, соның жанында Ұлттық пантеонның іргесі қаланды. Бірегей мегаполис салу идеясы мен тәжірибесі К.Курокава, ­Н.Фостер, М.Николетти және заманымыздың басқа да айтулы сәулет өнері майталмандарының өз ойларын жүзеге асыруына мүмкіндік берді. Соның арқасында Астана тың урбанистік ізденіс­тер мен батыл бастамалардың қайнаған ордасына айналды.
Астананы көшіру кеңістік пен география тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ кезеңдік және тарихи өлшемдер жағынан да орталыққа орнығу траекториясын қалыптастырды. «Қазақстан – еуразиялық держава, соған орай мемлекетіміздің орталығына жылжуымыз сыртқы саясатымыздың бағыты көп векторлы екенін және интеграцияның маңызын түсінетінімізді аңғартады. Бүкіл әлеммен достық қарым-қатынас орнату, олармен жаны жақын және ашық-жарқын көрші болу – біздің мақсатымыз осы» – деді Мемлекет басшысы Астананың 1998 жылғы 10 маусымда өткен тұсаукесер рәсімінде.
Сол жылы күзде қазіргі елорда орналасқан жерден ортағасырлық Бозоқ қалашығы орнының табылуы қабылданған шешімнің дұрыстығын дәлелдейтін тағы бір жақсы жоралғыға баланды. Заманалар сабақтастығы осылайша қайта қалпына келіп, өткеніміз бен бүгініміз осылайша тоғысты.
Елбасының астананы көшіру жөніндегі ғаламат идеясы жүзеге асқаннан кейін, Қазақстан халықаралық ауқымдағы оқиғалар ортасына қарай нық қадам басып, жүз жылда еңсеретін жолды ширек ғасыр ішінде жүріп өтті. Бұрын әлемге танымал емес ел көптеген аса маңызды саяси кездесулер мен ғаламдық деңгейдегі процес­тердің ошағына айналды.
Елордамыз көшірілген сәттен бастап мемлекетіміздің ресми орталығы ретінде қазіргі заманның аса маңызды халықаралық іс-шараларын өткізіп келеді. «Астана ұстанымы», «Астана рухы», «Астана келісімі», «Астана араағайындығы», «Астана процесі» сияқты ұғымдар құрмет тұту әрі ізгі ниет тұрғысынан бүкіл ел дипломаттарының лексиконына және барлық әлемдік БАҚ-тың аналитикалық жаңалықтар контентіне берік енді.
Қазақстанның елордасындағы халықаралық келіссөздерге деген құрмет пен сенімге Елбасымыздың ядролық қарусыздану жөніндегі жаһандық бастамаларының, еліміздің бейбітшілікке негізделген дәйекті саясатының, отандық дипломатиялық корпустың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткізілді. Әлемде бірінші болып ерікті түрде ядролық қарудан бас тартып, жер бетіндегі ең ірі Семей ядролық полигонын жап-қан Қазақстан ядролық қарусыз әлем құру жолындағы жаһандық күреске толық моральдық құқы бар ел ретінде жетекшілік етіп қана қоймай, сонымен бірге қиын әрі ізгілікті бітімгершілік миссияны өз мойнына алды. 2010 жылы Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі елдер арасында бірінші болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына басшылық етіп, осы ұйымның 1999 жылдан бері өткізілмеген саммитін Астанада ұйымдастырды. Бір атап өтерлігі, Астана форумынан кейін де бұл ұйымның саммиті өткен жоқ. Сириядағы азамат соғысын тоқтату үдерісі барысында Астана 2017 жылы жауласушы тараптар өкілдерінің бейбіт келісім жүргізуіне мүмкіндік туғызды. 2017 жылы күзде Астанада Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі І саммиті өтті. Онда Қазақстан бірқатар маңызды бастама көтерді. Еліміз 2018 жылды Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ретінде бастады.
«Мекен адамды емес, адам мекенді көркейтеді» деген көнеден келе жатқан нақыл сөз бар. Нұрсұлтан Әбішұлы қаланың келбеті оның сәулетімен ғана емес, ең алдымен, тұрғындарының мәдени, кәсіби, азаматтық және патриоттық деңгейімен де айқындалатынын үнемі еске салып отырады. Осы орайда аға ұрпақ өкілдерінің атына жылы лебізімді білдіргім келеді. Олар жасы ұлғайғанына, сіңірген еңбегіне, жеткен мәртебелеріне және Алматыға әбден бауыр басып қалғанына қарамастан, Ақмолаға тіршілік ету үшін ғана емес, сондай-ақ жұмыс істеу үшін де алғашқы лекпен бірге көшіп келді. Қаратай Тұрысов, Мырзатай Жолдасбеков, Әбіш Кекілбаев, Өмірбек Бәйгелді, Кенжеғали Сағадиев, Жабайхан Әбділдин, Иван Щеголихин, Кәкімбек Салықов, Фариза Оңғарсынова, Зинаида Федотова, Ақселеу Сейдімбек, Әкім Тарази… Мен тек ең танымал тұлғалардың ғана аттарын атап отырмын. Әйтпесе мұндай ардақты азаматтар жүздеп, мыңдап саналады.
Елбасының дәуірлік бастамасына қолдау көрсетіп, өзінің және ұрпақтарының өмірін жаңа астанамен байланыстыру үшін, мемлекеттің көмегіне жүгінбей-ақ, өз күшімен Ақмолаға көшіп келіп, қала шетіндегі қарапайым үйлерге қоныстанған аға ұрпақ өкілдерінің ерлікке барабар көптеген істері жөнінде жақсы білемін.
Астана әртүрлі жастағы және әр өңірден келген адамдардың бастарын қосып, оларды біртұтас қауымға айналдырды. Осы жылдар ішінде «оңтүстіктің адамы» және «солтүстіктің адамы» деген сияқты қаншама қисынсыз ұғымдар жоққа шығарылды. Соңғы 20 жылда ортақ үйіміз – жаңа елордада тату-тәтті тұрып жатқан біздің кең-байтақ еліміз өңірлерінің өкілдері осы кезең ішінде бір-бірі туралы, төл мәдени дәстүрлері туралы қаншама тамаша жаңалықтарға қанық болды десеңізші. Осылайша елорданың көшірілуі көп жағдайда сананы тар ауқымда ойлаудан арылтты. Бұл жөнінде Президент өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Әрине туған жердің тарихын білген және оны мақтан еткен дұрыс. Бірақ одан да маңыздырақ мәселені – өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте болмайды», – деп нақты атап көрсеткен болатын.
Өсіп-өркендеген және заманауи жаңа елордамыз – инфрақұрылымы дамыған жай әкімшілік орталық қана емес. Ол – қалалар рөлінің трансформациялану дәуіріндегі бүкіл елдің орнықты дамуының құралына айналып отырған жаңа тұрпатты мегаполистің үлгісі. Болашағымыз Астана сияқты қалаларға тиесілі.
Өткен 20 жылдың ішінде елорда тұрғындарының саны үш еседен аса өсті. Қала еліміздегі өңірлік жалпы өнімнің өсімі бойынша бірінші орын иеленіп отыр. 2015 жылдан бастап Астана республикалық бюджеттің доноры болып саналады. Елорданың заманауи білім беру және медицина клас­терлері тиімді жұмыс істеуде. Бүгінде Қазақстанның астанасы елімізде және шетелдерде мойындалған мәдени және ғылыми-зерттеу орталығына айналды.
Мемлекет басшысының қаңтар айындағы Жолдауында атап көрсетілген «Ақылды ұлт» үшін «Ақылды қала» салу жөніндегі тапсырмаларды жүзеге асыру ісі толық қарқынмен жүргізілуде. Астана қазірдің өзінде қалаларды басқарудың жаңа ұстанымдары мен прогрессивті қағидаттарын көрсетіп отыр. Оның инновациялық технологияларды пайдалану тәжірибесі мен өмір сүру стандарттары тек өз еліміздің өңірлерін дамыту үшін ғана емес, сонымен бірге шетелдер үшін де ынталандырушы әрі үлгі болып саналады.
Өткен жылы Қазақстанның елордасында халықаралық ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесінің өткізілуі – осы сөзіміздің айқын дәлелі. «Болашақтың энергиясы» тақырыбына арналып, ТМД мен Шығыс Еуропа елдері арасында алғаш рет ұйымдастырылған көрмеге 150-ге тарта ел, халықаралық ұйымдар мен трансұлттық корпорациялар қатысып, өздерінің «жасыл» энергетика саласындағы ең жаңа әзірлемелері мен технологияларын ұсынды. Көрме жұмыс істеген 3 айда 4 миллионға жуық адам келді. Олардың 600 мыңнан астамы әлемнің 187 елінен келген шетелдік туристер болды.
Нұрсұлтан Назарбаев көрмені қорытындылай келе, «ЭКСПО»-ның өткізілуі жаһандық кеңістікте елімізді және «Қазақстан» ұлттық брендін ілгерілете түсу үшін жаңа белес болғанын атап өтті.
Қазақстанның елордасы «National Geographic» журналының тұжырымдамасы бойынша «Болашақтың қаласы» сыйлығының номинанты болды. «New York Times» газеті біздің елімізді міндетті түрде келіп-кетуге лайықты орындардың тізіміне қос­ты.
Астана бізді түбегейлі өзгертті. «Астана» деп аталатын ғасыр жобасы бүкіл әлемге Ұлы Дала халқының қабілеті қандай екенін көрсетті. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың елорданы Алматыдан Қазақстанның орталығына, яғни Еуразия құрлығының кіндігіне көшіру жөніндегі шешімі жас тәуелсіз мемлекетіміздің болашаққа қарай эволюциялық ұмтылысының геосаяси, әлеу­меттік-экономикалық және мәдени негізі болды.

«Егемен Қазақстан»
05.07.2018 жыл

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button